Дала палуандық өнері символының бірі – Балуан Шолаққа қатысты бұл сауалға «иә» деп жауап береріміз анық. Өйткені оның артында қаншама ән-жыр, өнерпаздық мұра-дақпырты қалды. Ал енді Алашты алаңдатарлық сауал тастайық: Қажымұқан, Поддубныйдан бастап қаншама алыптарды жығып, қазақтың арғы-бергі тарихындағы әлемдік масштабта ең жоғарғы жетістіктерге қол жеткізген, көшпендінің басынан бағы тайған еріксіз заманда жеңімпаз рухы мен намысының зілбатпан «балуан тасын» тура да, ауыспалы да мағынасында арқалап өткен кәсіби-аңыз балуанымыз Қажыекең ақын болған ба?
Ақын деген кім өзі?
Ақын дегеніміз, әгәрәки, қазіргі түрлі сөздік-анықтамалықтар тілімен айтар болсақ, поэзиялық туындыларды – өлең, жыр-дастан, поэмаларды ауызша айтып не жазып шығаратын өнер иесі, халықтың көркемдік дәстүрлерін қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. Ақын деген ұғымның, жырау, жыршы, өлеңші сияқты ұғымдардан ауқымы кең, ол солардың, бәрін қамтиды. Ауыз әдебиетінде ақын өлең, жыр-дастандарды шығарушы да, айтып таратушы да болған.
Әрине, палуанды дәл осы мағынада түсінсек, оған телімек жаңа айдар-пайымның ауылы алыс. Алайда ел аузындағы әңгімелер мен кейбір көзкөргендерден қалған жазба деректерге қарағанда, Қажының ондай да өнерлік қыры болғанын көреміз. Мысалы, ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған, Н.Қ. Қосаева., В. Күзембаева құрастырған «Сөз өнерінің зергері» кітабында (Алматы: 2008) мынадай қызық дерекке кез боламыз:
«Көпшіліктің сұрауы бойынша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр даусымен:
– Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан.
Кешегі Омскінің қаласында,
Құлаттым қырық балуанды бір шалмастан, – деп шырқайтын көрінеді. Сондай бір басқосуда Алтай өңірінен келген бір ақын Қажымұқанның жұрт алдында беделін түсіруді жөн көріп: «Мәшһүр деген әулие шығыпты ғой, бір өзінің бойында бірнеше өнері бар деп естідім. Сонымен күреске шықсаң, жеңіп тынарсың» деп қарқылдап күлсе керек. Сонда Қажымұқан: «Мен ол кісінің алдына барып, тізерлеп тұрып, өзім жеңілер едім. Әулиеге тіл тигізбей жайыңа жүр» деп, ашуланып кетіп қалыпты. Күш атасы Қажымұқанның өзі Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлымен бірнеше рет кездесіп, әр кездескен сайын бата сұрайды екен».
Ең алдымен, бұл жерден біз балуан бабаның дәстүрлі Ұлы дала танымына сәйкес әулие беделін мойындаған ішкі әдебін ғана емес, домбыраға жақын ақыншылық яки ақынгерлік болмысына да куә болғандаймыз ба, қалай?
Палуанның шөпшегі, Қ. Мұңайтпасов атындағы облыстық спорт музейінің экскурсия жетекшісі Меруерт Ескермес те БАҚ-қа берген бір естелік-сұхбатында: «Ескіден жеткен есті сөз палуанның сал-серілігі, әншілігі, сондай-ақ көріпкелдік қасиеті де болған деседі» деп толғағанын қайда қоямыз?
Расымен де, палуан дүниеден қайтқанда, оның кесенесіне зиярат етушілер ақырғы жары Мінәй әжеден «Қажекең бос кезінде немен айналысушы еді және жұртқа беймәлім қандай өнері бар еді?» деп сұрағанда: «Мінезі кішкене бала сияқты еді. Көп ашуланбайтын, кісіге қол көтермейтін. Оқта-текте ашуы келгенде қолындағы кесені лақтырып жіберетін. Бос уақытында есік алдына отыра қалып, ағаш жаратын. Бір демде отынды тау-төбе етіп үйіп тастайтын. Кейде балаларды күрестіретін. Домбыра тартатын. Көбіне Майраның әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Көпшіл еді. Қолы ашық еді ғой, жарықтық» деп жауап беріпті («Елiмде болса – менiкi, менде болса – елiмдiкi!». М. Ескермес. «Оңтүстік Қазақстан» газеті).
Міне, осындағы «домбыра тартатыны» ойландырмай қоймайды. «Майра» дегенінің де дәйектері баршылық. Үш жүзге аты мәлім әнші Майра Уәлиқызы Қояндыда Қажымұқанды кездестіріп қалып, түйенің үлкендігіндей дәу қара тасты көрсетіп «Үйімнің маңын шаң басып кетті, мынау тастың орнына үй тіксем бе екен» десе керек. Сонда Қажымұқан Майраның күшін сынау үшін әдейі айтып тұрғанын түсініп: «Сынасаң сына Майра» деп жаңағы дәу қара тасты жұғын құрлы көрмей орнынан көтеріп, аударып тастайды. Ол туралы Қажымұқан қартайып бойынан күші кетіп, жасы жетпістен асқанда айтқан өлең жолдарында кездеседі (Атбасарлық Темірбек Қасымжанов бойынша):
Бір тас бар, Қояндыда балуан тас,
Жасымнан жыл он екі ай болдым мұңдас.
Сол тастай жұртта қалған мен жатырмын,
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас.
Қайран күш бір кеткен соң қайта қонбас,
Қанша жыл болсаңдағы жақсы жолдас.
Туған жер, алтын бесік атамекен,
Сүймеген елін, жұртын жігіт оңбас, – дейді.
Ол ол ма, Алматыда 2021 жылы жарық көрген «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» кітабында балуанның көзін көрген оңтүстік тарихының шежірешісі Ә. Шілтерхановқа сілтеме бере отырып, оқырман үшін таңсық тақырыпты көтеріп өтетін деректер келтірілгенін атап өту керек. Автордың жауынша, Абайдың Алматы мен Шыңғыстаудағы жүз жылдық тойынан қайтқан Қажымұқан ауылға келген соң апта бойы үйінен шықпай, келген ағайынға көрген-білгенін айтумен болады. Өзінің де жан дүниесі түлеп, тәніне аса бір дүлей күш қосылғандай сергек жүреді. Көңілді кезде Алтын қызға айтыла беретін жарасымды әзілдерін жастар демде жаттап, ұтымды сөздері табанда таралып жатқан.
«Алтын – Ақтөбе төңірегінің қызы. Келбетті. Сөзге, қалжыңға мықты, мінезі ашық, ақжарқын. Мінәйіммен аталас. Қажекең қазақ салтымен «балдыз» деп көрген жерде бір қағытпай қалмайтын. Қыздардың көбі балуанды «ата» десе, тек Алтын ғана «Жезде, қалайсыз, апам қуатты ма, өзіңіз қартайған жоқсыз ба?» деп ойнақы амандасатын. Бірде сол әдетімен Мінәйімді сұрағанда, Қажекең:
«Жақсы еді былтырғыдан бұрнағы жыл,
Бұл күнде апаң бізді құр бағып жүр», – деп, сүйікті ақын Мұсабек (Молда Мұса) сөздерін шұбырта жөнеледі. Өзі де өлеңді жанынан шығарып айтатын. Бұл өңірде оның ақындығына ешкім де шек кәлтірмейтін. Екі сөзінің бірін тақпақтап, өлеңді қиып салып, құрай білетінін жұрт жақсы біледі» деп түйіндейді осы жолдардың авторы.
