Шөге палуанға қатысты ел ішінде деректер басқа күш алыптарына қарағанда біршама жақсы сақталған. Түп-тегі – Құлшығаштың ішіндегі Өтеуіл атасының Қайдауылынан. Ол 1850 жылы Сыр өңірінің Арыс аймағындағы Ойғанақ, Сарыарықтың бойында туып, жерлестері мен ағайындарының жеткізуінше, шамамен 1910-1913 жылдардың айналасы «итжеккенде» дүниеден өткен.
Арқалы палуан туралы мағлұматтар беретін шежірелер де, өлең-жыр да ауыз толтырып айтарлықтай. Тіптен, Арыс пен Отырар жұртшылығының көнекөздері арасында әлі күнге оларды маржандай тізіп, жатқа айтатындар баршылық. Шежіре жағынан айтар болсақ, Бейсенбай Сүлейменов және басқа да атпал азаматтардың жетекшілігімен әр жылдары жарақ көрген «Ақмырза әулеті» («Əл-Фараби» баспасы, 1996 ж./«Ұзын Ата» қайырымдылық қоры, 2018 ж./«Асқаралы» баспасы, 2018 ж./ЖШС «Литера-М» баспасы, 2020 ж.) тарихнамасына қатысты кітаптар, ал жыр жағынан Құлыншақ Кемелұлы, Байырбек, Ергөбек Құттыбайұлы сынды ақын-шайырлардың толғаулары сөзімізге дәлел.
Айталық, бір үлкен жиында Шөге палуан күрес бəйгесінің тең жартысын – екі түйе, екі тайды саңғыл Құлыншақ ақынға жетектетіп, ризашылығын алған көрінеді. Мынау сондағы Құлыншақтың разы болып айтқаны дейді:
Уа, бөрі Ойғанақ, кəрі Ойғанақ!
Жарасқан Жүнісбектің жайлауындай.
Бөрі Ойғанақ көзге түртсе байқамайсың,
Бүркіттің бөтеге жұтар жемсауындай.
Əй, Абылай, ақылың асқан көкжал едің,
Сегіз өрім, өрім Ойғанақтың таңдауындай.
Жеті мың қолды жасыра білген Ақпан батыр,
Қарашы əулиенің қолдауын-ай!
Жоңғардың көзін шеп тартып байлауын-ай!
Жеті мың қол желкесінен тиген кезде,
Қарасорды ажалға айдауын-ай!
Əй, Шалқы би, сенен асқан дана бар ма?
Арқада жатып осыны ойлауын-ай!
Ал, інім, Шөге палуан!
Ырза болғын осы тойғаныңа-ай!
Алты ата Көктің ұлынан тараған Қайдауылым-ай!
Рас, Шөге туралы туған аймағында ғана емес, жалпақ күнгей жұртында «Күрестен алған сыйлықтарын кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге үлестіріп берген. Сол жомарттығы үшін ел құрметіне бөленген. Ал құдыққа түскен түйе, жылқы сияқты ірі қара малдарды көтеріп шығарып алатын алып денелі адам болған» деген де бағалау сөз барлығын атап өткен жөн.
«Қара күштің иесі, алып тұлғалы болып ержетеді. Күрескенде ешкімді шақ келтірмей жыға береді. Ересек балалар, үлкен кісілер онымен күреспей қашады. Анасы Дулат елінен. Өте қарулы, тұлғалы, қайратты кісі болыпты. Шөге палуан тура сөйлейтін кісі екен. Ел арасында палуандығымен, қара күштің иесі, шапшаң да шебер күресімен даңқы шыққан. Той-жиындарда, үлкен астарда палуандар белдесуіне қатысып, қарсыластарының жауырынын жерге тигізбей қоймаған. Патша өкіметінің саясатының кейбір озбырлығына шыдамай, бай мен олардың «шаш ал десе, бас алатын» жандайшаптарының өрескел əрекеттерін батыл сынап отырған. Сол үшін үнемі қудаланумен жүрген. Ақыры итжеккенге айдалып, сол сапардан оралмайды» деп бұл орайда жалпылама куәлік береді «Ақмырза әулеті» кітабы.
Бұл жердегі итжеккеннің мәні белгілі: Ресей отаршылық бодауы кезеңінде ауыр қылмысты болғандарды жазалап, жер аударатын Солтүстік Сібір жақ. Яғни Қазақстанның ұлттық энциклопедиясына сүйенсек, «Итжеккен – Ресей империясында қылмыс жасағандар және саяси қылмыс жасады деп айыпталғандар жазасын өтейтін қиыр терістіктегі аймақтың қазақ тілінде қалыптасқан атауы. Жергілікті тұрғындардың шанаға ит жегетініне байланысты шыққан». Ал «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» кітабында келтірілген тұжырым бойынша «Итжеккен – қылмысты деп табылып, жер аударуға кесілгендерді жіберетін Ресей империясының қиыр солтүстік бөлігінің қазақы атауы. Осы үрдісті итжеккенге айдалды немесе Сібірге жер аударылды деп те атады» (2-том. Алматы, 2012.).
«Ресейдің қол астына өткеннен кейін қазақ даласында дәстүрлі билік біртіндеп патша әкімшілігінің саяси жүйесіне алмастырылды. Осыған сәйкес елде патша үкіметінің заңдары енгізіліп, сот істері ресейлік заңдар негізінде жүргізілетін болды. Ресейлік сот жүйесінде бас бостандығынан айырып, жер аудару жазасы болған. ХІХ ғасырда қазақтардың жер аударуға кесілгендері негізінен Ресейдің Сібір, Қиыр Солтүстік, Қиыр Шығыс бөлігіне жіберілетін болған. Қиыр Солтүстікке жер аударылудан оралған қазақтар жергілікті тұрғындардың иттерді шанаға жегетіндігіне ерекше таңданып айтатындығына байланысты бұл аймақты итжеккен деп атап кеткен» дейді аталмыш жобаның ұжымдық авторлары.
Өз кезегінде, кез келген қарапайым жанның басына келетін бірінші ой: «Ол жаққа да бекерден бекер жібермейді. Қазақтың талай асылының басын жұтқан тажал жер. Палуан соншама несімен жазықты болды?» деген сауал өз-өзінен сұранып тұрғандай ма, қалай? Қанша дегенмен, сол шақтағы аса ауыр айдау, қылмысы үшін жер аудару жазасы емес пе?
Өкінішке қарай «Ақмырза әулеті» кітабы сериялары осы жағына құнттап дерек бермей, тек итжеккеннен оралмағанын ғана түйіп, мұның қалай болғанын тәптіштеп өтпеген. Неге екенін, артындағылардың да сөз ауаны негізінен соның айналасында.
Дейтұрғанмен бұның мағлұматын сол Шөгенің қандасының тағы бірі, халық ақыны Әселхан Қалыбекованың өз атасы, ақын Ергөбек Құттыбайұлы туралы Алматыда 2011 жылы басып шығартқызған «Ергөбек» шығармалар жинағынан табамыз. Атап айтқанда, онда «Ергөбектің айдалғанда айтқаны» деген бөлім бар. Оның ұзын-ырғасы былайша өрбиді:
Ақ патша тұсында, Ресейде әскер қатарында қызмет ету мерзімі ұзақ, ауыр болған. Сондықтан орыстар ұлдарын әскер қатарына жіберуге ықыласты болмаған. Мүмкін болса жібермеуге немесе қысқа мерзімде қайтарып алуға әрекеттенген. Оның оңай жолы бұратана елден астыртын сәби ұрлап апарып параға беру болған. Егер қазақтың бір сәбиін ұрлап параға берсе, орыстың екі ұлын денсаулығы, отбасылық жағдайы келмейді деп әскерден босатады екен. Сондықтан орыс ақсүйектері өзінің жансыздары арқылы қазақ сәбилерін ұрлатып ала бастаған.
Осындай сұмдық надандық істер ең бірінші Сыр бойы, Жетісу жерінен бастап Арқада белең ала бастайды. Бұған халықтың ашу-ызасы келіп, Әбу-Садық бас болып ояз, болыстарға қарсы шығады. Жағдайдың шиеленіскенін сезіп, Ақпатша қылмысы әшкере болған кейбір ояздарды қазақ даласынан аластатып, ұрланған жас сәбилерді қайтарып беруге мәжбүр болады.
Заты пірсиян Түлкібай болыс патшаның жақсы дайындалған жансызы болып шығады. Қазақ арасына ұлтым ноғай деп сіңісіп кеткен оны ел Танноғай деп атаған. Танноғай майда тілді, шариғатты өте жақсы білетін, сонысымен айналасын үйіріп әкететін болған. Оны жұрт қу тілділігіне қарап Түлкібай деп атап кетеді. Түлкібайға жүктелген басты міндет Ресей империясының отаршылдық саясатын қазақ арасында байқатпай жүргізу. Осы орайда келген ояздар Түлкібаймен тіл табысқыш болады.
Ояздар бір келгенде Түлкібайды болыстыққа сайлайды. Айнала жұрт бұл істі бас иіп құп алады. Міне, осыдан бастап төрт айлық сәби мен бір жарым жастағы балдырғандар ұрлана бастайды. Ақыры бұл зұлымдық Арқаға да жетіп, онда да сәбилер жоғалады. Мұны Арқаның азаматтары Қытай, Қоқанның саудагерлерінен көреді. Кейіннен Ташкент саудагерлері Қайдауыл Шөге палуанға шындықты айткқанда, палуан тура Түлкібай болыстың өзіне барып бас салады. Сол күні-ақ, оязға тіл тигізді, болысты сабады деп Кайдауыл Құлшыгаш Шөге палуанды итжеккенге айдатып жібереді.
