Біздің порталымыздың 2019 жылдан бергі тұрақты да белсенді авторы мәдениеттанушы-философ Абылайхан Қалназаров «Балуан тас» қостомдығынан кейін тағы бір атауы тосын туындысымен елең еткізді. Қазақтың күш және сакральдық мәдениеті, сөз киесін зерттеп жүрген ізденімпаз зерттеушіні ел енді «Шымкенттің бас идеологі» деп атай бастады. Өз кезегімізде біз оған шама-шарқымызша өзекті сауал тастап ой саралатып көрген едік.
– «Шымкенттің жұмсақ күші» деген кітабыңыз шығыпты. Саяси технология туралы тұңғыш отандық кітап екен. Құтты болсын! Ал енді өзімізге қызық тұсқа келсек, онда саяси-экономикалық мәселелерден басқа руханият тақырыптары қамтылған ба?
– Шымкентті, жалпы Оңтүстікті-Түркістанды толғап отырып руханият мәселелерін айтпай өту мүмкін бе? Ол жақтың құпиясы карталарға түспеген және ғайып-ертегісі әлі тірі, ол да бір сыр сөз ғой. Дәл мұны қайталаудан танбау керек, «Оңтүстік» – Ұлы дала халқы алдында миссиясы бар атырап. Соны біле тұра кітап бетінде қозғамау немесе айналып өту күнә болар еді.
Жазушы Смағұл Елубайша айтсақ, Оңтүстік – Қазақстанның рухани астанасы. Біріншіден, мұнда Ясауи бабаның туы желбіреп тұр. Екіншіден, қазақтың ғылыми ойы – әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби туы тұр. Үшіншіден, бұл қазақтың демографиялық туы тігілген аймақ. Төртіншіден, тілдің туы желбіреген өлке.
Бұл жерде өңір идеологиясы 3 деңгейде – аймақтық, республикалық және әлемдік призмаларда қарастырылды. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев жазбақшы, жаңарып жаңғыру жолындағы мемлекетіміздің халық санын арттыру ісінде күнгей жұртының өзіне үлкен міндеткерлік алғандығын байқатады. Әрине, бұл билік тарапынан мақсатты қолдау табуға лайық жағдай. Осыдан туындайтын келесі пікір – ол қоғам бет-бейнесін айқындаудағы өңірдің қомақты өзіндік орны. Ел тарихындағы түрлі бетбұрыстарға қарамастан Оңтүстік қазақ ұлты мен оның мемлекеттігін, мәдениеті мен тілін, діні мен ділін қалыптастыру ісінде ұдайы шешуші рөл атқарған, иншалла, ағымдағы зор әлеуетіне сай атқара да бермек.
– Шымкент, жалпы «Шымкент жақ» туралы нешеме алыпқашпа әңгіме бар? Бұл туралы не дер едіңіз?
– Шымкент жақ әзелден күншілдік пен түсінбеушіліктің, қасақаналықтың отына күйіп кеткен. «Шымкенттік» деген – мақтау да, даттау да емес. Рухани-идеологиялық, түркілік-мұсылмандық маңыздылығына байланысты балшабек-коммунистер тарапынан мақсатты түрде шетқақпай мен қуғын қаралауға, жалпы қазақтың пікірі мен көзінде құнсыздандыру саясатына ұшырағанының өзі бәріне дайын жауап емес пе? Сырттан іріткі үшін ендірілген шаблондармен ойлайтын біздікілер соны түсінбейді. Мұны «бір» дейік.
Екіншіден, Шымкент немесе Түркістан кіреберісіне үлкен билбордқа жазылуы тиіс сөз: «Саған есігін айқара ашқан үйдің кемшілігін терме» немесе «Асын ішіп, аяғын теппе». Неге бұлай жазу керек? Себебі, өмірлік деректер мен БАҚ, әлеуметтік желілердегі материалдар анализі көрсетіп отырғандай, аймақ тұрғындары туралы жағымсыз имидж таратып жүргендердің дені жергіліктілердің асын ішкен, шаңырағында болған, төрінде жантайып жатқан. Әйтсе де маркетинг тілімен айтқанда, төл брендіне жау болып, шымжаттанып аттанған. Мұнда келмей тұрып та бәле іздеген «үйжандардан жатырқау» өкілі болса да таң қаларлық емес. Ал іздеген табады. Осы жамандық теретін науқас мінез бен алдын ала біліп көргісі, естігісі келетінге қарай бұра беретін арам да өзімшіл пиғыл өз дегенін қылмай қоймайды. Атам қазақ мұндайда «Жақсылық жасаған адамыңнан жаманшылық көрген жердің аты «Жалған дүние» деп аталады» деген. Африканың Сахара шөлінде болып келген чүкшә еліне барып «Ол жақтың қары сары түсті, ып-ыстық болады екен. Ал бұғыларының мүйізі жоқ, мойыны ұзын және арқасында екі дөңі бар. Сұмдық түкіреді» депті дейді. Сол айтпақшы, кеп кеткендердің өз бұғысымен мұндағы түйені салыстыра беретіні жаман.
Иә, «барды бар, жоқты жоқ» дер болсақ, Шымкентке керегі – таза қалпындағы мұсылман қазақшылық. Бірақ әлі де «шылық» көп. Алайда күстаналайтындардың өздері де періште ме?
…Кеше көр! Қадірін бізден гөрі біліңкіреп, Шымкент пен Түркістанның жақсылығын өзбектер көп айтады.
– Өзіңіз бұған ренжімейсіз бе?
– Меніңше, нағыз шымкенттік болудың алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеумен аяқталады. Өйткені, басқалардың көрер көзге түртпектейтін тұсы көп. Мұны мен «Шымжатырқау» деген жаңа терминмен айқындадым. Шымжатырқау – бұл Шымкент-Оңтүстікпен немесе шымкенттік, күнгейліктермен байланысты барлық нәрсеге үстірт те күдікті жақтырмаушылық көзқарас, бейсаналы яки саналы жеккөрушіліктің ерекше жағдайы.
Бұл әсіресе, сырттан келетіндерді қауын болып жарылып күтіп, қарбыз болып сусатып шығарып салатын әсіре Қожанасырларға ескертпе. Яғни адам өз космосына біреулерді енгізсе, ендеше, жұлдыздарының да ұрлануына дайын болуы керек. Біржағынан, басты кілтипан сол космосқа кіретіндердің ниетінен де болып тұр. Шымкентті мейлі, онда сакральды қалаға тән кие капиталы мен символдар азырақ, дегенмен тап осылай мысалы, «Түркістанның аумағына кірерде, босағасына аяқ қиіміңді шешіп кір» деуге болады.
Бірақ мұндағы астар сол, «жалаңаяқ жүр» деген сөз емес. Аяқ киімді қазақ қайда шешіп кіреді? Әлбетте, таза да «интимді» жерге. Мысалы, үй немесе мешіт, емханаға. Сондықтан да қасиетті қалаға келуші бұл орынның маңызын кіреберісінен-ақ жан дүнесімен сезінуі керек. Яғни жершіл-аймақшылдық пен рушыл артықшылық теріс танымы, осында кеп орысша сөйлеуді талап ететін мәңгүртшілдік, қала берді қызғаныш және тағы да басқа толып жатқан комплекстерін табалдырыққа тастап келуі керек. Сонда ғана Жасаған назары ауып, ата-баба әруақтары тебіреніп, зиярат сәтті болады.
– Айтып отырғандарыңыздың барлығы ел бірлігіне жауапты Президент әкімшілігінің ішкі саясаты деңгейінде айналысатын мәселелер екен. Политтехнология көзімен жергілікті насихат жұмыстарына қандай баға берер едіңіз?
– Күнгейлік әкімдіктердің ішкі саясат қызметтері мен баспасөз қызметтері ақпараттық жұмыс жағынан Астана-алматылық әріптестерінен сынақ алып, сабақ беріп кететіндей биік деңгейде. Бірақ мұнда да жалпықазақстандық жүйелік кемшілік – тиімділік шкаласы дәл тию мен нәтижелілік емес, атылған жебе санымен есептеліп, мазмұнға басымдық берілмейді. Бұдан құтылу және коммуникация сапасын жақсарту үшін «жалпыдан жеке аудиториялар» әдісіне бет бұру қажет. Сондай-ақ жалпыға ортақ түсініктердің қолданылуы және нақты мысалдарға – кейстерге негізделім қажет. Кейіннен елді одан да күрделі «идеологиялық жазықтыққа» жетектеп әкетуге болады.
Мәселен, Шымқала мысалында: «Мен жемқорлыққа қарсымын. Қала басшылығының бұл бағыттағы қадамдарын қолдаймын. Шаһар әкімдігі біздің қоғамның дамуы мен өрлеуінің дем берушісі». Дәл осы жерде «Аумақтық мағына» деген ұғым шығады. Егер әлдебір әлеуметтік дерт асқынып тұрса, демек, мұнда сондай мәндер әбден орнығып тамырлап алған. Оларды сылып ап тастау немесе емдеу керек. Мысалы, жергілікті идеология жасампаздық пен адалдық, әділдік, әділ бәсекелестік, дегдарлық, қиянатсыз ойлауды меңгеру, бір сөзбен айтқанда, Яссауилерден мұра болған ескі де таныс, ендігі ұмыт бола бастаған ілкі экзистенциялық мағыналармен қайта суғарылуы тиіс. Онда да бірден стахановтық өлшемге кетпей, көпшілікті «Кіші істер» форматына тәрбиелеу. Яғни әркімнің өз орнында, өз мүмкіндігі шеңберінде ауыл-ағайын, елге, қоғамға пайдалы жұмыстарды атқаруы. Оның өзінде мұның түйіні «Сен жақсылықпен айналыспасаң, жамандық сенімен айналысады» болуы керек.
Қала берді, қайырымдылық жасап, өзгелерге көмектесу арқылы кісі әулие болып кетпейді, қайта қалыпты кәдімгі нормал адамға айналады. Бұл адамның, адамшылықтың қалыпты күйі. Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнамаға қарағанда, Шымкент тұрғындарының 28%-ы «Мен қайырымдылыққа қатысамын» дегенмен келісесіз бе?» деген сұраққа «Иә» деп жауап берген. 60,3 %-ы «Келіспеймін» десе, 8,1-і «Жауап бергім келмейді» деген. Ал бұл жаман көрсеткіш емес.
– Оңтүстік жұртына қандай басты месседжді жеткізгіңіз келеді?
– Шымкент пен Түркістанда өмір сүріп, топырағында жүрген мен аспаны астында ауа жұтқанның иләһи мән-мағына таппай өтуі – ұлы өкініш. Бірақ оған дейін де таразылануы тиіс тұстар бар. Мысалы, дүниеде тойдан да басқа дүниелер барын түсіндіру. Көпшілік тіптен карантинде де тойдан қалмай, той жасап, қаншасы тексерісшілерге ұсталып, видеоға түсіп, айыппұл арқалап, тағы біреулері есік-тесіктен қашып масқара болғанын ескерсек, бизнес коуч Нұрлан Жанай айта беретін шетелдік үрдіс – өзге елге шығып демалу, спортпен айналысу, тұлғалық даму, хоббимен айналысуды насихат авангардына алу аса маңызды. Жанайша айтқанда, аға буынның тойдан басқа қызығы жоқ. Өліп кетсе де тойға барып, абыроймен өледі. Тойға бармау – әулетке қара таңба, ұят-масқара саналады. Оған көндік, амал не?! Ең болмаса, жастарды жаңа заманның талапшыл ұстанымына көшіре алсақ, сол олжа: «Ұлым өсіп, ұялтпасын. Қызым өсіп, қызартпасын». Мұны да қазақ қыздарының ышқыры бос, жігіттерінің белбеуі бос болмайтындай формада жүзеге асыра алсақ, қанекей.
