Құдай-ау, бұл мүмкін бе дерсіз?! Адамның әлі қайда, пілдің қуаты қайда? Алайда Алматыда 2021 жылы жарық көрген «Балуан тас» кітабында осындай оқырман үшін таңсық тақырыпты көтеріп өтетін деректер келтірілген. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер, біршама тарихи мағлұматтардан құралған бұл еңбектің құндылығы сол, онда 1 емес, 4 қазақ палуанының пілмен күреске шығып, жеңіп шыққаны тәптіштей әңгімеленеді.
Кітап кіріспесінде де «Бұл жерден жолбарыс, бөрімен айқасқа түскен, сұсы басқан, ит-құсты жалаң қолымен алған, құтырынған бұқа-бураны жұдырықпен соғып құлатқан, өгіз өңгерген һәм мінген алыптар туралы да деректер табасыз. Қызығы сол, пілмен күреске түсіп, мұрын-тұмсығынан бұрап құлатқан төрт қазақ палуаны (ошақты, қожа, сунақ (арғын?!), қоңырат) туралы бұрын-соңды көп жариялана қоймаған әңгімелер де бар. Оны кітаптың бір де тақырыбын жібермей, барынша тұщынып оқыған жан – жолдардың бір жолында өзі-ақ кездестіреді. Мұндай мысалдар шоғыры алапаты асқан балуандардың қажыр-қайратын көрсету үшін беріліп отырды» деп қызықтыра баяндалатынын атап өткен жөн.
Әрине, тап осы жерде кез келген жанның «Қазақ даласында мыңдаған жыл бұрын тұқымы құрығанша зіл-мамонттар жүрсе жүрген шығар, ал мұнда бертінде адасып жүрген нағылған пілдер?» деп күле сұрақ қоюы әбден заңды. Бірақ атам қазақ тек осы Алатау мен Қаратауды аралап, Алтай мен Атыраудың арасында ғана жүріп пе? Ол замандарда да алыс-жақын елдермен барыс-келіс, атыс-шабыс, керуен тартудың болғанын ешкім жоққа шығара алмас.
Сонымен, пілдің өзіне қаймықпай қарсы шығып жүрген рухты айпері балуандарымыз кімдер?
Егер тарихи хронологияны сақтар болсақ, бірінші кезекте Итемгенді айтып өткен ләзім. Ұлы жүздің ошақты руының Тасжүрек атасынан шыққан атақты Саңырық батырдың тұстас туысы Итемген ер – ақкөз батыр ғана емес, жауырыны жерге тимеген палуан болып өткен екен. «Ол Орта Азия хандарының бір үлкен тойында Үндістаннан әкелінген ақ пілмен күреске түсіп, ұзын тұмсығынан бұрап жерге сұлатқан» дейді қазақтың ауызша тарихын толғаушылар («Саңырақ батыр». Әкім Садықбекұлы. «Ақ жол» – Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газеті). Саңыраққа қарағанда палуанның өзі туралы дерек аз болғанымен, осы бір дақпырттың өзі оның зор қайраты мен апайтөстігінен хабар берсе керек.
Салыстыру: Жоғарыда аталып өтетін нақ үнді пілі піл тұқымының бір популяциясы ретінде заманауи зерттеулерге қарағанда, африкалық туысы – саванна пілінен көлемі жағынан кішірек болып келеді. Алайда ересек пілдің биіктігі шамамен 2,5-3,5 метрге, салмағы 5,4 тоннаға шығады екен. Ұрғашылары кішілеу, аласалау келіп, орташа есеппен салмағы 2,7 тоннаны құрайды. Ал, дене ұзындығы 5,5-6,4 метр, құйрығы – 1,2-1,5 метр. Аяқтары жуан және қысқалау болады. Енді Итемгеннің ер тұлғасын пайымдай бергін!
Саңырық батыр бастаған жасақ ішінде болған немере-шөбере, бауырлары арасынан Қалет батырдың ерлігі көп айтылады. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста көп қан төгіп, жанкештілік көрсеткен осы – Итемгеннің ұлы.
«Кейінгі ұрпақ арасында сақталған құймақұлақ шежіреші қарттарға сүйеніп, зерттеу жүргізгендердің топшылауына қарағанда, Саңырық батыр өз қолын бастап, Алтай мен Атыраудың арасын шиырлап, Еділ мен Жайық, Орал маңы, Арқа, Торғай, тіпті сонау шығыстағы Жоңғар қақпасына дейінгі аралықтағы азаттық жолындағы шайқастарға қалмай қатысқан. Батыр ағайынмен бірге Итемген де осы жорықтардың барлығына бір кісідей барып қан төккен» деп тұжырымдайды бұл ретте «Балуан тас» кітабы.
Екінші ел аузындағы таңғажайып әңгіме мынадай:
Түркістанды орыс алғанда, атақты Мәделі қожа ағайын-туғандарымен Жызақ деген жерге барыпты. Мәделінің отыз бес жасар кезі екен. Жызақтың ұлығы той жасапты. Палуандарды күрестіреді. Мәделі күреске шығып, келгендердің бәрін де жыға беріпті. Ұлық ашуланып: «Нар палуанды әкел!» депті. Нар палуаны Нар сияқтанып күркірейді екен. Нар палуанды Мәделі жығады. Одан соң «Лөк палуанды әкел» депті. Бұлай атану себебі, Лөк құсап шабысқа, қызыл өңеші алқымына сыймай шығып кетеді екен. Мәделі мұны да жығыпты. «Енді Қоңыраулы палуанды әкел!» депті. Қоңыраулы палуанның үсті-басы қап-қара, жүні қарыстан астам екен. Үстінің бәріне Қоңырау тағып тастаған екен. Қоңыраулары салдыр-күлдір етіп келеді. Мәделі мұны да жығып, жамбасын шығарып жіберіпті. Содан соң Ұлық: «Орныңнан қозғалмай тұр!» депті.
Мәделі орталық алаңда тұрғанда, ақ боз атты, ақ киімді, ақ сәлде ораған, ақ сақалды бір досы келіп: «Енді саған піл әкеледі, ол сені майдалап өлтіреді. Піл келгенде оның салаңдаған қартымын (тұмсығын) мықтап ұстап алып, бұрай бер, бұрай бер. Ол қашса да, қойма!» деп айтып кетіпті. Айтқандай-ақ, Мәделіге пілді жіберген екен. Әлгі айтылғандарды істеп, пілді қашырыпты, қайта айдап, ұрса да піл Мәделіге қарай беттемепті. Ұлық жиынды таратып, Мәделіні сарайына шақырып алып: «Сен кімсің?» депті. Сонда Мәделі: «Шымкенттің қазағымын, елімізге орыс келді, олармен жауласып, осы жаққа ауып келдім» депті. Ұлық: «Сен неге маған жағдайыңды айтпап ең?» депті де, «Сүдір» деген амал беріпті (С.Өмірзақов. Қазыналы оңтүстік – Алматы, 2012. Т.72).
Тағы бір піл баяны «Бұқар барып, Түркістан алған» Бабайға қатысты.
Мәлім болғандай, ХVІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басы қазіргі Қазақстан күнгейінің басым бөлігі сол кезде қатты дәуірлеген қалалы-шаһарлы Орта Азия хандықтарына бағынышты болып қалды. Соның ішінде Қоқан хандығы басқаларынан көбірек қарпып, әрісі Тараздан берісі Ақмешітке дейінгі аралықты қан қақсатқан. Осының ортасында қасиетті Түркістан да алашапандылардың теперішті телімінде кетеді.
Күнгейлік арқалы ақын, жазушы Әбдіқадыр Дүлдүлдің мәліметінше, қаланың солтүстікке қараған бағытында «Сунақ қақпа», оңтүстік шығысында «Иқан қақпа» деп аталған қақпалары болған. Қала тұрғындары негізінен сауда-саттықпен, қолөнермен, мал шаруашылығымен айналысқан.
Қала ұлығы Мошан күн санап алым-салық мөлшерін көбейте бастайды. Қараша халықты көн-терідей илеп, сұлу қыздарын зорлап күшпен тартып алып, жәбірлеген.
Енді осының ұзын-ырғасын Ә.Дүлдүл мәшһүр батыр есімімен байланыстыра отырып «Бабай батыр» мақаласында былайша тарқатады:
«Нұрбайдың кіндігінен тараған он баланың бірі – (…) Бабай батыр. Нұрбай Сунақ (Хисамиддин) елінің ішіндегі Қайғақтық руынан тараған. Ол жастайынан еңбекпен сүйегі қатайған, алып денелі болатын. Ұлдарын адал еңбекпен мал табуға, өтірік айтпауға, елі мен жерін сүюге тәрбиелеген. Ұлдары әкесінен күрестің әдіс-тәсілдерін жетік меңгеріп, ержүрек, батыр тұлғалы болып өсті. Қала ұлығы Мошан «Нұрбайдың он баласы ержетсе, түбінде менің билігіме бір қауіп төнері анық» деген арам ойдан арыла алмайтын. Сөйтіп, ол Нұрбайдың медреседе оқитын ұлдары Оразбай мен Байсалды қастандықпен өлтіртеді. Ағаларының қазасына қайғырған Бабай бес жүзден астам әскері бар Мошаннан кек алу үшін Бұқара хандығына жалғыз барып, алдына жүгініп, әскер сұрайды.
Хан: «Менің шартымды орындасаң, сұраған бес жүз қол әскерді беремін» деп, Бабайды палуандар сайысына салады. Бұқараның ең мықты палуанын жеңсе де, хан уәдесінен тайқып, Бабайды алып күш иесі пілге қарсы күреске шақырады. Сонда жас Бабай пілдің тұмсығынан бұрап құлатып, жеңіске жетеді. Жігіттің жойқын күшіне тәнті болған хан бес жүз әскерге қарақалпақтың батыры Аманбайды қоса берген екен. Осы сапарында ол Бұқарада екі жылдай уақыт жүрген әрі медреседе дәріс алған.
Қайтар жолында Жылғада тұратын әкесі Нұрбайдың қадірменді ескі досы Бөрі батырдың үйіне ат басын бұрып, алдағы жоспары жайлы ақылдасады. Содан Бабай бастаған қол Мошанның Иқан қақпада жасақтаулы тұрған әскерінің шебін тас-талқан етіп қиратып, қалаға басып кіреді. Бабай қала ұлығының басын шауып алып, ағаларының кегін қайтарған және қаланы Қоқан билеушілерінен азат еткен».
Мұнан басқа да деректерге сүйенсек, Бабай Ресей отаршылдығына қарсы күрескен Кенесары қозғалысына да бір батырдай-ақ қатысқан. Бұл сол өршіл қарсылық қатты жалындаған 1837-1847 жылдардың айналасы болса керек.
Дүлдүлдің тағы да баяндауынша, ол Кенесарымен бірге Ақмола бекінісін, Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын қайтарып алу үшін болған соғыстарда ерлігімен көзге түсіп жүрген.
Оның қазақтың хас батыры, ақын Махамбет Өтемісұлымен байланысы да көп дәлелді қажет етпейді. Махамбет Жәңгірдің соқыр саясатынан халықты құтқарудың жолын іздеп, Хиуа хандығынан әскер сұрай барғанда, бұл сапары сәтсіз аяқталған. Сонан соң елге оралып, Әлім, Шөмен, Адай елдері ішінен жігіт жинап, «дұшпанға қарсы келгенде, дініне берік» ер азаматтарды маңайына топтастыра бастайды.
