Күндердің күнінде бір қария немересімен бақта серуендеп жүреді. Немересі атасынан:
– Ата, осы өмірдің ұзақтығын қалай түсіндіресіз? Ұзын ба, қысқа ма? – деп сұрайды. Атасы күлімсіреп:
– Өте жақсы сұрақ қойдың, балам. Өмірдің ұзақтығы – азан мен намаздың арасындағы сәт қана, – дейді. Немересі түсінбеген сыңай танытып:
– Сонда қалай? – дейді.
– Балам, адамның өмірі намазсыз азан мен азансыз намаздың арасындай ғана.
– Сонда ата, намазсыз азан, азансыз намаз бола ма не?
– Болады, әрине.Тыңда, исламда қандай да бір нәресте дүниеге келгенде оған есім қою үшін құлағына азан шақырады. Сол азан – намазсыз азан. Ал енді азансыз намазға келер болсақ, жаназа намазын айтамыз. Себебі, дүние салған адамға жаназа оқырда оның алдында азан айтылмайды. Осылайша балам адамның өмірі намазсыз азанмен басталады да, азансыз намазбен аяқталады, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы