Белгілі теолог Балғабек Мырзаев көптеген адамдардың жын өзінің энергетикалық халінен ауысып, одан кейін ет пен сүйектен жаралған адам сияқты болады, осыдан соң адамдармен үйленеді деп ойлауы қате түсінік екенін айтты.
– Өйткені Алла тағала барлық жыныс түрлерін бөлек жаратқан. Жындар адам баласымен елес түрінде үйленеді және жыныстық қатынасқа да елеспен түседі. Еркек жын, әйел адаммен немесе әйел жын еркек адаммен үйленіп, жыныстық қатынасқа түседі деген түсінік көбінесе сиқырланған адамдар арасында болады.
Сиқырмен адамның ішіне кіріп алған жын әйелді немесе еркекті иеленіп алады да, оны жұбайы ретінде санап, некеге тұрғандай әсерлейді, тіпті, балаларының елес бейнесін бар секілді көрсетіп сендіріп тастайды. Себебі, жын өзі иеленіп алған адамын жібергісі келмейді, – дейді теолог.
Ал дінтанушы Абдуссамад Махат кейбір ғалымдардың «адам мен жын некелесуі мүмкін» деген пікірін айтады. Сондай-ақ мұндай ойдың бірінде шариғи үкім немесе пәтуа ретінде алынған түсініктің жоқтығын алға тартады. Оны «адам мен жынның некелесу» мәселесін зерттеген ғалымдардың тұжырымдарын келтіреді.
- неке – ер мен әйелдің арасындағы қатынасты адал ететін мұсылмандық талап. Бұл талаптың өз ереже-қағидалары бар. Мысалы, некелесетін жанның мұсылман болуы, екі куәгер болу, екі жақ некелесуге өз келісімін (разылығын) беру т.с.с. Адам мен жын некелескен жағдайда бұл талаптар қалай орындалады? Себебі жын көзге көрінбейді. Оның дегенін есту әркімге нәсіп емес. Осындай жағдайлар адам мен жынның некелесуі мәселесінде қиындық тудырады.
- Мейлі, неке талаптары орындалды делік. Сонда топырақтан жаратылған адам мен оттан жаратылған жынның тұрмыстағы қатынасы, соның ішінде төсек қатынасы қалай жүзеге асады? Жалпы, ондай қатынастан дүниеге ұрпақ келуі мүмкін бе?
- Айталық, төсек қатынасы болды дейік («қалай?» деген сұраққа жауаптың жоқтығына көз жұмайық!). Осындай қатынастан туған бала (?!) кім болады: адам ба, жын ба?
- Жын адамға түрлі бейнеде көрінуі мүмкін. Некеге дәл сол некесі қиылуы керек болған жын келіп тұрғанына кім кепіл бола алады? Жынмен неке қиятын адам ба, әлде жынды көрмей тұрған куәгерлер ме?!
Сонымен қатар, дінтанушы Балғабек Мырзаев жынмен үйлендім, содан балаларым бар деген әйелдер де кездесетінін айтады. Теологтың сөзінше, жындар мұны соншалықты шынайы етіп көрсеткендіктен адамның оған сенбеуі мүмкін болмай қалады екен.
– Ақиқатында, жынмен үйлендім деген әйелдің өзіміз сияқты баласы болуы мүмкін емес және ешқашан болмайды да. Алайда жынмен үйленгенін айтып жүрген әйел баласы да, еркектер де бар. Иә, бұл шындық.
Олай болса жын мен адам арасындағы неке қалай болады? Жоғарыда айтып өткендей, жын өзінің табиғаты бойынша, адамдардың ішіне өзінің қалауымен немесе сиқыршының жіберуімен кіре алады, – дейді теолог.
“Хижр” сүресінің 27-аятының мағынасын тәпсіршілер осылай түсіндіреді. Денеге кірген жындар сол адамның барлық мүшелерін емін-еркін аралап жүре алады, тамырларына кіріп қанымен бірге айналып жүру қабілеті бар. Осы жын өз ықпалына алған пендеге физикалық, рухани және ұйқы кезінде әсер етеді. Осылайша ыңғайсыздық пен күйзеліс тудырады.
