Сұрақ: Адам ата мен Хауа ана топырақтан жаралған ба?
Жауап: Құран Кәрімде Адам ата мен Хауа ананың жаратылысы баяндалған. Алла Тағала алғашқы адамды балшықтан жасап, оған өмір нәрін беріп, рухын үрлеген. Әуелі Адам атаны, кейіннен Хауа ананы жаратқанын Құран аяттарынан аңғаруға болады. Кейін екеуінен адамзат баласы тараған.
«Хижр» сүресінің 26-аятында: «Біз адамды құрғақ, күйдірілмеген әрі кескінделген қара балшықтан жараттық», «Сәжде» сүресінің 7-аятында: «Ол жаратқан барлық нәрсесін кемеліне келтіріп, кереметтей етіп жаратады. Адамды әу баста балшықтан жаратты», «Зумәр» сүресінің 6-аятында: «Ол сендерді бір ғана жаннан (Адам атадан) жаратты. Содан кейін одан жұбайы (Хауа ананы)…», «Фатыр» сүресінің 11-аятында: «Алла сендерді әу баста топырақтан жаратты, содан кейін (Адам атаның ұрпағын) бір тамшы судан жаратты», «Ниса» сүресінің 1-аятында: «Уа, адамдар! Бәріңді бір жаннан (Адам атадан) жаратқан һәм одан (болмыс-бітімі өзіне ұқсайтын) жұбын жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді өрбітіп, жер бетіне таратқан Раббыларыңа қарсы келуден сақтаныңдар….»
Әбу Мұса әл-Ашғариден (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Адамды бүкіл жер бетінен бір уыс (топырақ) алып жаратты. Сөйтіп, Адам балалары жердің ерекшелігіне қарай пайда болды. Олардан ақ, қызыл, қара (түстілері) және олардың арасындағылары, жеңіл және қатты (мінезділері) мен олардың арасындағылары, сондай-ақ жақсы, жаман және олардың арасындағылары бар», деген.
Икрам АЙТАЕВ