Сұрақ: Адамдарды көзінше мақтау күнә ме?
Жауап: Әсілі, мақтау айту дегеніміз бір адамды жақсы көріп, оның бойындағы ізгі қасиеттерге сүйсінгендіктен көмейден шығатын жылы лебіз.
Бір адамның шарапатын көріп, жылуарын сезініп, ол үшін оған рахмет айтылса, дініміз оны құба-құп көреді.
Әгәрәки, мақтау – сүйсінгендіктен емес, әсірелеп, шашбауын көтеру тұрғысында айтылса, онда бұл көз бояу, риякерлік әрекетке жатады.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жағымпазданып, шектен тыс мақтау айту біздің қоғамда қалыпты үрдіске айналып барады.
Ескі заманда мұндай жөнсіздікті ғұламалар дер кезінде даналығымен тиып отырған. Мысалы, Жағфар Бармаки атты уәзір халифа Харунды мадақтағанда шегінен асырып жіберетін еді. Ол бір күні даулы мәселеге куәгер болып келгенінде оған Имам Әбу Юсуп: «Сен кеше Харунның алдында өзіңді «құлыңыз» деп көрсететінсің. Бұл рас болса, құлдың куәлігі қабылданбайды. Ал, айтқаның өтірік болса, онда өтірікші адам даулы істе куәгер бола алмайды» деп, замандастарына жосықсыз көпшік қойып, шашбау көтерудің жөн еместігін ескерткен болатын.
Жалпы, мақтау айту шынайы болғанның өзінде, ол шариғат бекіткен шеңберден шықпауы керек. Себебі, мақтауды естіген жан масайрап шығуы ғажап емес. Тіпті, даңдасайсып, өзін өзгелерден жоғары санап, тәкәппарлыққа ұрынуы әбден мүмкін. Ал, тәкәппарлық – ең үлкен күнәға бастайтын психологиялық елітушілік саналады. Сондықтан, адамды әп-сәтте қалыпты күйінен теріс жаққа өзгертетін мұндай әрекет немесе қылықты дініміз қош көрмейді.
Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді» (Лұқман, 18) деп мақтануға тиым салған.
Хақ Елшісі (с.ғ.с) көз алдында бір адам келесі бір адамды көзінше мақтай жөнелгенінде: «Бауырыңызды пышақсыз іредіңіз» (Муслим, 2/227) деп, адамдарды көзбе-көз мақтауға тиым салған еді.
Тіпті, көзбе-көз біреуге мақтау айтылса, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Көзінше мақтау айтса, жүзіне топырақ шашыңыз» (Фәйзул-Қадир, 1/182) деп, үмбетін мақтаудың алдын алуға шақырған болатын.
Әзіреті Әбу Бәкір (р.а) мақтанудан сақсынып: «Уә Раббым! Сен мені өте жақсы білесің. Мен де өзгелерге қарағанда өзімді жақсы білемін. Уа Әлемдердің Жаратушысы! Халықтың менде бар деп ойлаған ізгілік пен парасаттылықты маған нәсіп ет. Менің жасаған, бірақ оны көпшілік білмеген күнәларымды ғафу ет. Мені мақтағанда, өзімді-өзім жақсы көріп, тәкәппарланудан сақтай көр!» деп жалбарынатын.
Расында, мақтау естігеннің бәрі өзін нық ұстай алмай қалуы ықтимал. Олай болса, адамды көзінше мақтау күнә іске итермелейді. Ең аз дегенде көзбе-көз мақтау айту – күнәнің орын алуына түрткі болуы бек мүмкін. Сол себепті, адамды көзінше мақтамаған дұрыс.
Мұхан ИСАХАН