Теологтың айтуынша, еркек жынысты жын әйел адамның ішіне енгеннен соң қаласа, оған әртүрлі бейнеде көріне алады. Сондай-ақ ақыл-ойына ие болып, оны басқара береді және оған үйленуі де мүмкін. Бұл жын сол әйелді өзінің әйелі ретінде қабылдайды. Оны сол әйел мен жыннан басқа ешкім біле алмайды дейді.
Ал Абдуссамад Махаттың айтуынша, жындар адам баласына ғашық бола алады. Ондай жындарды фольклорда «пері» (пэри) деп те атайды екен.
– Жындар адамды көреді, бірақ адамдар жындарды қалаған кезде көруі мүмкін емес. Кейде жындар адам баласына көрінуі мүмкін. Бұл жағдайдың мәнісі мен сыры жалғыз Алла Тағалаға мәлім! Шынында, бұл ертегіге ұқсаған дүние! Яғни, кім, қашан, қай жерде, нақты кімге ғашық болды? Бұл махабаттың соңы немен бітті? Барлығы да бұлыңғыр, – дейді дінтанушы.
Балғабек Мырзаев жын әйел адамның ішіне кіріп алса, оны өз күйеуімен ажырастыруға дейін апаруы мүмкін екенін айтады.
– Өйткені, жын ол адам емес, материяға айнала алмайды, ол абстрактілі, энергиялық халде болады. Ал күйеуі бұл жағдайды білмегендіктен жағдайды дұрыс түсінбейді және жұбайына ашуланады. Бұл жерде әйел ештеңе істей алмайды. Жын қаласа, сіз бұл қарым-қатынасты тоқтата алмайсыз.
Жын сол әйелмен жыныстық қатынасқа түскенде, әйел өзін шынайы ер адаммен қарым-қатынаста болғандай сезінеді. Жын әйелдің сезім органдарын біледі және оны кез келген қарым-қатынаста оргазмға жеткізе алады. Сонымен қатар, көңіліне күмән салып, арбап, әйелді күйеуінен алыстатады.
Еркек жынның әйел адаммен немесе әйел жынның еркек адаммен жыныстық қарым-қатынаста болғанынан одан ешқашан бала болмайды. Бұл шынайы емес, елеспен болған қарым-қатынас. Егер жындармен жыныстық қатынасқа түскен адамнан балалар пайда болатын болса, онда адамдар өздерінің баласы кім екенін біле алмайтын еді және бұл ерлі-зайыптылар арасында хаос тудырады. Баланың әкесі кім, шешесі кім беймәлім күйге түсетін едік, – дейді Балғабек мырза.
Адам топырақтан, жын оттан жаратылған жаратылыс. Бұл жайында Құран мен хадисте нақты айтылған («Хижр» сүресі, 27-ші аят). Сондықтан мұсылмандар оттан жаратылған, көзге көрінбейтін «жын» деп аталатын жаратылыстың бар екеніне сенеді (иман келтіреді). Сонымен қатар «адам адамға үйленуі тиіс» деген көзқарастарына дәлел ретінде «Нәхл», 72 аят, «Рум», 21 аяттарын келтірген. Ол аяттарда «біз сендерге өз орталарыңнан жұбайларды жаратып қойдық» деп айтылған.
Қорытындылай келе, жын әсер етіп жүрген әйел де, оның ері де дереу Алладан пана тілеп, үздіксіз дұға мен истиғфарды көбейтулері керек. Сонымен қатар, жын шығаруға қабілетті ғалым, имам-хафиздерге жолығып, мәселенің шешілуіне себепкер болуларын сұраулары қажет.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ
діннің адамзатқа керек тұстарын мектептерге 4-5 сыныптан бастап Адамзат өмірі атты пәнмен енгізу керек Сауатты жастар тәрбиесі ата анамен жүргізіле бермейді Өмір сабағы қиын кеш. Тәрбие сағаты сауатсыз өтпеу ғшін кітап шығару керек.