Алла Тағала Құранды 14 ғасыр бұрын түсірсе де оның мазмұнында ашылып жатқан жан-жақты ғылыми жаңалықтар толастар емес.
Құранның кереметтілігі сонша оны оқып, зерттеген әрбір жан алдымен жүрегіне жұбаныш тапса, кейін иләһи түрлі сырдың ашылуына себепкер болады. Бұған қоса Құран мұсылманның тілінде күніне 5 уақыт намазда 32 ракағатта қайталанып оқылғанымен адамды еш жалықтырмайды екен.
Одан басқа да мұғжизаларға толы Құран адамзаттың игілігі үшін қасиетті қадыр түні түскен болатын. Бұл жайында белгілі сахаба Ибн Аббас былай деген: «Рамазан айының қадыр түні Құран толықтай болып Алла тарапынан көкке түсірілді. Осылайша Жаратушы Тағала адамдарға қажеттілік туындаған жағдайларда белгілі аяттарды жер бетіне түсіріп отырған».
Сонымен қатар Ибн Дауд: «(Біз) Құранды қадыр түні түсірдік», деген аят түскенде оның толықтай болып бір сәтте түскенін білген едік» деген екен (ат-Табари тәпсірінен).
Демек, айлардың сұлтаны Рамазан болса оның ішіндегі ең ұлы күн қадір түні екені әу баста Құранда айтылып кеткен. Бұл «Қадыр» сүресінде: «Қадыр түні мың айдан да қайырлы», деп ескерілген. Ендеше осы аталған сүре мен қадыр түнінің байланысына біршама тоқталып кетелік.
Алла Тағала Құранда әрбір нәрсенің атын атап, түсін түстеп кетуі бекер емес екенін ғалымдар алға тартады. Сол секілді қадыр түнінің қасиеттілігі мен ұлықтығы сонша ол туралы толық сүре атауымен түскен. Ол сүреде қадыр түні барлық 5 аятта ескерілген әрі сол аяттарда 5 ұлы іспен байланыстыра айтылған. Олар:
- Құран Кәрімнің түсуі.
- Қадыр түні мың айдан да артықтығы.
- Періштелердің көктен жерге түсуі.
- Ол түні Алланың әмірі жүзеге асатыны.
- Ол түні таң атқанға дейін жалғасатыны.
Енді, «Қадыр» сүресінің жалпы мазмұнына келейік. «Қадыр» сүресі 30 сөзден тұрады. Бұл Құран Кәрімнің 114 сүресінің жиындығы яғни, 30 параға сәйкес келеді. Сонымен қатар сүреде қадыр түнін меңзейтін «هِيَ» – «Ол» есімдігі реттік сан бойынша 27-ші сөз болып тұр. Бұл қадыр түні Рамазан айының соңғы он әрі тақ күндері болатындығына ишарат болса керек.
Бұған қоса «Қадыр» сөзі сүреде реттік сан бойынша 5,10,12 сөздерде ескерілген. Егер осы сандарды бір біріне қосар болсақ жоғарыдағы 27 саны шығады. Яғни, 5+10+12=27. Ал, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шешімі бойынша жылда елімізде қадыр түні айдың 27-ші жұлдызында атап өтетінін ескерсек, жоғарыдағы 27 санына сәйкес келеді екен. Әрине, Алла анығын білуші!
Бұл қасиетті түн мың айдан да артық дедік. Алла Тағаланың кеңшілігі сонша Ол пенделері үшін бір түнге созылған құлшылықтар мен ізгі амалдардың сауабын мың айдан да артық етіп береді екен. Егер осы мың айдың сағатын есептер болсақ онда 720,000 сағат, 43,200,000 секунд шығады. Демек, құлдарына деген мұндай кеңшілікті Алладан басқа ешкім бере алмасы анық. Сондықтан қадыр түнінің қасиетінен қапы қалмайық ағайын!
Жалғас АСХАТҰЛЫ – Дінтанушы