Жерік – жүкті әйелдің белгілі бір ас, тағам, дәмді көксеп құштар болуы, аңсары аууы. Яғни екі қабат әйелдерде болатын физиологиялық құбылыс.
Ертеректе ауылдың әйелдері жиналып, жүкті келіннің жерік асын білетін болған. Ол үшін әрбір үйден ас-су әкелініп келінге шәй береді. Келіннің құмарта жеген асын жерік асы дейді. Мұны ауыл шегіндегі қолжетімді жеріктік деуге болады.
Бірақ қазақ тарихында дәуірін дүбірлететін бала дүниеге келердегі жеріктіктің ерекшелеу болғаны да шындық. Аққудың жұмыртқасы, құлан, қодас, киік, жылан еті (айдаһар), жолбарыс, аю-қасқыр жүрегі, адалы-арамынан да, қаттысы-жұмсағы, ащысы-тәттісі, бәрі құмарта желінген. Осылардың ішінде күш иелері шешелерінің жеріктігі көбіне ірі де қуатты аң-жануарлар, азулы, тырнақтыларға болып келеді. Оны аман-есен қолға келтіру әкелерге үлкен сын болған.
Осы орайда туысы ерекше әруақты тұлғалар аналары жеріктігінің физикалық әлемнен бөлек мән-мағынада болғанын тарих бетіндегі хаттардан және ел аузындағы кей әңгімелерден байқаймыз.
Бабалардың бабасы – Қорқыттың кіндік қаны тамған ата мекені Қараспан тауы еді дейді. Ол дүниеге келерде, анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл, тоғыз күн көтерген екен. (Бабалар сөзі). Ең әуелі, ілкі, арғықазақтық таным осылай деп толғайды. Одан осы ұлы тұлғаларға тән тарихи тізбек бірде жолбарыс, енді бірде қасқыр, бұқа секілді әралуан формада жалғаса береді. Әрине, мұның барлығы болашақ лидер, абыз, ержүрек батыр, алапат күш иелері болуына меңзейтін мифологиялық сыры бар жаратылыстың ерекше құпиясы.
Дейтұрғанмен бұл деген – материализм. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын дүниелерден шығып отыр. Белгілі ақын-эпик, жыршы Н. Байғаниннің айтуынан 1941 жылы хатқа түсірілген «Құбығұл» дастанында мынадай жолдар да бар:
Қызығына шыдамай,
Қатты жүдеп, зарығып,
Табылмай жерік тарығып,
Зарығып ұзақ жүреді.
Қызығына шыдамай,
Қыдырып жүрген шағында,
Көкше таудан алмас тас,
Бұл әйелге табылды.
Назары ауып сол тасты,
Ауызға салып шайнайды,
Тастан тісі таймайды.
Қуаныш кіріп көңілі,
Ажарланып жайнайды.
Ажары кіріп желікті,
Күннен-күнге тыңайып,
Жүдеген әйел серікті.
Жеті мүше бәрі де,
Жазылып тәні еріпті.
Бес айдың жүзі болғанда,
Балаға іште жан бітіп,
Білініп іші қалады.
Тоғыз ай, он күн болғанда,
Ұл перзентті табады.
Енді жерік болудың осындай экзотикалық яки қалыпты түрімен қатар, жалпы нормадан «қалыпсызы» да бар десек қалай?
Ең алдымен, оның нышаны қазақ ұлтының пайда болу генезисіне қатысты аңыз-әфсанада бірден көзге ұрып тұр.
Онда не дейді?
Алаштың әйелі Ақшолпан анамыз перзентті кешігіп көріпті. Сол кешігіп көрген баласын көтерерде, әртүрлі нәрселерге жерік болады. Әдепкі баласын – Ақарысты көтергенде, құс пен қойдың етіне жерік болады. Осы баласын туғанда, анамыз ауыл адамдарын шақырып алып, тамақ беріп отырғанда: «Бұл баламды көтерерде құс пен қой етіне жерік болдым. Мұның тұқымы – қой мінезді жуас болар», – депті.
Екінші баласы – Жанарысты көтерерде түйенің өркеші мен қомына, жылқының қазысы мен қартасына жерік болады. Бұл баласын туған соң шілдеханаға келген адамдарға: «Мұны көтерерде жылқының қазысы мен қартасына, түйенің – өркеші мен қомына жерік болдым. Мұның тұқымында қазақтың хандық дәрежесі мен сән-салтанаты қалар, ханның тағы осы баламның ұрпағында тұрар», – депті.
Үшінші баласын көтерерде, анамыз өзінің ерінің ерлігіне құмартады. Бұл баласы – Бекарысты туған соң шілдеханаға келген адамдарына анамыз: «Мұны көтерерде ерімнің ерлігіне құмарттым едім, бұл баламның ұрпағы кілең ірі, сой болып туып, бек қазақтың қорғаны болар!», – депті (шежіреші Өмірзақ Ахметов).
Бұл жерден не аңдадыңыз?
Бірінші-екіншісі түсінікті. Үшінші пункт ше?
Енді Сырым Датұлы анасының айтқанына қарайық:
Сырым бір күні анасына:
− Ана, басқа балаларыңнан менің өзгешелігім бар, құлқым өзгеше, анығын айтшы, мен кімнен тудым? – десе керек. Сонда анасы:
− Балам, сені, мен, басқа адамнан туғаным жоқ, осы әкеңнен болған адамсың. Тәңірімнің бергені. Бірақ өзгеріс мынау: саған жерік болып тамақ талғап жүргенімде, ел Сауран айналып алысқа көшті. Көшкен елдің көптігінен малға, адамға ішермен су жетпей, ел төбелесіп, қырылысуға айналды. Сол кезде көптің арасынан астында күрең жорға аты бар, үстінде әдемі, жақсы киімі бар бір адам шығып, көпті айғайлап тоқтатып билік айтты.
«Мен сіздерге билік айтам» деп жар етіп жұртты тоқтатты да былай дейді: «Құдықтың суын ең әуелі адам баласы ішсін, таласпаңдар, содан кейін мінген ат, жүк артқан көлік суғарылсын. Сонан соң жарлы адамның сауын малы суғарылсын. Содан кейін орта үйдің малы суғарылсын, мал суғарған адам екінші қарамай, ілгері көше берсін, қалған суды байлардың малы ішсін!» − деді. Соған қарап ел разы болды. «Рахмет ақылыңызға, көнеміз», − деп тоқтады.
Сол адамға қарап тұрып: «Япырым-ай, мынау неткен ақылды адам еді, осындай байы болған, не баласы болған адамның арманы бар ма екен?» − деп іштей арман етіп едім, Құдай тілегімді беріп, сен тудың», − депті (Балтабай Адамбаев, «Қазақтың шешендері туралы ел аузында сақталған естеліктер» жинағы).
Мұны «екі» делік.
Ал үшінші мысал былайша тарқатылады:
Бірде Құнанбайдың құдай қосқан қосағы қатты ауырады. Елінің игі жақсыларының бір қариясы үйіне келіп, «Уа, сұлтаным, келін киелі батаға жерік болыпты, ондай батаны тектінің тұқымы ғана береді», – деп, шығып кетеді. Құнанбай ойланып отырып, «Иә, мынау қария дұрыс айтады. Азуын айға біліген Абылайханның «жалғызы» атанған Ханбас батырдың ұрпағы палуан Ырсымбетке барайын», – деп жолға шығады.
Жанына жол серік алып, ауыру жұбайын түйеге мінгізеді. Араға бірнеше күн салып, Киелі табақ Бестораңғылға зиярат жасап, палуан Ырсымбеттің шаңырағына бір-ақ тоқтайды. Ырсымбет палуан далаға шығып, Құнанбайды көріп таң қалады. Ол ат үстінде тұрған бойы былай депті:
– Уа тектінің тұқымы, Ағасұр би Мырзабай Алты-Ата Көктің ұлына батпан асыра бата бергенде, «Маған сол батаның бұткелісі бұйыртса» деп, ат басын бұрған бұйымтайын бер, – деп аттан түседі. Палуан түйенің үстіндегі келіншекке көзі түсіп, «Құнанбай құдай жолын ұстаған жансың, жалауыңа жебеуім болсын, жұбайыңды жүресінен отырғыз», – деп бірден түсінген екен.
Күректей алақанын күн шығысқа жайып, үйге кіргізбей тұрып былай депті:
Уа, келінім киелі,
Сүзіп келген сөз аулақ.
Түртіп келген тіл аулақ.
Сүбе-сүбе сөйлесем,
Батыр Ханбастай Шері көрсін.
Беліңді буып жеңілденсең,
Ұраншы Маханбеттей ер берсін.
Тақымы таймас Алатаудай,
Сүңгі алмайтын ер берсін.
Жерік болып желіксең,
Ішкен-жегенің ет болсын.
Алты алаштың асылы болар,
Алтын асық ұл берсін.
Әділдік болсын ұраны,
Сүзбе тисе де өлмейтін!
Міне, осы батадан кейін «Ибрахим» – Абай Құнанбаев туылыпты (Алаштың Алатау батыры. 2011).
Осынау құбылыстарды кім, қалай түсіндіріп бере алады? Бұл не? Рухани жеріктік пе?
Әрине, «Қазіргі аналарда бұл кәрамат неліктен жоқ?» деп сұрау оңай. Қазіргілер өзі жалпы жерік бола ма десеңізші?! Бірақ ертеректегі алапаты асқан данышпан-дана, баһадүр, қаһармандар феноменінің бір сырына бұл да жатса керек-ті.
Салт-дәстүр кітаптарына үңілсек:
Жүкті әйелдерге арнап мал сойып, тамақ жасап жеріктігін берген. Ырым бойынша жаңа түскен келіннің бала көтеріп, жерік болғанын сезсе, қайын енесі ағынан жарылып, «төсек той» жасап, көршілерін де қуантқан. Жиналғандар төсекке теңге, қыран құстың қасиетті саналған дене мүшелерін іледі. Жастығының астына пышақ жастап қояды. Онысы бала аман-есен жарық дүниеге келсін, тіл-көзден аман болсын дегені (Бабалар сөзі). Бірақ мұның бәрі матери – физикалық болмыс және уақыт пен кеңістікке тәуелді дүниеде мүмкін нәрселер ғой.
Жоғарыда атап өткен үш үлгідегідейін, біріншісінде – ерлікке, екіншісінде – ақылға, үшіншісінде – киелі батаға жерік болуды қалайша тәпсірлеуге болады?
Кәнігі нигилистің «Мынауың тұнып тұрған абстракция» деп айғай салары анық және заңды. Бірақ шындығы сол болса не істеуге болады? Бұл мотив бірқатар қазақ шежірелерінде де тіркелген. Тіптен тағы қаншама аңыз тұлға-азаматтардың тума тарихнамасында айтылады. Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Атам қазақтан «Жеңсік асын бермесең, жерік әйел жөнделмес» деген мақалдың қалуы тегін емес. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туылады. Ондай бала суайт болады деп ырымдалады. Әйтсе де мынауың деген рухани кеңістікке бой ұрғызған қай инстанция?
– Баланың бауы берік болсын,
Өздеріңе ержетіп серік болсын.
Екі босаға аман болып,
Келін тағы да жерік болсын!
Бұ да қазақ айтқан тілек. Бірақ қай жеріктікті меңзеп тұр? Мейлі, мұның бәрін қазақтың ауызша тарихы, фольклор, тіптен фантастика, қиял-ғажайып-ақ дейік. Қымызға қызара бөрткен әлдебір айтқыш адам кезінде өліге жан, тіріге сән беріп, түймедейді түйедей етіп гулетсін-ақ. Бірақ бір аймақта емес, алаш кіндігін байлаған әр өңірде осы сыпатты әңгіменің болу сыры неде? Сонда да қызық емес пе? Әлде қас зұлым қанышерге қарата айтылатын «қанға жерік» деп келетіндей сөз құбылту ойыны ма? Жүкті әйелдердің физиологиялық, бәлки руханияттық бұл қыры психология ма, әлде одан да жоғары Құдайлық транцеденттік-онтологиялық қабатта жатқан жұмбақ па?
Болмаса ата-бабаларымыздың ілкі дәстүрмен әрнеге мағына дарытуы, ғайыптағы Мәнмен рухани байланысқа түсу технологиясының көрінісі ме?
«Өз тарихын өзі жасағандар, оған мифтік табиғат та дарыта алады. Себебі Мәннің негізгі сәулесі мифтік сипатта өмір сүреді. Яғни оған ғайыптан бір күш құйылып, тылсымнан біреу тілдескендей әсер етеді» дейді бұл райда осындай ұлыдалалықтардың болмыстық ерекшеліктеріне маманданған экзистенция, логотерапиялық «Бейсен және болмыс» кітабы авторлары.
Рас, метафизикаға салар болсақ, көптеген құбылыстың Мәні бұл дүниеде емес. Қашан оқиға жер бетінде жүріп жатса да, оның проекциялық Мәнінің өзі жоғары әлемде тұрады. Сондықтан да пенде оқиғаның хикметін дәл тапқан кезде трансцендентті әлемнің құпиясымен шарпысып үлгереді. Бұның мысалы әлгі «Қазақ елі» толықметражды мультфильміндегі (режиссері Батырхан Дәуренбеков, 2016 жыл) жер-жазықта қазақ пен жоңғар аламаны бетпе-бет келіп қан кешіп шайқасып жатқанда, аспан әлемінде – ақ бұлт пен қара бұлттың үстінде Ақ ата мен Қара атаның арыстан мен бұқа (айдаһар) болып алысып жататыны тәрізді. Яғни ондағы жаһандық ізгілік пен жақсылық бейнесіндегі Ақ ата жеңгенде, жердегі қазақ та жеңіп мерейі үстем болмайтын ба еді?!
