Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Публицист-жазушы,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы
Атырау филиалының басшысы
Дін мен дәстүр сабақтастығы бірлік пен ынтымақтың негізі
Жақында «Түркістан» газетінен республикамыздың бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының газет тілшісімен сұхбатын оқыдық. Онда бүгінгі діннің мәні мен оның қоғамдағы орны жайлы айтылған екен. Әңгіме өте тұшымды. Мәселені баяғыдан бері күл-бүлтесіз, адам басын қатырмай осылай айту керек еді. Өйткені кеңес үкіметі жетпіс жыл бойы халықты діннен бөлектегенмен бәрібір адамдар санасында діннің сүзгіден, яғни сана сүзгісінен өткен адами, имандылық тұрпаттағы қағидалары қалған еді. Соған сай ол да коммунистік мораль кодекстері сияқты идеологиялық нұсқа ретінде қоғамда жұмыс істеді. Ал сондай халықтық дәстүрмен астасып, жеке бастың қағидатына айналған дінді тәуелсіздік жылдарында кейбір адамдардың өңін өзгертіп, тұрпайы, ең бастысы адамдарды бір-біріне қарсы қойып алғанымыз өкінішті. Былайша айтқанда дін саяси күрес, пікір қайшылығына айналды.
Бұл бір жағынан біздің отбасымызда дәстүрлі дінді жүрекпен қалап, дұрыс ұстамайтындығымызды білдіреді. Жастар отбасы тәрбиесінен алшақтап, көшедегі саясиланған әсіре дін ықпалына ілесіп кетті. Ал бұндай негізсіздік дәстүрлі дінді жоққа шығарады. Осыдан келіп ұдайы бірлікте болуы керек дін мен дәстүр, халық арасына сына қағылады. Мемлекет іргесінің шайқалуы деген осы. Бұл бір жағынан халық пен дін иелерінің байланысы нашар деген сөз, бұқараның дінсізденуінен туған ахуал. Сондықтан қашан да адамдар арасында әйтеуір бір идеология болған ғой. Ал дін идеологиясы адамдарды бәсеңдікке, қарапайымдылыққа тәрбиеледі, яғни адамдық нормадан аспай өсуіне негіз қалады. Біз отбасында баланы осылай тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін қайталап айтсақ, дін иесі халықтан бөлектенбей, бүйректен сирақ шығармайтын жергілікті тұрғындардың дәстүрімен сабақтас жұмыс істеуі керек. Сонда бірлік, ынтымақ, қанағат сезімі туады, мемлекет іргесі берік болады. Тұтастық дегеніміз де осы, адамдар алаңсыз бақуатты өмір сүреді.
Біздің аталған сұхбатты оқығаннан кейін түйгеніміз осы және өмірде де солай болуы керек.
Кенжеғали АБАТ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
мемлекеттік қызметтің ардагері,
ұлттық салт-дәстүр туралы
«Асыл мұра» кітабының авторы
Білімді мыңды жығады
Бас Мүфтидің жиһад жөніндегі журналистерге берген сұқбаты бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғаған екен. Алдымен «Дін мен дәстүр жолы» жобасы біздің еліміз үшін өте маңызды. Себебі ислам діні имандылықтың бастауы болса, ұлттық салт-дәстүрлеріміз де халық тағылымының қайнар көзі, ұлылық пен кішіліктің нәр алар тамыры, өркениет пен мәдениеттің бастауы болып табылады. Исламның қазақ даласына тез тарауы, халық жүрегінен берік орын алуы, оның сол ұлттық дәстүрімізге, қазағымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дала заңына сай келуінен болып табылады.
Ғасырлар үзігіндей болып бізге жеткен небір ғажап әдет ғұрпымызды ұлығылау діни санамызды жетілдіруге үлкен ықпал етеді деп ойлаймын.
Бас мүфтидің жиһад жөніндегі пікірі де көңілге ұялайды. Жиһадтың мағынасын кеңірек түсіндіру керек сияқты. Ал түсіндіру жұмыстары, Мүфти көтеріп отырған келесі мәселе – діни кадрлардың білімі және біліктілігімен тығыз байланысты. Ертеде ел арасына әртүрлі насихатшылар шығатын. Жаңалықтармен таныстыратын. Ел экономикасы, ішкі-сыртқы саясат, тәрбие, парасат, ізгілік туралы әңгіме өткізетін. Олардың білім, пайым, эрудициясынан тыңдаушылар ғибрат алатын. Қазіргі имам-молдалар да халық алдында үлкен беделге ие болуы үшін, соншалық білімді болуы керек. Олардың білімін көтеру, аттестаттау тек діни сауатымен ғана емес, жалпы дүние танымының кеңдігімен және өз ойын көпшілікке аз сөзбен, түсінікті етіп жеткізе алу қабілетімен бағалануы керек деп түсінемін.
Құттыгерей Жұматайұлы,
Республикалық “Мұнайлы Астана”
қоғамдық-саяси газетінің редакторы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Адасқан тағдырлар – СИРИЯДА
Жақында ғана жарияланған Күлпара Жұмағалидың «Бас мүфти: Ең үлкен жиһад − нәпсіңмен күрес» атты ҚМДБ-ның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлымен сұхбатын оқып, таныстық. Мақалада да дін тақырыбындағы өзекті жайттар сөз болған. Сұхбат беруші Бас мүфти журналисттің сауалдарына жауап бере отырып, елдегі діни ахуал тұрғысында әңгіме тиегін ағытқан.
Ал енді жастарымыздың дінге деген көзқарасына тоқталар болсақ. Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетуі тоқтар емес. Жуырда «Ұлт.kz» тауелсіз интернет-басылымында атыраулық тағы екі азаматтың Сирияға аттанғандығы туралы жарияланған еді. Интернет-басылымда жазылғандай, спорт шеберлері дәрежесіне дейін көтерілген өрімдей жастарымыз, жерлестеріміз Нұрлан МҰҚАНОВ пен Фархат ГИМРАНОВ қазан айында ұрысқа қатысу үшін Сирияға кеткен. Бұл ақпаратты облыстық құқық қорғау органдары да растаған.
Бұл күнде «Діннен адасыпты», «теріс ағымның құрсауында қалыпты» дегендер үйреншікті, күнде естіп жүрген сөздерге айналғандай. Ол былай тұрсын, Сириядағы соғыс алаңына аттаныпты дегенді де жиі еститін болдық. Олай дейтініміз, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 300 отандасымыздың соғысқа кеткендігін айтады. Олардың басым бөлігі әйел азаматтар екен.
Осындай әрекеттердің біздің елде көптеп орын алуына не себеп? Бұл діни түсінікті арттыру бағытында өткізіліп жатырған дәрістердің нәтижесінің ойдағыдай еместігін білдіреді ме? Бұл сұраққа Облыстық Дін істері басқармасы мамандары бұл жағдайды Қазақстандық азаматтардың, оның ішінде жат ағым мүшелерінің Сирия еліне кетуінің бірнеше себептері бар деп түсіндіреді. Біріншіден, діни идеология тұрғысында қателесіп, ақиреттік өмірді аңсаған азаматтарымыз соғыс арқылы Сирияда рахат табамыз деп ойлайды. Екіншіден, радикалды діни идеология мүшелерінің сенім негіздері қоршаған ортаға агрессия білдіру арқылы тәрбиеленген. Осы агрессия – басқа қоршаған ортада құмарлығы оянады. Үшіншіден, олардың барлығы интернет арқылы шетелдегі діни уағызшылардан сауат алған деп есептеймін. Сонымен қатар, олардың іс-әрекеттерінде шетелдік радикалды «шейхтардың» интернет желісі арқылы берілген тапсырмалары деп ойлаймын. Төртіншіден, бұлардың негізгі проблемалары – өздері діни сауатсыз болса да, облысымызға келген теологтардың, имамдардың уағыздарын тыңдамайды.Тіпті ата-ананың және зиялы қауым өкілдерінің сөздерін де тыңдамайды. Бесіншіден, тағы да біз білмейтін себептері болуы мүмкін.
Дегенмен де жастардың, жалпы елдің діни сауатын жақсарту бағытында жасалып жатырған жұмыстар да баршылық. Олай болмаса, Сирияға кеткен жастардың қатары тіптен көп болар ма еді? Бұл тұрғысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жас ұрпақтың сыртқы күштердің ықпалы мен арбауына кетуі мұсылман жамағатын өкіндіретіндігін баса айтқан. Ол өз кезегінде бала болашағына алаңдайтын ата-аналардың балаларының мұндай әрекеттерге баруына әсте жол бермеуі керек екендігін айтқан. Ержан қажы Малғажыұлының «Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «ахли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Кез келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі. Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад − діни сауатсыздықпен күрес» – деп бәрін анық жеткізе білген.
Бір ғана айтарымыз, діни сауатсыздықты болдырмау үшін жасалып жатырған жұмыстардың нәтижелі болуы керек, ата-ана мен қоғам болып, заңсыз әрекеттерге жол берілмеуін қадағалауымыз керек.
Қазақстан діні мен дәстүрін сақтаған мемлекет. Оның үстіне Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы діни басқармаға төраға болып келгелі бері дін мен дәстүрге ерекше назар аударылды. «Дін мен дәстүр жылы» жарияланып, бұл уақыттарда атқарылған жұмыстар аталмыш мақалада Бас мүфти өзі жақсы айтып өткен.