Сонымен, Ә. Шілтерхановтың өз қайнарымен айтар болсақ, (Шығармалары. ІІІ том. – Шымкент: «Ордабасы», 2006) мұның төмендегідей де қызықты тұсы бар:
«Бір күні қасында үш-төрт қарт бар, арбаға қара биесін қосып, бір жаққа жүргелі тұрғанда түйеге мініп кетіп бара жатқан Алтынды көрген Қажекең қол бұлғап шақырып алады да:
Алтыным, басқалардан қымбаттым-ай,
Айқабақ, алма мойын сымбаттым-ай.
Өзгенің сендей қызы үйінде отыр,
Түйеге жайдақ мініп, жын қақты ма-ай?! – дейді.
Алтын да қарап қалмай былай депті:
Түйем ғой, өзім баққан тайлағынан,
Сүтінің май татиды қаймағынан.
Арқасы көпшігі бар ерден жұмсақ,
Несіне жасқанамын жайдағынан?
Арбаға неғып бие қосып жүрсің?
Ырымшыл, қорқар болсаң қайдағыдан?».
Ал енді Абайдың жүз жылдығынан келгеннен кейінгі, Ұлы жеңістен кейінгі өз ауылында жасаған тойында осы Алтынмен айтыспақ болғанына да қатысты шәуілдірліктер таратқан дерек бар. Айтыс өтіп, ақындар таңды-таңға ұрып жатқанда, «Е, Қажеке, сіз де айтыспадыңыз ба?» дегендерге: «Алтын қыз тайсақтап, басқалармен айтысып кетті, даярлана берсін, ертең тұсына өлең айтамын, басқа қыздар менімен айтысуға жарамайды» деп айтқан деседі. Бұл тойдың өзі үш күнге созылыпты. Айтыс, ән-күй, көкпар, сайыс, күрес. Бәрі де болған».
Халықтың сөз өнеріне ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша шынайы ақындар өлеңді табан астында суырып салып айтқан. Ондай жағдайда өлеңді, жырды домбыра немесе қобыз сияқты музыка аспаптарына қосылып орындаған. Оларды халық әдебиетінің, дәстүрлерін сақтайды деген мағынада біздің, заманымызда «халық ақыны» деп атайтын болды (Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Алматы: «Ана тілі» баспасы, 1998). Десе де, Қажымұқанның «халық ақыны» болмаса да, өлеңге бір табан жақын болғандығына дәлелге бұл да болса жеткілікті болса керек.
Ал енді мынау Қажымұқанның Абай тойынан еліне барғандағы айтқан сөзі екен:
«Мені жұрт «балуан» дейді. «Дүниеде теңдесі жоқ күшті» дейді, осы күштіліктің құны маған шамалы көрінеді. Өмір бақи ақындықты армандап, сөз құдіретіне табынған адам едім. Оны жұрт біле бермейді. Нағыз күштілік те, қуаттылық та сөзде. Кеше Абай тойында болдым, менің балуандығым Абай ақындығының қасында не тұрады? Абай сөзін тау десек, менің күштілігім соның бір тасындай да емес. Абайдың әрбір сөзі, нақылы кәрінің де, жастың да аузында. Бізден кейін де солай қала бермек. Халық аман тұрса – Абайға өлім жоқ. Ал күрескендер туралы «Мынау Қажымұқанның әдістерін қолданды. Мынау тәсіл қажымұқандық қой» дегенді ести алмадым. Мүмкін бұл шәкірттер алдындағы парызымның өтелмегені шығар. Меніңше, сөздің күшіне табыну әлдеқайда дұрыс сияқты» (Ә. Шілтерханов).
Бұдан біз нені байқаймыз? Бұл дегеннен палуанның сөз өнерін, сөз иелерін өте жоғары бағалағанын, тіптен іштей өзі де өлең майталманы болуды аңсағанын топшылаймыз. Ойда-қырда, ресми қазақ философиясының «Заман, қоғам жайлы, ақынға құштар заман – гүл заман, батырға құштар заман – зар заман, мансап пен байлыққа құштар заман – қу заман» деп түйіндейтінін ескерсек, батырға құштар зар заманада жасаған балуан қара күш жолына тағдыр айдауымен түскен демеске лаж жоқ.
Осы жерде «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» жинағында паш етілген мына бір қызық мәліметті де келтіре кетелік:
Түлкібастық Сәлімбай Ахметов деген атақты мұғалім кісі бірде өзінің Қажымұқанмен қалай таныс болғанын жазушы Бексұлтан Нұржекеұлына былайша айтып беріпті… Тұрар Рысқұловтың туысқаны болғаны үшін ол кісіні жергілікті өкімет Шәуілдір жаққа жер аударып жіберген соң, бір көшенің бойында Қажымұқанның үйіне қарама-қарсы үйде тұрыпты. Сонда «халық жауының» туысқанынан өзгелерге ұқсап қашқақтамай, «Әй, інім, бері кел, шәй ішейік!» – деп үйіне шақырып алады екен. Қажыекең домбыра да тартып, ән де айтып отырады екен. Екеуі әңгімелесіп отырғанда: «Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ешқандай жау емес, олар әлі ақталады» деп ашық айтады екен. Күші қандай зор болса, кісілігі де соншалық мол болғаны ғой…
Ақыры бұл тақырыпты қозғаған екенбіз, тарихшылар үшін түрлі версиялы тәпсірлер мен дау-дамай туғызып келе жатқан палуанның Темірланға көшу себебіне де еріксіз тоқталуға мәжбүрміз. Өйткені, оның ақындық жолға деген көзқарасының бір мотивін де осынан бажайлағандай боламыз. Тағы да Ә. Шілтерхановтың «Қажымұқанның тойы» туындысында балуанның өз жары Мінәйімге айтқан сөздеріне назар аударамыз:
«Ал енді Мәделі қожа мен Майлықожаның тіршілікті сыйластығын кім білмейді. Біреуі Бадам, Біреуі Сырда тұрғанымен, айды былай қойып, апта көріспесе сағынысып қалады екен. Сол Майлықожа да дүниеден қайтарда: «Мені Мәделіден бөлмеңдер» деген екен. Ордабасы баурайына барсаң, Қарабастауда Мәделі қожа, Майлықожа қатар жатыр. Ал Арыс бойында Нұралы (ақын) моласы жалғыз қалғандай сезіледі маған. Мен де Нұралы қасында қалуды қалар едім, оның үстіне Темірлан қашаннан балуандар мекені. Қалаға да жақын. Шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік мол. Абай тойында жастар күресіп жатқанда, Мұхтар келіп отырды жаныма. Екеуіміз де белдескен жігіттердің күшіне, айла-әрекеттеріне риза едік. Сол жерде Мұқаң менен:
– Қажеке, сіздің әдісіңіз қандай? Мынау Айдарханды үйретіп жүрсіз бе? – деді.
«Менде не әдіс болсын, жүректе оты, білегінде күші болса, өзі де әрекет жасар, «көтеріп ал да, ұр» деймін, Басқа не үйретуші едім?» дедім.
Мұқаң биязы жымиды.
– Осы профессионалдар қашанда қызғаншақ келеді, әдістерінің терең сырын ешкімге де айтпайды, – деп сәл іркілді де бетіме сынай қарап.
– Сонда қалай, Қажеке, шәкіртсіз болу – сізге, сізден үйренбеу – ел азаматтарына қолайсыз емес пе? Одан екі жақ та ұтылмай ма? – деді.
Мұқаңның сол сөзінен кейін көп ойландым. Төсекте жатып көзімді жұмсам, Мұқаң: «Шәкіртің қайсы?» деп тұрғандай. Мен енді қалаға бара алмаспын, қартайғанда онда тұру маған ауыр. Ал Темірланға барсам, қаладағыларға да жақын. Ол – Арыс, Түркістан, Шымкент қалаларының жуан ортасы. Темірланның өзінде де халық көп. Менде балуандығымның жанға айтпаған сырлары бар. Ашылар едім. Көрсетер едім, жастарға!
