Шетелдік кәсіпкерлерді бопсалап, халықаралық террористік ұйымның идеологиясын қолдаған Таиржан Амурлаев пен Қудрят Рахидинов абақтыда18 жылға жуық уақыт болды. Оларды таныстары қылмысқа тартқанда мектепті енді бітірген жаста еді.
Буквализмге негізделген идеологияға сенді. Көрші мемлекеттің саясатына қарсы шығып, екі кәсіпкерді өлтірді. Заңсыз тапқан қаржыны сырттағы лаңкестерге жіберді. Қолын қанға салған басты қылмыскерлер әлі абақтыда. Ал, Таиржан мен Қудряттың бостандыққа шыққанына көп болмады. Қазір екеуі кәсіп ашып, жастарды псевдоуағызшыларға сенбеуге шақырады. Мешіттегі имамдардан білім алуға үндейді.