Қазақстанда Халил деген есіммен белгілі Абдул Жаппар Абдулхалил Пәкістаннан келіп, еліміздің батыс өңірінде болғаны белгілі. Ол 2007 жылы Арабияға кетіп, қайта оралмаған. Бірақ Е. Ахатов онымен ұялы байланыс арқылы сөйлесіп отырған. «Дінсіздер мен кәпірлерге соғыс жариялаймыз, әр мұсылман жиһадқа өз мүлкімен қатысуға міндетті» деген Ахатов бейне- ролик түсіріп, Халилге жіберген. Халил оған: «Мемлекет басшысы көтеріліске шық деген жоқ немесе елдеріңде сендерге қысым жасалып жатқан жоқ. Сондықтан Қазақстанда жиһад жасамаңдар» деп бұйрық берген. Бірақ оны тыңдамаған Е. Ахатов өзі шешім алып, жақтастарын жарылыс жасауға, адамдарды өлтіруге, мемлекет меншігіндегі мүлік пен ғимараттарды қиратуға саналы түрде үгіт- насихат жүргізген. Ол 2007-2008 жылдары Египетте ресми емес діни оқу орнында бірге оқыған Дәурен Алдамжаровты топқа тартқан. Қазақстанда жарылыс жасауды жоспарлаған «Ли» экстремистік ұйымы Атырау қаласында теракт жасау үстінде қолға түскені белгілі. «Ли» ұсталған соң Дәурен Египетке қашып кеткен. Оның жиһадқа берілгені соншалықты, үйін сатып, 2 млн. теңгені топ басшысына қалдырып кеткен. Жалпы, топ мүшелері 15 мың теңге ақша тапса, оның 5 мыңын отбасына беріп, 10 мыңды ортақ кассаға салып отырған. Жинаған ақшаны жарылыс жасауға қажетті нәрселерге ғана жұмсаған. Қаржының тең жартысы заңсыз қару- жарақ дайындауға кеткен. Топ мүшелері барлық мәліметті, соның ішінде Орал қаласында террорлық акті дайындалып жатқанын құпия ұстаған. Терроризмді және қарулы жиһадты уағыздап, осы бағыттағы басылымдарды көбейтіп, таратып, ғаламтор арқылы басқа жерлермен хабар алып отырған. Олар бір үйде бір күннен артық түнемеген, телефон нөмірін жиі ауыстырып, есімдерін жасырын ұстап, бір- бірін «Карлик», «Голова» т.б. деп атаған. Қолға түскен олардан 10 схрон, 2 блиндаж тәркіленді. Жарылыстан соң бой тасалау үшін қала сыртынан қазған блиндаждарына азық- түлік, газ плитасы, дәрі- дәрмек, құрал-сайман, байланыс құралдарын толтырып қойған.
Қасиетті ислам діні атын жамылған теріс ағымдардың экстремистік іс-әрекеттерінен туындаған халықаралық лаңкестік салдарынан бүгінде жазықсыз адамдар ажал құшуда. Еліміз бойынша 150-ден астам адам осындай соғысқа қатысу үшін шетелге жиһадқа кетіп қалғаны белгілі. Жиһад деген сұраққа бүгінгі көзі ашық кез келген адам «Жиһад – ең алдымен өз нәпсіңмен күресу» деп жауап берері анық. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының бас маманы, теолог Мақсат Раманқұлов былай дейді: « Қасиетті Құран Кәрімде жиһад сөзі 35 жерде айтылады, бірақ 4 жерде ғана соғыс мағынасы берілген. Исламдағы жиһад- мемлекетке басқа ел басып кірсе, қауіп төндірсе, қорғану үшін жиһад жасау әр мұсылман баласына парыз деген. Пайғамбар өз заманында өзінің бастауынсыз (яғни, басшының рұқсатынсыз)мүшріктермен соғысайық дегендерге тыйым салған. Күпірлік жиһад жасаудың негізгі себебі болып табылмайды. Пайғамбардың кезінде де басқа дінді ұстанатындар (христиандар т.б.) өмір сүрді, олармен ешкім соғысып, мәжбүрлеп дінге кіргізген жоқ. Керісінше, Пайғамбарымыз: «Кімде- кім зиммиге (мұсылман мемлекетінде тұратын өзге діндегі адам) жәбір көрсетсе, онымен қияметте өзім есептесемін» деген. Бақара сүресінің 256-аятында «дінге зорлық жоқ» делінген. Жиһадқа қатысамын деп лаңкестік жасаушылардың ең басты қателігі – Құрандағы соғысқа қатысты аятты үзіп-жұлып, толыққанды түсінбей, шетелде отырған дін бұзушылардың әлеуметтік-экономикалық саясатының қолшоқпары болуында жатыр. «Кәпірлермен күресуіміз керек, оларды қырып, мұсылман жасауымыз керек» – дейді олар. Құрандағы мұмтәхина деген сүренің 8-ші аятында: « Аллах дін жайында сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығарылмағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды» делінген. Қате түсінікпен уланған адасушы топтар хиджра деген терминді дұрыс түсінбейді. Ол дін үшін көшіп кету дегенді білдіреді. Мемлекет мешітті талқандап, азаматтарын намаз оқығаны үшін түрмеге қамаса ғана дінді, өзіңді сақтап қалу үшін басқа жаққа көшіп кетуге рұқсат бар. Қазақстан керісінше зайырлы мемлекет, елімізде адам құқығын бұзу заңмен қудаланады. Ал олардың хиджрасы Сирияға, соғыс болып жатқан басқа мемлекеттерге кету. Бұған адамдардың діни дұрыс бағытты мешіттен алмай, ғаламтор немесе таныстары арқылы шала-шарпы, жүрдім-бардым үйренуі себеп болуда. Құранның қағидасы бойынша «Кімде -кім біреуді жазықсыз өлтіретін болса, ол барлық адамды өтіргенмен бірдей». Жиһад жасау, өзін- өзі жару сырттағы бір белгілі топтардың мақсат- мүддесін орындау. Өзін- өзі өлтіру, жару әрекетін ислам ғұламалары бірауыздан харам дейді».
Теологтың айтуынша, Е. Ахатов бүгінде Маңғыстау облысындағы 69-шы колонияда жазасын өтеуде. Орал қаласындағы РУ- 170/2 мекемесінде экстремизм мен терроризмге байланысты сотталған 10 адам отыр. Бұдан үш жыл бұрын түрмеде діни жағдай қиын болған. Басқа қылмыспен сотталғандар да түрмедегі сәләфилердің ықпалына түсіп, олардың қатарын толықтырған. Бүгінде аталмыш мекемеде 500-ден астам жазасын өтеуші бар. Оның 20-сы дәстүрлі исламды ұстанушылар. Қалғандары сәләфилерге еріп кетпеу үшін мекемеге Нұр-Мүбәрак ислам университетін бітірген, бұрын шекарада әскери борышын өтеген, бүгінде ҚР Ішкі істер министрлігінің академиясын бітірген маман жедел аға уәкіл болып қызметке алынған.
– Абақтыда апта сайын 2-3 сағат бойы дәріс оқимын. Сотталушылармен сөйлесемін. Дәстүрлі ислам, ұлт құндылықтары туралы түсіндіргенімде, олар көздеріне жас алып: «Бізге ешкім бұған дейін дінді дұрыстап түсіндірген жоқ. Біз енді дәстүрлі Ханафи мазхабынан айнымаймыз»деп дұрыс жолға түсуде, – дейді М. Раманқұлов.
Қысқасы, жүргізілген нәтижелі жұмыстың арқасында абақтыдағылар өздерінің адасқандарын түсініп, тәубеге келіп, отбасына, дәстүрлі исламға оралуда. Үш жыл бойы Оралдың түрмесінде діни сауатсыздықпен күресіп жүрген теолог Мақсат Раманқұловты басқа облыстағы әріптестері арнайы келіп, тәжірибе алуда. Басқа облыстағы түрмелерде дінге көнбей, теріс бағыттағы көзқарасынан айнымай отырған сотталушыларды Оралдағы РУ-170/2 мекемесіне ауыстырып жатқан көрінеді. М. Раманқұловтың жұмыс тәжірибесін басқа облыстағы жазасын өтеу мекемелеріне тарату керектігі айтылуда.
Ахатовтың тобында болғандардың бірі – Ренат Тілеубаев 6 жылға сотталған. Кезінде анасына тумалары «Балаң сақал қойды, дұрыс жолда жүрмеген сияқты» деп ескертіпті. Бірақ намаз оқып жүрген соң бөтен ойы болмас деп ойлаған ана бүгінде «Ұяттан тірілей өліп отырмын» дейді. «Егер балам жарылыс жасағанда не болар еді? Нақақ кісі өлімі болса, ана үшін одан өткен масқара жоқ қой» дейді көз жасын көлдеткен ол. Анасы кішкентай немерелерінің орамал тартуына қарсы болыпты. Бірақ ұл-келіні тыңдамаған. Ренаттың әйелі Гүлмира Баймағанбетова алдағы өмірінің қалай өрбитінін білмейді. «Балалар үшін қатты қайғырамын, түрмеде отырған әкесін сұрайды, сағынады… Бәрін іште сақтайсың, 5 баламен өте қиын» деп жылайды. Оның айтуынша, кішкентай қызы мектепке орамалмен барады екен. Бірақ мектеп рұқсат етпегендіктен, мектепке кірерде шешіп алып, шыққан соң қайта тартатын көрінеді. «Уақыт келгенде мұсылманшылықты толық үйренеді, бүгінгі орамал тарту соған әзірлік қана» – дейді Гүлмира. Олар ешкіммен араласпайды, бес бала қоғамнан бөлініп, томаға- тұйық өмір сүруде. Бастысы – әкелері Ренаттың түрмеден түзеліп, дәстүрлі исламды ұстанып, отбасы құндылықтарын түсініп шығатыны қуанышты. Олар өз қателіктерін түсінген. Темір тордың ар жағында отырып, жастарға: «Жат ағымға ілеспеңдер! Ата-аналарыңды сыйлаңдар! Отаныңды сатпаңдар!» – дейді. Және ең бастысы – «Сәләфи, таблиғи, тәкпіршілер санатында адасып жүрген азаматтарға түсіндіріп айтыңдар!» – деп сырттан барғандарға қатты өтінеді.
Ақгүл Қарасаева,
мамандандырылған соттың төрайымы:
– Сотта қылмыстық ісі қаралған 8 жігіттің кейбірі өз кінәсін мойындағысы келмеді. Алайда Ернұр Ахатовтардың топ құрғаны, террорлық әрекетті қаржыландыруға қатысты қылмыстық істері толық анықталды. Бұл абайсызда жасалған қылмыс емес, ұйымдасып, әзірленген қылмыс. Егер олар ойға алған мақсатына жеткен болса, қандай жағдай болатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Болғалы тұрған қылмыс уақытында әшкереленіп, тоқтатылды.
Ренат Тілеубаев, жазасын өтеуші:
– Бізге ислам діні туралы қате түсінік беріп соңына ерткен адамдар «имамды тыңдамаңдар» – деді. «Полиция, ұлттық қауіпсіздік комитеті мұсылманды қинайды, түрмеге жауып, қорлық көрсетеді, түрмеде шірітеді» деп бізді қорқытты. Менің әкем болған жоқ, әлпештеп өсірген анамды жақсы көремін. «Жәннат ананың аяғының астында» деген. Ата-анаға деген махаббатты өз балаң болғанда түсінеді екенсің. Осындай іске барғаныма, ашық күнде адасқаныма қатты өкінемін. Балаларымды өзім тәрбиелей алмағаныма, құшақтап сүйе алмағаныма қиналамын. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген. Бармақ тістеп қалдым. Иншалла, бостандыққа мүлде басқа адам болып шығамын.
Ұлдай САРИЕВА ,
«Орал өңірі» газетінің
меншікті тілшісі
Редакциядан: Мақала БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының тілегімен және орталық ұсынған «Жат ағыммен арбалғандар» атты деректі фильмнің желісімен жазылды.