Рас, Құнанбайдың да «бір шал айтты екен» деп, киелі бата іздеп, сонау шалғайға дертті әйелін алып баруы бір қарағанда қисынсыз да көрінеді. Бірақ мұнда да зор мән бұғып жатыр-дүр.
«Түпкі мұраты көңілге анық болған кез келген күрестің мәңгілік Мәні болады. Сәтімен игерілген осы Мән бұлыңғыр күйде тұрған абстрактілі адам болмысына әрі тұнық, әрі мәңгілік сипат дарытады. Міне, осы мәңгілік сипаты бар Болмыс қай кезде де өзінің Бар екенін білдіріп, басқа жұртты мазалап, мәңгілік мұратқа шақырып тұрады» дейді тағы ғалымдар. Әдетте мәнсіздікке ұрынған кез келген құндылық қанша жерден киелі болса да, профанацияға ұшырап, әзіл мен қалжыңның материалына айналады. Ал бұл жерден басқаша сценарий байқалады. Сол оқиға ел есінен шықпай, ауыздан ауызға тарап, ақырында ғасырларды көктей өтіп, кітаптарға еніп, осы күнге есен-сау жетіп отыр емес пе?
Ежелгі пәлсафа: Мағынамен сүрілген мәнді өмір тағы бір мағыналы тіршіліктің өмірге келуіне түрткі болуы тиіс. Өз кезегінде Құнекеңнен «атадан өте туған», Алты Алаштың барына да, нарына да айналған ұлы Абай өрбіп шықты. Сырымның анасының үшбу тілегі, ақжарма ықылас-пейілі, жүректің ымбылын бір ойға бағыттаған ниетінен «Ел аузында ерлігі – аңыз, аты – жыр» Сырымдай сыралғы көсем дүние есігін ашты.
Иә, асыл аталарымыз, апа-әжелеріміз қай кезде де өз-өзін сәтті актуальизациялап, тиімді трансценденция жасау арқылы ажалдың өзі әсер ете алмайтын ең маңызды да мағыналы аймаққа бет түзеп кете берген. Барлық ситуацияда қабылдаған шешімдері де мейлінше объективті Мәнге қарай бағытталған және соның ережелері мен биік стандарттарына сәйкестендіріліп отырған.
Бір заманауи философ айтпақшы, бір қарағанда көшпенділер өмірі бүкіл тарих бойында бітпейтін көшу мен мал жаю, өзара дау, соңы жоқ шапқыншылық тізбегінен тұратын сияқты көрінеді. Шындығында онда бір-бірімен мағынасына қарай ілініскен ғибратты оқиғалардың ізі де сайрап жатыр. Ешқайсысы да кездейсоқ емес. Бәрі де саналы әрекеттің қолдан тудырған толқыны. Сапасы мен мәніне қарай өз уақытында ұлтқа таңғажайып мәртебелер мен табыстар сыйлаған.
Өз тарапымыздан айтарымыз, қазақтың жүрегі сакральдік ақиқаттарды қабылдай алатындай таза, иманы кәміл кезінде бұл априори – баршаға мәні ап-айқын жайт та болған болар. Бірақ бүгінгілердің – «чипсый мен кифсый, кола-мола» буын-толқынының миына салмақ салатын дүние болып тұрғаны да шын.
Тағы бір мақал-мәтел: «Жерік талғамайды, ғашық алдамайды».
Қош. Сонымен, рухани жеріктік те бар болған жәнеден біздіңше, оның жауабы – Тылсымат. Құдайтанумен ғана айшықталатын тылсым дегеннің өзі – белгісіздік, жасырын, құпия. Татымы ой мен тіл ұшына оңай түспейтін осы ұғым ғаламдық иләһи танымға деген құштарлықты оятатын ең тәтті сезімдерді сыйлай алуымен құнды десек артық болмас. Сол үшін де Аллалық Мән, Хикмет деген нәрселер ғайыпта адамды өзіне құштар қылып, магнит сияқты тартып тұрады.
Не десе де осынау тақырып әлі де қаузала түсуі керек тәрізді.
Қарап тұрсақ, тарихтағы көп ұлы адамның ең алдымен анасы мықты. «Адамның ана – сүйегін, әке – қанын, Тәңірі – жанын береді» деген бар. Әкесі мықты болмаса да, ана саналылығы және сүйегі асылдығымен зор болғанның жерде қалғаны болған емес. Бұрынғы арлы аналардың антеннасы жоғарғы таза әлемнен арна мен сигнал тарта алған деуге бұл жарай ма?
Сіз қалай ойлайсыз?
Жалпы, бұл мәселені әрмен қарай талқылаймын дегенге зейініміз бен есігіміз әрдайым ашық.
Мәдениеттанушы-философ, PHD докторант
Абылайхан Мамырайханұлы ҚАЛНАЗАРОВ