Бір күні, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үмметімнің данасы» – деп сипаттаған таңдаулы сахабасы – Әбу Дәрда Шамда көшет отырғызып жатқан болатын. Оның жанынан өтіп бара жатқан бір кісі ағаш егуін – дүниеге құмарлық, дүние тіршілігіне деген махаббаттан туындаған әрекет деп ойлап, бұны оғаш көрді. Оның істеп жатқан ісін жаратпағандай сыңай танытып, «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы бола тұра осындай нәрсемен айналысып жатырсың ба?» – деді. Әбу Дәрда ол кісіге: «Мен жайлы бірден үкім беруге асықпа! Өйткені, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Кімде-кім бір ағаш ексе, сосын ол ағаштан адам немесе қандай да бір тіршілік иесі оның жемісін жесе, еккен адам үшін садақа болады», – дегенін естідім» – деп жауап береді.
Сахабалар, осылайша, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ынталандыруымен ағаш егіп, айналасын көгалдандыруға қатты мән беретін. Себебі, бір-бірімен тығыз байланысты жанды-жансыз бүкіл жаратылыстан тұратын қоршаған орта – адамға аманат ретінде берілген және адам баласы оны көркейтуге міндеттелген.
«Көктердегі, әрі жердегі барлық нәрсе Алланікі және Алла барлық нәрсені толықтай білуші» – деу арқылы, қоршаған ортаның Ұлы жаратушымен арасындағы байланысына назарымызды аудартты.
Әлемдегі ірілі-ұсақты әрбір жаратылыстың физикалық құнымен қатар, рухани мәні де бар. Өйткені, аспан мен жердегі барлық нәрсе Аллаға тәсбих (пәктеу) айтады. Амал қанша, адам баласы олардың пәктеуін ұғып-түсіне алмайды?! «Шөптер мен ағаштар Аллаға сәжде етеді» – деп хабар берген қасиетті Құран Кәрім, өсімдіктердің – ешқандай мақсаты жоқ жансыз, сезімсіз бір жаратылыс емес екендігін ескертеді.
Ислам – бүкіл жаратылыстың әуел баста жаратылғаннан бері өзіндік мәні бар екендігін айтады. Мұны ескеретін болсақ, қоршаған орта – ең алдымен, Алланың адамға берген аманаты. Өйткені адам баласы – айналасын сезініп, парқына барып, мәнін ұғынатын ең үстем жаратылыс. Осы себепті, Алла Тағала табиғатты, аспан-жердегі барлық нәрсені адамның қызметіне берген және адамды арқалаған аманатынан жауапты еткен. Адамның дүниеге жауапты болуының бір мәні де осы.
Сондай-ақ, өмір сүріп жатқан мына дүниеде – ауа, су, топырақ сияқты тіпшілік көздері жалғыз адам баласының емес, бүкіл жанды атаулының ортақ мүлкі болып табылады.
Ардақты пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) жайылым жерлері, су, от сияқты табиғи көздерді басқалармен бөлісу міндет екенін айтқан кезде осы ақиқатқа меңзеген. Демек, адам баласы қоршаған ортамен қарым-қатынасында осы қағиданы жадында ұстауы тиіс.
Екіншіден, қоршаған орта, адамдарды Аллаға деген сенімге ұластыратын дәлелдер жиынтығы. Қасиетті Құранда Алланың құдіретін, ілімін, ұлылығын көрсететін керемет жаратылыстарды суреттейді. Дүниедегі әрбір нәрсенің өзіндік мағынасы бар екеніне ерекше тоқталады. Адам баласы әр күнін бірге өткізіп жатқан, жер мен көктегі жанды-жансыз болмыс – Алланың кітабында қайта-қайта біздің есімізге салынады. Толқыған теңізге ( Тур, 52/6.), айға, қайтып бара жатқан түнге, ағарған сәтте таңға (Муддәсир, 74/32-34.), күн батып бара жатқандағы шапаққа (Иншиқақ, 84/16), жұдыздарға толы аспанға (Буруж, 85/1.), жер жүзіне (Тариқ, 86/12.), күнге және оның сәулелеріне(Шәмс, 91/1.) ант етіледі.
Тіпті, Құрандағы кейбір сүрелерге сиыр, ара, құмырсқа, өрмекші сияқты жануарлар мен жәндіктердің есімі, кейбіреуіне күн, жұлдыз, темір сияқты табиғат жаратылыстарының атауы берілген. Әсіресе, Алланың құдіреті, адамдарға берген жақсылықтары мен сансыз нығметтерін айтқан кезде алуан түрлі өсімдіктер, жеміс-жидектер, биік-биік, мол ағашты бақшалар, жайылымдар және осылардағы судың рөлін әдемі бір тәсілдермен түсіндіреді. Тіпті, жер бетін жұмақ бақшасындай қылып суреттейді.
Енді бір тараптан, Құран, жер бетін кішкентай балалардың жайлы орны – бесікке (Таһа, 20/53; Зухруф, 43/10.) ұқсатса, басқа бір аятта демімізді алып¸ тынығатын төсекке (Нәбә, 78/6.) теңейді. Ал, аспанды – жарқыраған шырақтар және жымыңдаған жұлдыздармен безендірілген күмбезге салыстырады.
Үшіншіден, қоршаған орта – Аллаға құлшылығымызды мүлтіксіз атқарып, мәңгілік бақыт мекеніне қол жеткізуге мүмкіндік беретін орын. Бұл тұрғыдан алғанда, қоршаған ортамызды көркейтіп, айналамыздың қауіпсіздігін қорғау, табиғаттың ластануының алдын алу жауакершілігін сезіну – әрбір мұсылманның міндеті. Себебі, қоршаған орта ұғымы – айналамыздағы бүкіл тіршілік иесі, табиғи, тарихи, қоғамдық-мәдени құндылықтар хақында өте мұқият болуды талап етеді.
Құранда «Алла әр нәрсе үшін бір өлшемі қойды» (Талақ, 65/3.), «Жерді ұзатып жайдық, оған асқар тауларды орналастырдық және ол жерде әр нәрсені белгілі бір мөлшерде өсірдік» (Хижр, 15/19.), «Күн мен ай белгілі бір есеппен (қозғалады). Шөптер мен ағаштар (Аллаға) сәжде етеді. Көкті (Алла) биіктетті және Ол (әділдік) өлшемін қойды» (Рахман, 55/5-7.), – деген секілді аяттардан әлемде белгілі бір табиғи және экологиялық тепе-теңдіктің бар екендігін көреміз. «Жер жүзі түзетілгеннен кейін бұзғыншылық істемеңдер» (Ағраф, 7/56.), – деген аят, осы тепе-теңдікті бұзбау керектігін білдірсе, ал, «Егер шындық олардың нәпсі қалауларына еретін болса, аспан-жер және ондағы барлық нәрсе бұзылар еді» (Муминун, 23/71.) аяты болса, жер мен көктің, яғни, тірішілікті жалғастырған қоршаған ортаның шарттары, жүйе мен тепе-теңдік адамдардың қолымен бұзылуы мүмкін екендігін аңғартады.
Ұлы Раббымыз – Алла Тағала басқа бір аятта былай дейді: «Адамдардың өз қолдарымен істегендерінің кейбіреуінің сазайын тарттыру үшін құрлықта, әрі теңізде бұзғыншылық шықты. Мүмкін, олар бағыттарынан қайтар» (Рум, 30/41.). Бұл аяттардың барлығы, қоршаған ортамен қалай болса солай қарым-қатынас жасап, табиғатты жөнсіз пайдаланудың және ластаудың бүкіл жаратылысқа зиян беріп, нәтижесінде не бір қорқынышты бәлелердің бой көрсетуі мүмкін екендігін еске салып тұр.
Табиғи жүйенің бұзылып, түрлі жаманшылықтардың туындамауы үшін Алла Тағала жаратқан жаратылысқа даналық, мейірім және махаббат көзімен қарауды ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үндеген.
Алла елшісінің табиғатқа деген көзқарасы – Құран аяттарын басшылыққа алып, таухид сеніміне сүйенді, ғибрат пен терең ойға негізделді.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табиғи ресурстарды пайдалануда қанаушылық пен ашкөздік және ысырапшылдыққа тосқауыл қою үшін бірқатар адамгершілік жүйелерін қалыптастыруға бар күшін жұмсады.
Сондай-ақ, Құран да мұсылмандарды ысырапшылықтан қайтарған еді. Пайғамбарымыз бұл жайында «Ысырап немесе тәкаппарлық араласпайынша жеп-ішіңіздер, садақа беріңіздер және киініңіздер», – деп өсиет еткен. Егер үнемдеушілікпен әрекет етіп, адам баласының таусылуды білмейтін қажет-тілектері бақылауға алынса және әлем ысырапқа жол берілмей басқарылса, дүниеде ешбір жан аштықта қалмас еді.
Бүкіл жаратылысқа мейірім назарымен қараған қадірлі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Құранда жер бетіне қазық қылдық деп сипаттаған таулардың бірі – Ухуд тауы жайлы айтқан сүйіспеншілікке толы сөзі – Оның (с.ғ.с.) табиғатқа үлкен мән бере қарағандығын көрсетеді.
Балғабек Мырзаев,
дінтанушы, Ph.D докторы