Темірланға бір барғанда, Мінәйім, саған Нұралы жатқан жерді көрсетейін. Мені түбінде Нұралыдан айырмаңдар, бұл саған тапсырма, ешуақытта ұмытпа!».
Міне, сонда Мінәйім: «Бұл ел (Отырар жұрты) сенің денең түгілі Темірланға шапаныңның жыртығын да бермес» деген-міс… (Балуан тас). «Нұралы» дегеннен де шығады, палуанның жалпы ақын атаулыға жақындығының географиялық тағы бір мысалы – бүгінгі Отырар ауданының Арыс өзені Сырдарияға құяр тұсындағы «Қосарал» дейтін жер – досы, өлкенің дауылпаз әншісі Нартаймен ең соңғы рет 1945-жылы кездескен жері.
Ел аузында Шәуілдірде отырып тағы бірде атақты Қажымұқанның:
«Қазақта балуан бар ма менен асқан,
«Менмін» деген балуанның көңлін басқан.
Мұқанды қартайғанша топқа салып,
Әруағын көтере гөр Қазақстан!» – деп өлеңдеткені айтылады. Сондай-ақ ол тағы да ескі дастаннан жылап отырып үзінді айтқан деседі: «Барт болып терледі, қызды. Көзінен әнтек жас ақты. Кәріліктің жеткені көрініп тұр. Балаша екі ернін ашып, ел алдында тағы да біраз өлең айтты. Соның бірі – Дариға қыздың Хәзірет Ғалымен күрескен жері» (Бабалар сөзі, 96 том) деп куәлік беріпті бұл туралы көзкөргендер.
Белгілі зерттеуші Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» этнографиялық кітабында жазылмақшы, қазақ халқының əдебиеті, көркемөнері, əсіресе, ауыз əдебиеті ерекше дамыған. Жалпы, қазақ халқын ақын халық, əнші халық, күйші халық деп айтуға болады. Түйеге мінген қазақтың төрт ауыз өлең білмейтіні кемде-кем. Қазақ халқының баға жетпес классикалық дастан-толғаулар мен термелері, мыңдаған күйлері мен əндері, 50-ден артық ұлттық музыка аспабы бар. Қазақ халқының өмірінде атақты ақын-серілер, жыршылар мен əншілердің орны бір төбе.
Олай болса, Қажымұқанның да ондай қанында бар өнерге априори ынтық та ғашық болуы заңдылық. Өзінің де «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп кеткен Абай хәкімнің сөзімен айтсақ, түйеге мінген қазақтың бірі ретінде орай-орайында «әу» деп қалуы да қалыпты жағдай болса керек.
Иә, Алтын қыз – балдызы ғана емес, Қажекеңнің Смайыл және Жамал деген қайындарымен жезде болып ойнаған және сөз қағысқан деректері оның қаншалықты шешен де қуақы тілді болғанынан да хабар береді.
Жалпы, «Өлең-жыр – өмір көркі. Әнді өмір – сəнді өмір» деп білген аталарымыз əн-күй, өлең-жырды адамның жан дүниесін жаңартып, рухын серпілтетін, мерейін асырып, жігерін тасытатын қасиетті өнер санап, ұрпақтарын жастайынан баулыған. Қазақылықтың тұмсасы бұзылмаған шақта осынау құнарлы мектептен Қажекеңнің өткені де анық. Қазақта әдемі бір «ақынгер» деген сөз бар. Сол тіл ғалымы Б.Қалиев жазғандай, бұлардың бәрі де жәй ермек үшін, қошемет үшін айтылған сөз емес, ақынгер – қазақ халқының табиғи бітіміне берілген тарихи баға. Яғни қазақ ақындау, ақындай, ақынсыған, ақынжанды, ақын тілді, ақыншылық қуған халық.
Ендеше, түп асылы қазақ азаматының бірі ретінде Қажымұқанға да «ақынгер балуан» атағын еркін таға беруге болатындай.
Сіз қалай ойлайсыз?
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