Көне Мысыр. Өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан мемлекет. Көпқұдайшылық пен кітап түскен діндер елі. Бұл ел перғауындардың билігін де көрген. Алланың досы – Ибраһимнің табаны тиген жер. Хақтың пайғамбарлары – Мұса мен Һарунның отаны.
Мысырдың байырғы халқы – қибт. Юсуф пайғамбар мен яхудилер қоныс тепті. Ал сахабалар келуімен арабтар да Мысырға келді. Міне, осылайша бұл көптеген билік жүйесі мен діни көзқарастарды көрген ел.
Омар халифаның дәуірі. Африкаға сахаба Амр бин Ас (р.а.) бастаған әскер табан тіреді. Ислам талабы бойынша ешбір дінге қысым көрсетілмейді. Әр адам сенім бостандығына ие. Өйткені, діннің түпкі мұраты рухани келісім табу.
Амр бин Ас (р.а.) Мысырдың әкімі етіп тағайындалған. Әкім барша мұсылман сиятындай мешіт салмақ болды. Құрылыс жүргізілетін жердің бір бұрышы діні христиан, ұлты қибт дәулетті әйелдің меншігі еді. Әйел: «Жер менің қамқорлығымдағы жетімдерге тиесілі. Оны сатпаймын», – деп үзілді-кесілді бас тартты. Әйелдің сөзінің жаны бар еді. Алайда, мешіт құрылысы үшін де ең қолайлы жер сол маңай болатын. Мұсылмандар жерді алудың амалын қарастыра бастады.
Христиан әйел шіркеудегі дін қызметкерлеріне шағымданады. Олар «Мәдина қаласында халифа Омарға бар. Шағымыңды оған айт», – деп кеңес береді. Әйел де бармақ боп шешті. Қызметкерін алып Мәдинаға келген соң, халифаны сұрастыра бастады.
Қарапайым киімде ешбір күзетсіз отырған халифаны көргенде әйел таң қалды.
– Сіз Омарсыз ба? – деп сұрады.
– Иә, – деді халифа.
– Мұсылмандар әміршісі сіз бе?
– Иә.
– Мен Мысырдан келіп тұрмын. Қызметкеріңіз Амр бин Ас үстінен шағымым бар, – деді.
Әйел болған оқиғаны баяндап берді. Халифа Омар парақ қағаз алды да бір ғана сөйлем жазды. Хатта: «Кисра патша бізден артық әділ емес. Тура жолмен жүргенге амандық болғай» деп жазылған еді. Әйелге: «Мына хатты Амрге бер», – деді.
Әйел хатты алып көшеге шықты. Хатты оқып: «Мыналар әбден басынған екен. Мені мазақ еткілері келеһ ме?» – деп ашуланды. «Жердің бір бұрышынан келіп отырмын. Маған бір жапырақ қағаз бергені несі?! Жұрт айтқан Омардың әділдігі қайда?!» – деп қағазды жерге атып ұрды.
Қызметкері лезде қағазды қойнына салып қойды. Осылайша әділдік іздеп барған әйел үміті үзіліп Мысырға кері қайтты. Шіркеу қызметкерлері әйелді көптен бері күтіп жүрген. Мұсылмандар әміршісі не жауап бергенін сұрап арнайы келді.
Әйел халифамен болған әңгімені айтып ызасын төкті. Дін қызметкерлері: «Қағаз қайда?» – деп еді, әйел: «Оны сол жерге тастап кеттім», – деді. «Қап-ай, неге өйттің? Оны жұртқа көрсетіп, «Мұсылмандар уәдесінде тұрмайды, әділдік деген жоқ» деп айтар едік», – десті. Әйелдің қызметкері: «Қағаз мінекей», – деп ұсынды. Шіркеу қызметкерлері хатты алып әкімге барды. Амр бин Ас не істер екен деп байқамақшы.
Әкім салтанатты түрде жаңа мешітке намаз оқуға келе жатты. Атынан түскен кезде шіркеу қызметкерлерінің үлкені жанына барып, мән-жайды айтып хатты ұсынды. Амр бин Ас: «Кисра патша бізден артық әділ емес. Тура жолмен жүргенге амандық болғай», – деген халифаның хатын оқыды. Әкімнің жүзі сарғайып, екі аяғы дірілдеп кетті. Жерге құлай жаздап, қабырғаға сүйеніп тұрып қалды.
Ол христиан әйелге: «Мешітке намаз оқу үшін келдім. Рұқсат берсең намаз оқып, артынан саған тиесілі жердегі мешіт бұрышын бұздырамын. Жоқ десең, қазір-ақ бұздыруға бұйрық берейін», – деді.
Діндарлар да, әйел де таң қалып: «Жо-жоқ, намазыңызды оқып алыңыз. Бірақ, Құдай үшін, айтыңызшы. Бұл бір жапырақ қағаздағы сөздер нені білдіреді?» – десті.
Әкім хаттың мағынасын түсіндіре бастады. Халифа Омар мұсылман болмай тұрып парсы еліне барған екен. Парсы патшасы туған күніне орай сарай алдында көптеген түндер қатарынан тойлатып жатқан көрінеді. Сол сарай жанынан сиырын айдап бір әйел өткенде тойды тоқтатады екен. Күндердің күні патша қонақтары алдында сиыры өтіп бара жатып жапасын тастап кетеді. Мұны көрген сарай күзетшілерінің бірі сиырды қылышпен шауып түсіреді. Сол сәтте патша ләм-мим демей күзетшінің басын алдырады.
Сонда Омар: «Бұл қарт әйел кім? Патша неге оған осыншама қошемет көрсетеді?» – деп сұрайды. Адамдар: «Бұл әйел сарайдың артындағы жердің иесі еді. Малын сол жерге жаятын. Патша сарайды кеңейтпек болып, әйелдің жерін сұрайды. Оның орнына сарайдың қарсы бетіндегі шұрайлы бір жерді бермек болады. Сонда әйел: «Сарайдың алдынан малымды айдап өтуге тыйым саласыз деп қорқамын», – дейді. Кисра патша әйелге кедергі болған кез келген адамды жазалайтынын айтып уәдесін берген екен.
Демек, халифа Омар бұл бір ауыз сөзімен басқа дін өкіліне, өзге ұлт адамына зәредей зұлымдық істеген адамның жазасын өзі беретінін ескертуде. Әйелге тиесілі жерді өзіне қайтармайтын болса, Амрды қандай жаза күтіп тұрғанын толықтай түсінді. Мұнан кейін әкім әйелдің жерінде тұрған мешіттің бұрышын бұздырып, қайтарып берген екен.
Бүгінгі таңдағы БҰҰ сияқты беделді әлемдік ұйымдар насихаттап жүрген құндылықтар Исламның басты қағидаттары болып табылады. Ислам діні әділдікте адамды ұлтына немесе дініне қарап алаламайды.
Руслан ҚАМБАР