Күндердің күнінде Ясин есімді жігіт хайуанаттар әлемін аралап жүреді. Кенет алпауыт пілдерді тамашалауға тоқтайды. Біршама ойланып:
– Мына үлкен жаратылыс иесі мойнындағы кішкентай ғана жіппен байланып тұр. Бұл егер қашамын десе, мына жіпті үзіп те кетеді емес пе? Бірақ, оның да бір себебі бар шығар? – деп ойға шомады. Сол уақытта пілді тамақтандыру үшін хайуанатты баптаушы келеді. Ясин одан:
– Мына пілдер неге жіңішке жіпті үзіп қашып кете алмай тұр, – деп сұрайды. Сонда ол:
– Біз бұл пілдерді мұндай жіптен қашпас үшін кішкентайынан үйретеміз. Пілдерді кішкентай кезінде осындай жіпке байлап бағатын болсаң, олар өскенде де сол жіпке таңылып, қаша алмайтындарына сенеді. Осындай сенімнің арқасында оларды жіппен байлап қою жеткілікті, – дейді.
Түйін: көптеген адамдар осы піл секілді бұрын кей істің қолдарынан келмегені салдарынан бүгінде өздерін жетістікке бәрі бір жете алмаймыз деп сенеді де, оған жетуге ұмтылмайды.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы