Сұрақ: Исламға адамды күштеп немесе қорқытып кіргізуге бола ма?
Жауап: Бұған нақты жауапты Алла тағаланың мына аятынан көреміз: «Дінде күштеу жоқ» (Бақара: 256). Ислам тарихында да бұған мысалдар жетерлік. Солардың бірі ретінде Анас ибн Мәликтің мына риуаятын келтірсек болады:
«Мен Алланың елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге келе жатқан едім. Оның үстінде қатты, қалың нажранилық шапан болды. Бір кезде бізді бәдәуи қуып жетті де, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағасына жабысты, оның мойынын қатты қысқаны сонша, мен пайғамбардың мойнынан шапанның қып-қызыл ізін байқадым. Әлгі бәдәуи пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағасынан қысып тұрып: «Ей, Мұхаммед! Сендегі Алланың мүлкінен маған да беруін әмір ет!» – деді. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күлімдеп қарады да оған (мал) беруді бұйырды» (Бұһари, Мүслим).
Енді басқа риуаятта пайғамдардың (с.ғ.с.) қасында тұрған батыр Омар әлгі бәдауидің сазайын беру үшін қылышын қынабынан щығармақшы болады. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларды тоқтатты. Сөйтіп, әлгі бәдәуимен жылы сөйлесіп, керісінше оған сый-құрмет көрсеткені туралы айтылады.
Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай әдепті һәм көркем мәмілесінен соң әлгі адам Исламды қабылдайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