Сұрақ: Адам өмірінің соңғы сағаттары екенін сезетін болса не істеген жөн?
Жауап: Науқас адам өмірінің соңғы сағаттарын сезетін болса, онда ол тәубе етіп, ақырындап Алламен қауышуға ниеттенуі керек. Сонда Алла да онымен қауышқанды жөн көреді. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына өсиеті дәлел.
«Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.):
– Кімде кім Алламен қауышуды жақсы көрсе, Алла да онымен қауышуды жақсы көреді. Ал кім Алламен қауышуды жек көрсе, онда Алла да онымен қауышуды қаламайды – деп айтады. Сонда Айша және басқа да аналарымыз:
– Расында біз өлімді қаламаймыз – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Менің айтып отырғаным бұл емес. Бірақ, мұсылманға ажал сағаты жақындаған уақытта Алланың ризашылығы, мейірімі айтылып қуанышты хабар беріледі. Бұл адам үшін алдында күтіп тұрған қауышудан асқан қымбат нәрсе жоқ. Ол Алламен қауышуды хош көрсін, сонда Алла да онымен қауышуды хош көреді.
Егер имансыз адамға ажал сағаты жақындаса, оған Алланың азабы мен жазасы жайында хабар беріледі. Ол үшін алдында күтіп тұрған нәрседен асқан жамандық жоқ. Ол адам Алламен қауышуды қаламайды, Алла да онымен қауышқанды қаламайды».
Риуаятты Ғибадату ибн Самит жеткізген (Сахих Бухари 8132).
Ескерту: Бұл жерде пайғамбардың (с.ғ.с.) адам өзіне өлім тілесін деп отырған жоқ. Сол үшін Айша анамыз: «Расында біз өлімді қаламаймыз» – деген уақытта «Менің айтып отырғаным бұл емес» деп жауап беген. Себебі, мұсылман өзіне де, өзгеге де өлім тілемейді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) айтып отырғаны – ажал сағаты жақындап, өзінің бақилық болатынына көзі жеткен адамның хәлі. Ондай адам өзінің Алланың құзырына баратынын ниет етіп, өзін дайындауы керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Алла Тағала мезгілсіз өлімнен сақтасын!
Өміріміз берекелі болғай!