Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Жиында сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен бірге қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қоғамды ұйыстыратын құндылықтар
Қоғамды жалпыұлттық мақсаттар мен ортақ құндылықтарға жұмылдыру – Әділетті Қазақстан құру жолындағы күн тәртібін іске асырудың және ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттілікті сақтаудың негізгі шарты. Сенат төрағасы атап өткендей, қазіргі таңда жалпыұлттық құндылықтардың заманауи әлеуметтік-мәдени нормалармен үйлесім табуы – әлемнің көптеген елі үшін маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып, негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымында осы бағыттағы негізгі бағдарды айқындап берді. Олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілікті нығайтып, қоғамның дамуына серпін беретін ұлттық сипатқа ие. Сондықтан оларды дәріптеу – баршамыз үшін маңызды міндет», деді Мәулен Әшімбаев.
Кез келген қоғам белгілі бір құндылықтар аясында топтасатыны анық. Мұның бәрі негізінен ұзақ уақыт бойы қалыптасып, дамитын тарихи және мәдени тәжірибелерден туындайды. Осы орайда Сенат төрағасы қоғамды ұйыстыратын бірыңғай құндылықтардың болуы өте маңызды екенін атап өтті.
«Бұл ең бірінші кезекте мемлекеттің біртұтастығын қамтамасыз ету үшін қажет. Себебі жаһандану заманында әртүрлі идеологиялар, болмысымызға жат мәдени-рухани таным-түсініктер кеңінен таралып жатыр. Осындай теріс үдерістердің әсерін біздің қоғам да айқын сезініп отыр. Мұның бәрі өзара алауыздықты күшейтіп, мәмілені азайтатыны белгілі. Сондықтан мұндай сын-қатерден қашық болу үшін елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылықтарға табан тіреу аса маңызды. Президентіміз жариялаған идеологиялық тұжырымның өзектілігі де осында», деді ол.
М.Әшімбаев Ұлттық құрылтайда айтылған идеялық негіздер бірінші кезекте әмбебаптығымен ерекшеленетінін атап өтті. «Жоғарыда аталған ұғымдар қатар жүрмесе, құндылықтың қадірі болмайды. Мұның бәрі тұтасып келіп, елдікті сақтау, мемлекеттілікті нығайту сияқты асқақ мақсат-міндеттерге жалғасады. Сондықтан аталған қастерлі құндылықтарды қоғамдық санаға барынша орнықтыру – баршамыз үшін жауапты міндет. Ол үшін білім саласына айрықша мән беру қажет деп есептейміз. Әсіресе аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу аса маңызды. Әрбір жас азамат адалдық қағидаларын мектепте жүріп санаға тоқығаны абзал. Сондай-ақ құндылықтарды төл мәдени өнімдер арқылы бойға дарытудың берері мол», деді Сенат төрағасы.
«Заманына қарай адамы»
Іс-шараға қатысқан ҰҒА академигі Ғарифолла Есім «Адал азамат» ұғымы – қазіргі кезеңнің аса қажетті құндылығы екенін, өткен ғасырдың басында дәл осы мәселемен Алаш қайраткерлері шұғылданып, өздері Отанға деген адалдықтың үлгісін көрсеткенін атап өтті.
«Заманына қарай адамы» деген ертеден жеткен нақыл сөз бар. Біз тәуелсіздік заманында нарықтық либералды қатынастарды құрып жатқан демократиялық әрі ақылға сыйымды қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мұндай қоғам үшін адал азаматтың қажеттілігі – табиғи жағдай. Адал азамат қызметінің көрінуі де – табиғи жағдай. Мемлекет басшысының қазіргі таңда осы тұжырымды көтеруі – құптарлық мәселе. Демек елдің азаматтары заманға сай болуы керек», деді ол.
Ғарифолла Есім кеңес заманында да адалдық мәселесі қатты дәріптелгенін, адал коммунист, адал педагог, адал дәрігер тұлғалары құрмет тұтылғанын еске алды. «Табиғатынан таза, ізгі қоғамды аңсаған жандар сол кезде көп еді. Мысалы, өздеріңіз білесіздер, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» атты шығармасы көпке үлгі болды. Сондағы Павел Корчагинді біз «өз ісінің әулиесі» деп айтып жүрдік. Бірақ шын мәнінде бұл фанатизмге құрылған дүниетаным болатын. Адал азамат болу үшін қоғамдық тарихи кеңістік қажет. Ал қазір біздің қоғамда адал азамат атану үшін барлық жағдай жасалған», деді ол.
Абай дәріптеген адал еңбек
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының профессоры Амантай Шәріп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауларында, сөйлеген сөздерінде, жастармен кездесулерінде мемлекеттің әділдігі, қоғамның берекелігі, ұлттың біртұтастығы мәселелерінде еңбектің орны үлкен екенін ұдайы айтып келе жатқанын, сол идеялардың бәрі соңғы кезде қанат жайып, адал еңбек тұжырымдамасына айналып отырғанын айтты.
«Осы тұжырым-қағидалардың арғы жағына қарасақ, түп бастауы Абайдың дәуірінде екенін көреміз. Мұхтар Әуезов «Абайдың еңбекті қадірлеуі – қазақ қоғамы үшін соны сөз еді» дейді. Ол уақытта қазақ қоғамы отырықшыланып, құндылықтардың өзгеріп жатқан кезі. Осы өзгерістерге халықты қалай бейімдеу керектігін Абай көрсетіп берді. Ол бір сөзінде «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі» дейді. Тағы бір өлеңінде:
«Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде», деген. Ал адал табыс мәселесіне келсек, хакімнің ол туралы да «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез cуалар» деген сөзі бар. Бүгінгі таңда Президенттің адал еңбек жайындағы ойы да осы айтылып отырған қағидаларға келіп саяды», деді ол.
Оның айтуынша, біз көбіне Абайдың еңбек етуге қатысты 2-3 сөзін ғана жаттап алғанбыз. Ал оның қарасөздері мен өлеңдерін мұқият қарап отырсақ, ішінде адал еңбек пен еңбекқорлыққа қатысты айтқан ойлары өте көп. Соның бәрін теріп алып, арнайы жинақ құрастырып, балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін жастарды тәрбиелеуге пайдаланса, тигізер әсері мол.
Құқықтық сауаттылықтың маңызы
Отырысқа қатысқан заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағали қоғамның құқықтық сауаттылығына тоқталды. Оның айтуынша, мектеп – болашақ қоғам мүшелерін даярлайтын қалып болса, сол мектепте құқықтық сауаттылықты оқыту көңіл көншітерлік деңгейде емес. «2003–2008 жылдары 9-10 сыныптарда «Құқық негіздері» деген міндетті пән болатын. Оның оқулығын дайындауға мен де тікелей қатыстым. Сонда біз жоғарыда министрлікте отырған сарапшылардан көп таяқ жедік. Себебі олар «Жас балаларға кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық, т.б. ауыр қылмыстар жайында айтуға болмайды. Ол қатыгездік» деген уәж айтты. Сонда 10-сыныпта оқитын 16-17 жастағы балаларға қылмыс туралы айтуға болмайды да, 14 жастан бастап соттауға болады. Бұл парадокс емес пе? Сол кезде 14 жастан бастап жауапкершілікке тартуға болатын 21 қылмыс түрі бар еді, ал қазір оның саны 30-ға дейін көбейді», деді ол.
Сонымен қатар Алмас Жұмағали мектепте құқық пәнінен мұғалім даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір «Құқық пәнінің мұғалімі» деген мамандық жоқ. Ал ол сабақты тарихшылар өткізеді. «Бұл пәнді енгізу не үшін керек? Тарихтан білеміз, барлық империяны құлатқан екі нәрсе бар: олар – жемқорлық пен азғындық. Біз жемқорлықтың зияны, парақор адам Отанның жауы екенін баланың миына жастайынан сіңіруіміз керек. Сол арқылы оларды адал адам қылып тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінгі отырыста көтеріліп жатқан құндылықтарды құқық пәні аясында оқытуға әбден болады», деп сөзін түйіндеді ол.
Сыртқы фактордың қысымы қатты
ІТ-сарапшы Тимур Бектұр адал қоғам құруда дамыған технологияны, соның ішінде жасанды интеллектіні игеру де басты бағыттардың біріне айналуы керек деп есептейді. «Бүгінгі жиында аса маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Дегенмен мұның бәрі ішкі факторлар. Қазір одан да қуатты сыртқы факторлардың қысымы қатты болып тұр. Ол – технологиялық жарыс. Кім бұл жарыста алға озса, соның айы оңынан туып тұр. Бізде бүгінде ақпараттық технологияны, жасанды интеллектіні тек ІТ-маман игеруі керек деген қасаң түсінік бар. Шын мәнінде, оны қазір тіл маманы да, тарихшы да, кәсіпкер де, тіпті арба сүйреуші де үйренуі керек. Бұған дейін біз смартфонды он үшінші мүшемізге айналды деп келсек, қазір жасанды интеллект біздің екінші миымыз һәм он төртінші мүшемізге айналып жатыр. Қазақ тілі мен мәдениетінің, өнері мен тарихының ғұмыры ұзақ болуы үшін осы технологиялық жарыста тізе қосып, көптен қалмауымыз керек», деді ол.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова қазіргі таңда ел халқының 40 пайызға жуығын жастар құрайтынын айтты. Оның сөзінше, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы кейінгі он жылдан астам уақыт бойы жастар арасында жүйелі түрде қоғамдық пікір өлшемдерін жүргізіп келеді. Соның негізінде ол отырыста өз ұсыныстарын жеткізді. «Әуелі, келешек ұрпақ сапалы білімге қол жеткізіп, әлеуметтік тұрғыда қамтылып, лайықты жалақысы бар жұмысқа тұра алуы қажет. Екіншіден, жастар үлесі артып келе жатқанын ескеріп, «Тәуелсіз ұрпақтың бейнесі» кешенді зерттеуін жүргізу орынды саналады. Біз өз көзқарасымызды дамытып, ұлттық теориялық және эмпирикалық негіздерімізді қалап, ұлттық ғылыми мектептеріміз үшін институциялық ортаны құруымыз қажет. Үшіншіден, жастар прекариаттар сапын толтырып жатыр. Олардың көзқарасы, сұраныстары мен мәселелерін анықтау мақсатында «Жас прекариаттың образы» кешенді зерттеуін жүргізу ұсынылады. Осылайша, көлеңкелі экономикаға және платформалық жұмысқа кетіп жатқан азаматтарды қолдаудың нақты тетіктерін айқындау мүмкіндігі туады. Төртіншіден, «Адал азамат» тұжырымын мемлекеттік жастар саясаты жүйесіне енгізетін сәт туды. Әділетті Қазақстанды тек саналы азаматтар құра алады. Бұл ұғымдар бір-бірімен тығыз байланысты. Осы орайда жүйе құраушы нормативтік-құқықтық актілерді, қолданыстағы стратегиялық құжаттарды қайта қарап шыққан маңызды», деді ол.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