Сұрақ: Адамды өлтіретін Әзірейіл ме?
Жауап: Адамдардың басым бөлігі «Әзірейіл адамды өлтіреді» деп қате түсінуі мүмкін. Ислам сеніміне сәйкес «Өмірді, өлімді беретін Алла. Өлгеннен кейін, есеп-қисап үшін қайта тірілтетін де Алла». Әзірейіл періште тек дәнекер ғана.
Діни кітаптарда мынадай әңгіме келеді: Бір күні Әзірейіл періште Жаратушыға: «Мен өз міндетімді орындап, пенделердің жанын аламын. Олардың арасында Сенің сүйген құлдарың (пайғамбарлар, әулиелер) мен күнәһарлар бар. Адамдар мені осыдан жек көруде», деп мұңын төгіпті.
Сонда Алла: «Сен міндетіңді орындау үшін Мен олардың ажал құшуына түрлі себеп жаратамын. Осылайша адамдар ажалды сенен емес, сол себептерден көретін болады», деп әрбір өлім себепке байланғанын түсіндіреді (Әбу Нуғайм, Суюти).
Расында да, адам біреудің қайтыс болғанын естісе, дереу «неден қайтыс болыпты?» деп себебін сұрайды. Біреуі ауырып өледі, басқасы жол апатынан қайтады, үшіншісі қартайып дүние салады. Ал Әзірейіл сол жанды бір әлемнен екінші әлемге өткізетін дәнекер екен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