Көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов пен педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының сұхбатында Алла тарапынан түскен киелі кітаптардан тамыр алатын жалпыадамзаттық әдеп-қағидалар мен рухани құндылықтар әңгіме арқауына айналды.
─ Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген екен. Жалпы дүниежүзіндегі ұлыстардың басым бөлігіне ортақ адамгершілікті насихаттайтын адами қағидалар ең бірінші кітаптан бастау алмай ма, қалай ойлайсыз?
─ Әлем халықтарының басым көпшілігіне ортақ байырғы тыйымдар мен бүгінгі заманауи әдеп-қағидалар жүйесінің қалыптасу тарихына тереңірек үңілсек, олардың қайнар көздерінің Алла тарапынан адамзатқа аманат етілген Құран Кәрім сынды киелі кітаптардан және сол кітаптарды өз іргетасына айналдырған жаһандық монотеистік діндерден тамыр тартатынына бірден көз жетеді. Өйткені, олай деуге негіз болатын дәйектер мен дәлелдер әлгі аталған дерек көздерінде жетіп артылады.
– Яғни, Алла тарапынан түскен киелі кітаптар бөліп-жаруға келмейтін бүкіл адамзатқа ортақ адами қасиеттердің жаршысы дейсіз ғой?
─ Әрине. Мысалы, əлемдегі ең байырғы монотеистік діндердің бірі əрі еврей халқының ұлттық жəне этикалық дүниетанымының негізін құрайтын иудаизм дінінің іргетасы Тəуратта тыйым салынған күнәлардың ішінде мешкейлік, ашкөздік, сары уайымға салыну, ызақорлық, күншілдік, өркөкіректік секілді күнəлар ең алдымен аталады.
Сонымен қатар, аталмыш күнәлар таралу кеңістігі жағынан əлемдегі ең іргелі діндердің бірі саналатын христиан дінінің түпқазығы Інжілде де тұр. Сондықтан да Інжіл оған бас иетін халықтардың өмір сүру салты мен əдет-ғұрыптарының негізі ғана емес, сол халықтардың әдеп-ғұрыптары мен моральдық-этикалық қағидаларының іргетасы саналады. Бұл біріншіден.
Екіншіден, киелі кітаптар – Жаратқанның адамзатқа аманат еткен мызғымас ережелері мен əдеп қағидаларының ғана емес, Алланың адамзатқа өсиет еткен қатаң тыйымдар жүйесінің де бірегей қоймасы.
Үшіншіден, киелі кітаптарда Жаратқанның адамзатқа өсиет еткен əлгіндей тыйымдық ережелері мен әдеп-қағидалары адамдар тарапынан бұзылатын болса, оларды бұзған күнəһарлардың аяусыз жазаланатыны да сан мәрте ескертілген.
Төртіншіден, киелі кітаптарда адамзатқа өсиет етілген негізгі моральдық-этикалық ережелер мен əдеп қағидаларының жүйесі Жаратқаннан Мұса Пайғамбарға (ғ.с.) түскен Тəуратта да, Иса Пайғамбарға (ғ.с.) түскен Інжілде де, Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) түскен Құран Кəрімде де бір-біріне өте ұқсас келеді.
Киелі кітаптарда тілге тиек болған əлгіндей тыйымдар мен күнəһарлардың есте жоқ ескі замандарда ғана емес, күні бүгінге дейін, тіпті, өзіміз өмір сүріп отырған əлеуметтік ортада да әлі үзілмей келе жатқаны белгілі.
Ол ол ма, нəпсісін тізгіндеудің орнына мемлекет заңдарымен қатаң тыйым салынған жемқорлық іс-əрекеттерге баратын қылмыскерлердің сотталып жатқанына қарамастан, ондай алаяқтардың əсіресе, мемлеттік билікте отырған лауазымдылардың арасынан жиі-жиі бой көрсетіп жатқаны өте өкінішті.
─ Дәл бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда, адами құндылықтардың әлсіреп, азғындықтың күш ала бастаған тұсында адамзатты дұрыс жолға бастайтын бірден-бір темірқазық сіз айтып отырған киелі кітаптар емес пе?
─ Әрине, «айтылмаса сөз жетім» демекші, Құранда да, Інжілде де Адам ата мен Хауа ананың Алланың қатал тыйымын бұзып, алма дарағынан шайтанның азғыруымен дəм татып, кешірілмес күнəға батқаны да, артынша, сол күнəларының өтеуі ретінде олардың Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылғаны да жайдан-жай жазылмағаны анық.
Өйткені киелі кітаптардың бəрінде де, оның ішінде, Құранның өн бойында да, Алланың ұлы есепші екені жəне Жаратқанның назарынан адамзаттың жақсы амалдарымен қатар, жасаған күнəсінің ешбірі де тыс қалмайтыны сан мəрте екертілген.
Ендеше, дəл осы тұста жоғарыда аталған киелі кітаптардың жаһандық монотеистік үшбу діннің іргетасы ғана емес, сонымен қатар олардың жер бетіндегі адамзаттың басым көпшілігіне Жаратқанның Иса, Мұса жəне Мұхаммед пайғамбарлар арқылы аманат етілген моральдық-этикалық, діни, азаматтық, саяси жəне құқықтық əдеп нормалары мен ақыл-ой парасатының киелі сандығы екенін де айту парыз.
Демек, бұл тұрғыдан келгенде, сəт сайын өзгеріп жатқан, аумалы-төкпелі мына заманда Алла тыйымдарын өрескел бұзып отырған адамзаттың әй дейтін ажасы да, қой дейтін қожасы да, яғни мəңгі-бақи рухани діңгегі де сол Құран кәрімдегі Алла ілімі десек, артық айтқандық емес.
─ «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған ұлы ойшыл Абай атамыздың шығармаларының өзі халқымызды Құдай мен Құранды құрметтеуге шақырмай ма?
─ Алла мен Киелі Құранды шексіз сүйген хәкім Абайдың поэтикалық жолдарының толық нұсқасын оқырман қауымның назарына қайта ұсынуды парыз деп санаймын:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нəби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермейді.
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Адам нəпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тəтті.
Адамзаттың бəрін сүй бауырым деп,
Жəне хақ жолы осы деп əділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл….
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ-хақтың досы.
Осыларды бұзатын жəне үш іс бар:
Пайда, мақтан, əуесқой – онан шошы.
Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық – иманымыз.
Пайда, мақтан, əуесқой – шайтан ісі,
Кəні біздің нəпсіні тыйғанымыз?
Мүмин болсаң, əуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол»
Қазақ халқының данышпан абызы Абайдың киелі кітаптардың қыр-сырын терең түйсінгендігі жоғарғы шумақтармен ғана шектелмейді, тағылымы мен ғибраты мол ондай құндылықтар ақиық ақынның өзге поэтикалық туындыларынан да, қара сөздерінен де менмұндалап тұр. Олардың ішінде өз ұлтымыздың кем-кетігін түзетуге бағытталған әдеп қағидалары да, терең мәнді тыйымдар тізбегі де, көкейге тоқып алатын ескертпелер де тұнып тұр әрі бұл пайымның өміршеңдігіне данышпан абыздың төменгі шумақтары нақты дәлел:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек…
…Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға…
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз…
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз…
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз…
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз…
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл…»
Осы тұста сөз қадірін білетін дана халқымыздың «Өнер алды – қызыл тіл» дейтін даналығының қайнар көзі де киелі кітаптардан бастау алатынын еске салғым келеді. Өйткені бұл пайымның нақты дәлелі Інжіл шәрифтің бастапқы жолындағы: “В начале было Слово, и Слово было с Богом, и Слово есть Бог” деген тұғырнамада тайға таңба басқандай, айқын көрініп тұр.
Демек, хәкім Абайдың:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас”,
– деген поэтикалық жолдарының іргетасы да жоғарыда аталған киелі кітаптар екені еш күмән тудырмайды.
─ Кейінгі кезде «Құранның түпнұсқа тілі – араб тілі. Сондықтан да бұл Киелі Кітап тек арабтарға ғана бағышталған» деушілер төбе көрсете бастады. Бұл туралы не айтар едіңіз?
─ Олардың көздегені – мұсылмандардың қасиетті діні мен киелі кітабы Құранға, Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) күйе жағып, әлеуметтік желілер арқылы мемлекетіміздің мұсылман қауымын Алла ілімінен ажыратып, елдің рухани діңгегі мен бірлігіне сызат түсіру. Алайда, мұндай арам пиғылдағылардың көксегендері бола қоймасы анық. Өйткені, бұлай түйіндеуге негіз болатын іргелі себептер бар.
Біріншіден, Құран – тек араб халқына ғана емес, Алланың күллі адамзат баласына өсиет еткен өміршең ілімі. Сондықтан да бұл ілімді тек мұсылмандар ғана емес, өзге діни конфессиялардың өкілдері де тең құрметтейді.
Екіншіден, ұлтына қарамастан, киелі Құранды әлемнің ғұлама ақын-жазушылары да, озық ойлы ғалымдары да зор құрмет тұтады. Олардың ішінде тек неміс халқының ғана емес, күллі әлемнің ғұлама ақыны саналатын Иоган Вольфганг фон Гете де, орыс халқының ұлы ақындары А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И.А. Бунин де, сондай-ақ, әлемнің ең ұлы жазушыларының бірі саналатын Л.Н. Толстой да терең құрметтеген.
Үшіншіден, Алла ілімі де, Ислам тарихы да, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір жолы да әлем ғалымдарының назарынан еш уақытта тыс қалмаған, терең зерттелген және іргелі ғылыми жұмыстарға өзек болған.
Мәселен, әйгілі ағылшын ғалымы, дін тарихшысы Карен Армстроңның Құдай тарихы мен Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) биографиясына бағышталған ғылыми еңбектері әлемнің 40 тіліне аударылған [Karen Armstrong: “Muhammad. A Biography of the Prophet”, (1991); “A History of God” (1993)].
─ Тағылымды да тартымды, рухани әңгімеңізге рахмет!