Рамазан айында түндердің төресі болған, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайтын Қадір түні маусымның 11-нен 12-не қараған түні кіреді.
Нақты бір күнді белгіленгенмен, Рамазан айының соңғы 10 күнінің тақ күндерінен де (5.7.9.) күткен абзал.
«Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің ішінен іздеңдер.»(Мүслим)
«Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінің тақ түндерінен немесе Рамазанның соңғы түнінен іздеңдер. Сауабын ойлап Қадір түнін ғибадатпен өткізген адамның күнәлары кешіріледі.» (И. Ахмед)
«Қадір түні Рамазанның 27-ші түні» (Әбу Дауд)
Бұл – сауаптар еселеніп жазылатын ерекше, қасиетті түн. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Ал, бұл түнді жіберіп алған кісі көп нәрседен мақұрым қалады дейді ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны» (Ан-Насаи). Абдулла ибн Аббастың (р.а.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады», – деген. (Лаухул махфуз).
Қадір түнінде оқылытын Қадыр сүресі:
Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр. Қадір сүренің қазақша мағынасы былай болып келеді: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез-келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады».
«Қадір түнінде бір рет Қадір сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түні қой сауымындай уақыт намаз оқу, ғибадат ету, бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық». (Тәфсири муғни)