Айталық, 1839 жылы сол елдерде жүргенде Махамбет өз қолымен мынадай хат жазады: «Ардақты батырларымыз: Бабайға, Надырқұлға, Сәлиге, Жармұхамбетке және Жамантайға – барлығыңа сәлем. Өздерің сықылды достардың дұғасымен, Аллаға шүкір, есенмін. Мен Хиуадан аман-есен қайттым. Сіздерді сағындым, осынша-ақ, көргім келеді, бірақ, бару қиыншылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың алдында Хиуа ханына жолығып шығам. Әрілегенде, әскер осы алдымыздағы жазда шығады. Егер жағдай көтерсе, қалайда Сәлиді жіберіңдер. Ол жаққа барардың алдында мен сіздердің қандай халде екендіктеріңді білуім керек қой…».
Демек, Бабай батырдың Кенесары ханмен де, Махамбетпен де үзеңгілес болып, халық азаттығы үшін болған күрестерде қатар жүріп соғысқанын осы тарихи деректерден аңғарамыз. Кенесары әскеріне қажетті қару-жарақты, зеңбіректі және оқ-дәріні Бабай батыр Бұқар хандығынан алып, жеткізіп тұрған (Бабай батыр. «Оңтүстік Қазақстан» газеті).
Осы жерде бір айта кетерлік жайт, тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың версиясы бойынша Бабайдың түп асылы – арғыннан болып шықпақшы. Профессор өз жазбасында «Сунақтың ішінде толып жатқан қазақ руларының өкілдері бар. Мысалы, сунақ ішіндегі Нұрбай аталатын ата Орта жүз Қуандық-Алтайдан барып қосылған болуы керек. Негізі нұрбайлар батыр ел болып келеді, «шежегөз» аталатын алтын шығырлы сауыттың иелері дейді шежіреде. Сунақ ішіндегі Нұрбайдан да батырлар шыққан, соның бірі ұмытпасам, Қоқан заманында Қаратаудың баурайынан қорған салған Бабай батыр. Өз ойымша Нұрбай әуел баста Сығанақ саудасына қамқор және күзет болған да, кейін сунаққа кіріп кеткен. Түркістанда хан ордасына қызмет еткен Алтай-арғындардың сарт болып кеткенін, қазіргі күні Кәріз т.б. қышлақтарда тұрып жатқанын сан рет жаздым» деп бір құпияның шетін шығарады. Бірақ бұл оқа емес. Ең бастысы – Алаш ата нәсілінен!
Соңғысы, ХХ ғасырдың алғашқы белеңінде өмір сүрген Жанқожаның Досжанының балуандылығы жайында айтылатын Сырдария бойында әңгіме көп.
Досжан балуан жасында жалдамалы оққағарлықпен саудагерлердің керуенін күзеткен. Сол себепті шақша басы шытырманға да көп түскен деседі. Ол бірде жолшыбай тобымен алудың қапысын тапқан қарақшылардың қолына түседі. Сөйтсе ұры-қарылар қайдан алғаны белгісіз түйе-жылқыдан бөлек зат артуға бір пілді де жегіп алыпты. Тау-тасты кезіп, айдалада кісікиіктеніп, тағыланып елден безген баскесер, кісәпірлерге қызық керек. Сонда қарақшылардың басшысы: «Кім де кім менің балуаным мен үйретілген пілімді күресіп жеңсе, керуен әрі қарай сапар шегеді. Жеңе алмаған жағдайда керуен талауға түседі» деген шарт қояды. Сонда көп арасынан Досжан сұранып шығып, балуанды жығып, пілді де тізе бүктіреді (Күрес те өнердің бір төресі. Ерубай Қалдыбек, «Жаңақорған тынысы». 12 сәуір 2020). Мұның енді болып өткен мекен-локациясы белгісіз. Ауғанда ма, Үндіде ме, Қытай-Иранда ма, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бірақ қазақ ежелден керуен тартқан пілі бар елдің бірінде болғаны пайым көзіне айқын. Сондықтан да бұл деректі болашақ зерттеушілердің үлесіне қалдырып, әрі қарай зерттеп зерделену күткен тақырыптың бірі ретінде болашаққа мирастауға болады.
Айтпақшы, оның Төменарықтағы Тасболат Аманжолұлы сынды алып жерлестерімен жер ауып келген шешен, кәріс, гректердің түрлі ұлттық жекпе-жек өнерлері мен күрес стилдеріне шебер телі-тентектерін сабасына түсіргені әлі ел аузында.
Сонымен, алғашқы Итемгеннің пілінің үнділік екені мәлім де, қалған үшеуінікі белгісіз. Олардың есімдері де белгісіз. Әйтпесе ата тарих Қағбаны қиратуға арнайы дайындалған Махмұт атты әскери пілді де біледі. Десе де қандай түрі болса да пілдің аты піл емес пе?
Аз-кем жалпылама дерек бере кетсек, пілдер – құрлықтағы ең үлкен сүтқоректі жануарлар. Олар ұзын тұмсығы мен екі әдемі мүйізімен ерекшеленеді. Пілдердің екі түрі болады, олар – африкалық піл және азиялық піл. Африкалық пілдер өз ішінде саванна пілі мен орман пілі болып екіге бөлінсе, азиялық пілдер шри-ланкалық, үнді, суматралық және борнеолық пілдер болып төртке бөлінеді. Олардың ішінде үнді пілі – азиялық пілдердің ішінде ең көп кездесетін түр тармағы. Бұл піл Бангладеш, Бутан, Борнео, Камбоджа, Қытай, Үндістан, Малайзия, Мьянма, Непал, ШриЛанка, Тайланд және Вьетнамда кездеседі («Жануарлар әлемі» энциклопедиясы).
Бір қызығы, пілдер – жердегі ең ақылды жануарлардың бірі. Оны адамға дос та, қас та, пайдалы да, қатерлі де ететін жері осы – жоғары интеллектісі. Арыстан, қолтырауын секілді жыртқыштарды алып қоюы бір жағынан осының да арқасы. Олардың миы көп жануарлардың миынан үлкенірек болғандықтан, дельфиндер секілді ақылды деп есептеледі. Пілдердің тістері ұзын болып келеді, ол «мүйіздері» деп аталып кеткен. Басты қаруы да сол. Мүйіздерінің үштен бір бөлігі қан мен жүйкеден тұрады. Ал пілдің ең осал жері, яғни ұзын тұмсығы бірнеше қызмет атқарады. Тұмсығының ұшындағы екі танауымен тыныс алса, саусақ секілді болып біткен ұшы оларға заттарды алуға көмектеседі. Сонымен қатар пілдер тұмсықтарының көмегімен қорек пен суды ауыздарына жеткізеді, қауіп төнген жағдайда тұмсығымен дыбыс шығарып, белгі береді.
«Жерде – піл, суда – кит, әуеде самұрық алып» (Балуан тас) деген бар. Солай, бұ қазекең Алламен арақатынасы дұрыс, аттан түспеген, киіз үйде тұрып, қазы, жал-жаясын жеп, қымыз-қымыран ішкен замандарда аңыз бен ақиқатын алаламай қатар тұтар болсақ, сол – жердегі алып пілді де алған-дүр. Қазір сондай рухты да білекті ерлер неге тумай кетті екен? Түсініксіз…
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан Қалназаров
Өте маңызды тарихи оқиғалар жолымен баяндалған әңгімеңіз үшін үлкен рахмет сізге. Қазақ халқының батырлары туралы ақпараттарды кеңінен насихаттап, олардың Отан сүйгіш, адал, халықтың әлеуметтік жағдайын, еліміздің амандығын қорғауда атқарған еңбектерін насихаттау қажет.