Той дегеніміз, елдің көңіл көтеріп қайтатын жері ғана емес, тәрбиенің тал бесігі, мәдениетіміздің ошағы яки адам жан-дүниесін қалыптайтын алаң. Құзіреттілер нәйеті соны да тиімді пайдалана алмай отыр. Менің түсінігімде, Шымкент жақ-Түркістан – әсіре қызылдар қоғамы емес, бәрін топшылап, елеп, екшеп барып қимылдайтын ойы ұзындар қоғамы идеалына ұмтылуға тиіс.
Жалпы, мұндай-мұндай тағы қаншама олқылықтардың орынын толтыру үшін не істемек керек? Шымкент қаласын ғана емес, жалпы Оңтүстік-Түркістан территориясының қойны-қонышын, сай-саласын толтырып тұрған мағыналармен жұмыс жасау керек. Жай жұмыс емес, үлкен экзистенциялық-ағартушылық, идеологиялық-брендтік жұмыс.
– Осы жерін кеңірек тарқата түссеңіз…
– Әр аумақтың, елді мекеннің, қоныстың өз мағыналары болады. Мұны жалпақ қазақ ұғымында «Топырағынан берілетін қасиеті мен мінезі» деп те атайды. Мәдениеттану тіліне келтірсек, бұл мағына сол маңды мекендейтін ел-жұрттың дүниетаным мен мінез-құлқы, іс-әрекеті, табыстылығына әсер етеді.
Мысалы, неге Отырардан ұлылар көп шығады, ал Баянауылдан неліктен академик көп шыққан? Тағы бір жерден неге әкім немесе кәсіпкер шыққыш? Осының бәрі сол жерде үстемдік құрып тұрған, сол кеңістікті өзімен толтырып тұрған мән-мағынаға, рөлдік модел мен идеологияға байланысты. Неге семейліктер Алашорда мұрасы мен қайраткерлерінің идеяларына құмбыл?!
Тап сол сияқты жалпы Түркістан облысы аймағында брендтік-имидждік қана емес, мағыналық емдеулер мен коррекцияның жүргізілгені ләзім. Себебі бәрібір Қазақстанның өмірлік мәні бар күре тамыры осы облыс топырағында жатыр. Қазіргі Шымкент пен өлке халқының да елдің бүкіл тарабына армансыз тарап қоныстанып жатқанын ескерсек, жұмыстың актуальділігі арта түседі.
Айталық, академик Сейіт Қасқабасов «Оңтүстік Қазақстанға бара қалсаң, алуан түрлі аңыз-жырларға, тәлімі мол әңгімеге қанық боласың. Мұнда сонау есте жоқ ескі замандарда туған мифтер мен хикаяларды естіп, қазақ руханиятының өзі бір мұхит екеніне көз жеткізесің, таң қаласың. Маңайды қоршаған таулар мен тастар, өзендер мен көлдер, қиялар мен жоталар жайында небір әдемі, ойға қалдыратын хикаяттар естіп, адамзат тарихының түпсіз қиялы мен арманын аңдайсың.
Соның бірі – Қазығұрттың жаралуы, оның басқа таулармен шайқасы туралы, оның топан судан бұрын пайда болғанын, Нұқ пайғамбардың кемесіне пана болғанын баяндайтын арғы замандардың көне мифінің фольклорға айналған тамаша үлгісі. Осындай көркем аңыздардың бір парасын Қаратаудың түстігі мен теріскейінде де естисіз.
Мәселен, Түркістан төңірегінде әңгімеленетін мұсылмандық хикаяттарды айтуға болады. Ал киелі Әзірет Сұлтан пантеонында мәңгілік тыным тауып, дамылдап жатқан атақты хандарымыз бен сұлтандарымыз, билер мен батырларымыз туралы тарихи аңыз-әңгімелер ел арасында кеңінен таралғаны – бұл өңір жұрты халқымыздың асылдарын қадір тұтып, қастерлейтінін, сөйтіп тарих пен дәстүр жалғастығын берік ұстайтынын аңғартады» дейді.
Бұл не деген сөз? Бұл Шымкентте – Түркістанда, жалпы Оңтүстікте мән-мағына шамадан тыс көп, ернеуінен асып төгіліп жатыр деген сөз. Тек қазіргідей бірқатар басымдықтар мен кемшіліктерге себеп болатындай, халықтың осы таңдағы кейбір қиғаштау ділін анықтап, қалыптастыратындай бұл мағыналарда не кінарат бар? Мүмкін ескісін тастап, іріктеп, жаңа заман мен табыстылыққа, шынайы руханилық пен асыл қазақтыққа бағдарлайтындарын ғана қалдыру керек шығар. Былайша айтқанда, экзистенциялық елек. Сөйтіп, бәлки жүрек пен діл, көңіл, мінез қалыптастырушы мағыналық факторларды қайта іске қосып, қайта жүктерміз. Мүмкін еліміздің бірде мына тұсы, енді бірде ана тұсында анда-санда көрініс беріп қалатын трайбализмге де осы мағыналық ем-дом арқылы соққы беріп қаламыз.
Қалай десек те, 1958 жылы екінші курста оқитын Әбіш Кекілбаевтың Мұхтар Мағауинмен бірге Түркістан қаласы және оның маңындағы Отырар сынды елді мекендерде алғаш рет болып, диалект, фольклор жинап кеткенде де «Сол жолы оңтүстіктің тұла бойы толған тарих екендігін біліп кеткенмін» дегені осында орныққан нарратив мағыналарды айтып отырғаны емес пе? «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» жинағында жазушының өзі де сол Отырарға сапарында болашақ романының локациялық орындарын ойға түйіп кеткенімен қоймай, Темір станциясы сияқты жерлерге түсіп, далада тоңып тұрғанда теміржолшы әйелдің үйіне апарып, ас-ауқат беріп күткенін де сүйсіне жазған.
Ол ол ма, Өмірзақ Айтбаевтың үйінде болып, Айтбай ақсақалдың да өсиетке толы әңгімелерін тыңдағанын асқан сағынышпен еске алатыны да ғажап! Не керек, ертеректегі қазақ елінің нағыз саяси-мәдени, діни өмір сахнасы, саясаты мен күресі, экономикалық тіршілігі осы маңда өтті. Кейіннен қазақ хандығы құлаған тұстағы ұрымтал сәтті тиімді пайдаланған қоқандықтардың үстемдігі, мұның бәрі мағыналық эрозиялар тудырып, артында келеңсіз мазмұн дәндерін тастап кеткен болуы да мүмкін ғой.
Түркияға барып келгендер біледі – ел идеологтарының еңбегі емей немене – ондағы әр қорған мен кірпіш, локация мемлекеттік сәйкестілік пен сана-сезімге қызмет етіп, ерлік пен елдік, асылзадалық мағына мен мән болып сөйлеп тұр. Сондықтан да кішкентайынан сондай позитивті қоздырғыш-тітіркендіргіштердің ортасында өскен түрік азаматы, ұлты мен нәсіліне қарамастан еңбекқор, зиялы, жоғары өркениеттілік сана иесі болып ер жетеді. Оның өзінде олар өздерінің мұнда сырттан келген халық, ескі Византияның үстіне жағылған сылақ қабат қана екенін біледі. Ал бүкіл түркінің Отаны, түп қазығында отырып, қазаққа дұрыс мән-мағыналарды сорттап алу қиындық тудырмаса керек. Не десе де өркениетті ел боламыз десек, әуелі осы жүйеқұраушы Оңтүстікпен айналысу керек. Мұны әлеуметтік желі қауымдастықтары «Оңтүстік жақ оңалса, Қазақстан оңалар еді» деп әлдеқашан кесіп-пішіп, болжам етіп те қойған.
Бірақ Оңтүстік өзіндегі бірегей қасиеттер үшін де осындағы салтанат құрған мағыналарға қарыз да екендігін атап өткен дұрыс. Мысалы, дәстүрлі дін шынжырының үзілмеуі, салт-санаға беріктіктің тамыры қайдан? Бұл турасында жазушы Дулат Исабековтың мына әңгімесі назар аударарлық. Ол: «Кешегі атеистік кеңес заманының өзінде де бұл өлке «Әллһәмділла – мұсылманмын» деген сенімін жоғалтқан жоқ. Мешіттер қоймаға айналып, діни ғимараттар сауда-саттық орындарына айналса да бір Алладан күдер үзбеген ақылгөй қариялар балалары мен немерелеріне тым болмаса «бісміллә» деп ас ішіп, бата жасауға, қолдарынан келсе ата-бабасына құран оқытып, намазға құламаса да іштей құдайға құлшылық етуді ұмытпауға үйретті. Қазақтың жөн-жоралғысын сақтап, ата салттан айнымауды айтып отырды. «Асқанға тосқан, бәрінің сұрауы бар. Ауыздарыңмен айтуға қорықсаңдар, іштей Аллаға мәнәжат етіп жүріңдер» деп отырған қариялардың сөзін талай естіп өсіп едік» деп еске алады.
Сол айтқандай, қазақтың салт-санасы мен құдай жолын басқа өңірге қарағанда мықтырақ ұстап қалуға осындай қазыналы қарттардың аталы сөздері арқау болса керек. Дәстүр мен сенімнің берік болуына Оңтүстік өңіріндегі әйгілі мешіттер мен діни ғимараттардың да себепші болғаны анық. «Сайрамдағы сансыз бап, Түркістандағы Түмен бап, баптардың бабы Арыстанбаб» сияқты киелі орындар адам санасынан Аллаға деген сенімді өшірмей, рухтарына нұр себелеп тұрды.
– Біз күнгейді «Әулиелердің ізі қалған жер» деп танимыз. Сондай киелі нышандарды әспеттеу жағы қалай?
– Мен мың бірді айтпай, бір ғана мәселені күн тәртібіне алып шығайыншы… Ілгерi уақытта Арыстанбаб аманат құрмасының иесiн Қошқарата және Сайрамата дейтiн шағындау екi қала арасынан іздепті. Сол шақта ол екеуiнiң арасында қабырғалары шымнан қаланған үлкен базар орын тепкен дейді. Бертiнiрек уақытта екеуі қосылып, ортасындағы шым базарға орай «Шымкент» атауын иемденген деседі.
Содан Арыстанбаб баланы iздеп Сайрам шаһарға да келеді. Сондағы Ханарықтағы Бәлегерден әулие маңындағы мешiттен оқушы шәкiрттердiң шығып, соңында кiтаптарын төбесiне, қолдарын төсiне қойған бiр тәрбиелі бала көрінеді. Әулие оған таяу келсе, бала: «Ата, аманатымды берiңiз» деп қасиетін танытады. Арыстанбаб ә дегенше құрма сүйектің аузынан ұшып шығып, баланың ұртына түскенiн сезбей қалады. Бұған таң-тамаша болған асыл баба бала Ахметке киелі батасын беріп, ұзамай жүріп кетіпті. Мұны неге айтып отырмын? Бүгінгі Шымкент аумағынан жоғарыда айтылған Арыстанбабтың Ясауи баланы іздеген қабырғалары шымнан қаланған үлкен базар орнын тым болмағанда гипотикалық тұрғыда анықтап, ол жерді арнайы жазбасы және гиді бар танымдық-рухани туризм орнына айналдыру керек.
Мәселен, жуырда Мекке маңынан «Хабаша» деген көне базардың орны табылды. Ол үшін тарихшылар бүкіл архивті көтеріп, сол замандағы керуен жолдарын анықтап, аталған бағыттарды әбден зерттеп зерделеген. Ғалымдардың сөзінше, Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне пайғамбарлық келмей тұрып осы жерде сауда-саттықпен айналысқан. Ал бұл істің жалғасы ретінде тарихи комплекстің екінші бөлігін, яғни аңыздағы құрма тапсырылған «Сайрамдағы Бәлегерден әулие сағанасының алдындағы мешiт» деп суреттелген орынды да белгілеп, екіжақты маршрутқа қосқан жөн.
– Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай?
– Еліміздің өзге өңірлерінің азаматтары Шымкент пен Түркістанның қайта түлеп, өсіп-өркендеуін қызғанбауы керек. Себебі мұндағылар Түркістан қаласының заманауи әуежайында түсірілген фота қойылған «Әуежайына қарасаң мұнай Ақтауда емес, Түркістанда шығып жатқандай» деген әлеуметтік желіде постты да көрді. «Өзіне салынған ақшаны ақтамады. «Екінші Мекке жасаймыз, адамдар қажылыққа келгендей қаптайды» деп ойлап қалған ғой» дегендер де болды.
Тағы біреулер «Ар жағында шығыстың бояуына малынған Ташкент, Хиуа мен Бұқара тұрғанда пенопласт қалашығы мен сасық көлшігіне шетелден туристер келеді деген утопия» деді. Жергілікті идеологтар осыған тосқауыл қойса нұр үстіне нұр! Бұл ретте кей батыс тұрғындарындай «Мұнай ақшасы кетіп жатыр» деп ренжуге орын жоқ. Әрнәрсе кезегімен, жөн-қисынымен. Елорда – Астананы да осылай кеңдікпен көтерген қазақтың өзінің рухани-демографиялық, мәдени һәм мемлекеттілік матрицасы – Оңтүстіктің де күшеюіне күш салуы заңды.
Түптеп келгенде бұл бүкіл елдің дамуы мен амандығына, негіз-фундаментінің мықты болуына салынып жатқан салым. «Рухани-мәдени майданда жеңілген халықтың болашағы жоқ. Ұлттық кодыңды осы маңнан жаңғыртып ал. Ертең Тәуелсіздігімізді қорғауға тура келген жағдайда бұл жер – қосын-қосын әскер шығатын жер» дегім келеді. Жазушы Әбіш Кекілбаев «Оңтүстік – барша қазақтың отаны» дей отырып, «Бәріміз де оңтүстіктен шыққанбыз. Бұл сөзді жалпыадамзаттық мағынада да, етене ұлттық мағынада да бір сәт естен шығаруға болмайды» деген. Расымен де, «Әбунасыр Әл-Фараби ділдесім, Қожа Ахмет Ясауи діндесім, Қорқыт ата сырласым, Асан қайғы мұңдасым, Жиренше шешен тілдесім» дейтін, Алаштың әр атырабын «Отаным» деген ұрпақ бұл күнге және мұндай жойқын метаморфозаға шүкірлік айтуы керек. Әбіш абыз айтпақшы, осынша ұланғайыр аумақты алып жатқан өсімтал ұрпақтың қай төлі де бүгінде он екінші, не он үшінші атам Қаратау мен Сыр бойында қалған деп аңыз етеді. Демек, бүгінгі Қазақстан Оңтүстіктің кебеже қарын, кең құрсағынан шыққан.
Қалай десек те, Шымкент пен Түркістан шыңын бастағы көз көре алмайды. Бұл жүрекпен ұғып, ішпен білетін нәрсе. Бірақ оны да пайымдауға нұрлы ақыл керек.
– Сырлы сұхбатыңызға рақмет!
Kazislam.kz