Адам денесіндегі жүректің қатаюы деп жүректегі сезімнің әлсіреуі не болмаса жоғалып жансыздануын айтамыз. Бұл жайында Құран Кәрімде айтылғандай, сау жүрек не иманды жүрек Алланы еске алғанда дірілдейді, Алланың аяттары оқылғанда әсерленіп көзге жас келеді. Алайда, қатайып қалған жүрек бұндай әсерден мақұрым және айтылған уағыз-насихат та дарымайды. Осылайша, Алладан келген ескертулерді елемей бастайды.
Адам жүрегінің қатаюына көптеген себептер бар. Біз бұл мақаламызда солардың біріне ғана тоқталуды жөн көрдік.
Алла Елшісі сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың аты аталмайтын сұхбаттарды көбейтпеңдер. Өйткені Алланы еске алмай көп сөйлеу жүректің қатаюына әкеп соғады. Шын мәнінде Алладан алыс болғандардың жүректері қатал жандар», – дейді. (Тирмизи, «Зухд», 61-хадис)
Таңның атуымен ұйқыға жатқанымызға дейінгі аралықта екеу ара сұхбатта, тыңдаған сөздерімізде және бос уақытымызда Раббымыз туралы қаншалықты айтып жүрміз? Имам Ғазали бұл жайында «Ихиә-у ъулумуд-дин» еңбегінің 77-бетінде былай дейді: «Жүректе не болса, оның барлығы адамның іс-әрекеті арқылы көрініс табады». Былайша айтқанда, адам жүрегіндегін санасына береді, сана болса бұл ойын тілінде бейнелейді.
Өміріміздің мәніне осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл дүние мен ақыретімізге пайдасы жоқ көптеген нәрселерден тыйылуға әрекет жасайды екеміз. Яғни, өміріміздің секундтарын, минуттарын, сағаттарын пайдасыз әңгімелермен және бос сөздермен өткізбейміз және әрбір секунд баға жетпес байлық. Біз уақытымызды алдымен өзімізге және жақындағы жандар үшін тиімді өткізу мақсатында, қажетсіз теледидар бағдарламаларын көруден, әлеуметтік желілер мен ойындардан аулақ болу өз қолымызда.
Егер біз бұлай жасайтын болсақ нәтижесінде не болады? Бірте-бірте денеміздегі жансызданып бастаған жүректегі иманымыз күшейіп, сезімтал бола бастаймыз. Бұған қоса алғанда, мен бұрын ондай емес едім, әлдеқайда сезімтал болдым, ұқыпты әрі уақытымды тиімді өткіздім, басқалары туралы жаман ойдан арылдым, жанұяма көп уақыт бөлетін болдым деген пікір айтатындарды кездестіреміз. Жүректердің шипагері болған Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) бұның емін былай деп жеткізген: «Адамның өзіне пайда әкелмейтін нәрселерден бас тартуы оның Исламның бір көркемдігі». (Тирмизи, «Зухд», 11-хадис)
Бір сөзді бастамас бұрын өзімізге мына сұрақтарды қоюымыз керек?
- Менің бұл сөзім менің дініме, діліме, қоғамға және еліме пайдасы бар ма? Әрбір сөзіміз бен әрекетімізді осылай ой елегінен өткізер болсақ қателесуден тыйыламыз. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, не жақсы сөз айтсын, не үндемесін», – деген. (Бұхари, «Адаб», 31-хадис)
- Сөйлегенде бізді еститін, көретін, бақылайтын Раббымызды есепке ала отырып, барлығын Оған байланыстырып сөйлеймін бе, әлде Ол жоқ сияқты, дүние өздігінен жүріп жатқандай сөйлеймін бе? Мысалы айтар болсақ, мен ауа-райы туралы айтқанда, «Биыл ауа-райы қатты суық болды не болмаса аптап ыстық болмады» деген сияқты ұзақ сөйлемдер құрғанда, бұл әлемді Өз бақылауында болған Жаратушыны негізге ала отырып, сөйлем құрғанымыз абзал.
Яғни жүректегі иманымыздың көрінісін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисіне негіздейтін болсақ, «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!». (Бұхари, «Иман», 37-хадис)
Қорытындылайтын болсақ, өміріміздің барлық алаңы жүректің тазалығына/имандылығына/дұрыстығына байланысты. Сондықтан жүректі бұзылудан, қатып қалудан, аурудан сақтау үшін сөзімізге абай болғанымыз абзал. Раббымыз жүректерімізді қатып қалудан/имансыздықтан жамандықтан сақтасын. Бізді жоқтан бар етіп жаратқан Алланың разы болатын амал жасайтын пенделерден болуымызды жазсын.
Арман НҰРАХМЕТҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы