Адамды өзгерткің келсе, онда оның көңіліне от қой! Сол кезде адамның санасы сіріңкемен мұнай теңізі жағылғандай болады екен. Осы уақытта адамның ішкі рухы қозғала бастайды. Себебі көңіл – «жан мен тәннің ортақ баласы». Пендені жаннан күш алған көңіл ғана биікке жеткізер.
Мұны Шәкәрім бабамыз былай деп сипаттайды:
Басында жан мен дене екi басқа,
Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.
Дене сауыт сықылды жанның орны,
Оған да күту керек бұзылмасқа.
Жан мен дене – қосылған ерлi-қатын‚
Екеуiнен туады көңiлiмiз.
Көңілге қалай от қоямыз? Абайдың «Әннің де естісі бар, есері бар» дегені, құлақтан кіріп бойды алатын сөздің, көңілді шартарапқа қиялдататын көрген нәрсенің, жалпы адамның бес сезім мүшесінің (иіс, көз, құлақ, сипау, дәм сезу) көңілді толқытатын күш-қуаты бар.
Адам баласын өзгертуде сөздің әсері сұмдық. Себебі сөз – Алладан басталады. Көңілдерді толқытпай тұра алмайды. Бірақ сөз тәннің қалауына негізделсе, нәпсің мен шайтаның оянады, ал жанды оятуға бағытталса, адамның болмысын оятпақ! Яғни, сөздің, жалпы мәдени танымның әсері осы жерде қақ айырылады (нәпсілік, жандық).
Енді ойлану керек, біз нені оятып жүрміз? Өйткені тән, нәпсі тойымсыз әрі онда ақыл мен сезім жоқ. Тек керек ете береді. Жанда, рухта, екі дүниеге тән сезім мен ақыл бар.
Ақылдың жанар-жағармайы, ол – көңіл. Себебі ақыл рационалды, суық. Соған қарамастан шексіз (Алла үшін шектеулі). Тек оған алдында жарық-сәуле мен қызығушылық қажет. Абайшы айтсақ: «Жүрек тербеп, оятар бастағы миды».
Көңіл үнемі қатты әсерге байлаулы. Мұны Шәкәрім: «Табиғат бiрде былай, бiрде олай, кетерi мәлiм емес әлдеқалай. Әкесi жан, шешесi дене болып, көңiлiмiз сол себептен екiталай» деп түсіндіреді.
Яғни көңіл іштегі тән мен жанның үздіксіз талап етіп, сұрауларынан тербеліп қозғалады. Ал оған адамның жаңағы айтқан сыртқы бес сезім мүшесінің әсері мол. Ойыңның ықпалы зор. Не ойласаң, соның тұтқыны болып ғұмыр кешесің.
Бұған да Шәкәрім былай дейді:
Кейде жақсыны iздеймiз, кейде жаман,
Көңiл неге қызықса – соған таман.
Дене жеңсе, түпсiзге қызығамыз,
Жан билесе, жаманнан қалмақ аман.
Жанға бағытталған көңілдің махаббат сарынымен сипатталуы, рухтың құшырланып ғашық болуына айналады. Ғашық адам ғашығын толықтай иемденуге ұмтылары хақ. Ол мүмкін Аллаға ғашықтық, не болмаса ғылымға, басқаға ғашықтық болар. Ол ғашықтық көңілді үнемі тербетіп тұрады. Тербелген көңілде тоқтау жоқ. Шеті жоқ.
Таным ләззатының адамға пайдасы да осы. Әр таным ләззатының тасасында ғылымның құпиясы жасырылып тұр. Бұ дүниеден өткен данышпандардың ілім, білімге өмір бойы тоймауы, ғылымды ашқан үстіне ашуы және ілімдерінің кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болуы да содан. Себебі ол данышпандардың рухы таным ләззатын сезініп, ақиқатқа ғашық болды. Көңілдері жүректерін өмірінің соңына дейін тербеп кетті.
Сондықтан тарихта даналар: «Ғашықтыққа жететін мұғалім жоқ» деген. Көңіл – адам ақылының кісенін шешетін құрал. Көңіл – ақиқат әлемінде адамды қалықтап ұшар құсқа айналдырады. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» (Абай).
Тарихшы Жарас Аханның
«КӨҢІЛ ІЛІМІ» тарихи-фәлсәфалық
еңбегінен үзінді