Осы оқиғадан кейін ашынған Ергөбек Түлкібаймен бетпе-бет келіп, осындай қылмысты астыртын істейтінін ел алдында бетіне басады. Оған алғашқыда ел сенбей ақынның өзін кінәлайды. Түлкібай ақынды ұстатып, маған жала жапты деп қолына кісен салдырып, Түркімен жаққа айдатып жібереді. Ол Түркіменнің Табаншөлінде екі-үш жыл түйе бағады. Сондағы Ергөбектің дегені:
Қырықтың сегізінен асқанымда,
Қара бұлт үйірілді аспанымда.
Айтқаным сәбилердің көз жасы еді,
Жақпады қызыл тілім қос залымға.
Айдaлдым Түркіменге, Табаншөлге,
Жала жапты жол баққан арам шөңге.
Болғаннан соң ажалсыз аман келдім,
Тартады екен осылай залал пенде.
Айтқаным сәбилердің көз жасы еді,
Менің халім арғыға озбас еді.
Тумай жатып түлкі жеп балапанын,
Сорлы қазақ тоз-тоз боп тозбаса еді.
О, пірсиян залымдар, құдай көрсін,
Ақыретте айыптап, жазаң берсін.
Ақ-қараны өттің-ау айыра алмай,
Иіс сезбес қазағым, қандай елсің?…
Бүгінде палуан сүйегінің нақты «итжеккеннің» қай тұсында қалғанын тап басып айту қиын. Мысалы, оған қарағанда күнгейге етене қыпшақ Төлебай батырдың Кенесары қозғалысы тоқтағасын біраз уақыт Түркістанда болып, артынан Қызылжарда қолға түсіп, Үркітте (Иркутский) айдауда жүріп қаза тапқаны мәлім. Ал заманы берірек болса да Шөгеге қатысты тырс еткен сыбыс жоқ. Алдына атап өткендей, бұл географиялық атау болудан бұрын сол кездегі қазақ санасын билеген таза этнографиялық ұғым. Жоғарыда айтпақшы, «дәстүрлі қазақы ортада қазақ азаматтарының аталмыш аймақтарға жер аударылуын «итжеккенге айдау» деп атаған. Итжеккеннің қатал табиғаты мен адам төзгісіз тәртібіне шыдамаған бас бостандығынан айырылғандардың көбісі қазаға ұшырап отырды. Көшпелі ортада итжеккенге айдалудың Барсакелмеске теңелгендігі сондықтан» (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі). Осы себепті, Шөге алып та көненің аңыз-ертегілік, қиссалық батырларындай Барсакелмеске кеткенге есеп.
Әдебиетші, этнолог Абдулла Жұмашевтың «Отаршылдыққа қарсы күрестің от жалынына оранған ақын» еңбегінде жазбақшы, бұл оқиға Ергөбек ақынның «Қырықтың сегізінен асқанымда» деуіне қарағанда 1913 жылдары, яғни бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында болған. Олай болса, соғысқа дайындық ретінде патша армиясына қосымша адам ала бастаған осы тұста «Орыс ақсүйектері қазақтың бір сәбиін ұрлап параға берсе, орыстың екі баласын әскерден калдырады екен» деген Ақпантай Байғұтовтың әкесі Әлиасқар қариядан жазып алған дерегінің ақиқат екені даусыз.
«Ақын айдаудан қайтып келгеннен кейін, сағынып қауышқан қалың жұртқа:
Кісендеп ұстатып ең сарыалқымға (орысқа),
Уа, ағайын, қалайсың, амансың ба?
Турасын айтамын деп Түлкібайға,
Ақының айналды ғой бодан құлға, – деп жат қолында жаны шырылдап кеткен жас сәбидің көз жасы үшін Түлкібай болысқа турасын айтамын деп соның салдарынан залымның залалына ұшырап, орыстың кісенінде кетіп, бодан құлға айналғанын, осындайда ақынына ара түсе алмаған ел жақсыларына жүрегінде шер болған өкпе-назын білдіре келіп, өзінен бұрын да Шөге деген палуанның осы сорақы тағылық әрекетке қарсы шығып, яғни Түлкібайдың астыртын бала ұрлаттырып, орыс асырып жіберетін қарақшылық әрекетін Ташкент саудагерлерінен естіп, ақиқатын білгенде ыза-кектен жарылып, Түлкібайды ұясындағы сарыөзек балапандарын жалмап жатқан айдаһарға түскен бүркіттей бүріп, бас салып, қанжоса етіп сабап, сонысы үшін итжеккенге айдалған ерлік ісін:
Қайран Шөге палуан Қайдауылдан,
Ол да мендей шырылдап қан жұтып ед, – деп паш ете отырып, өзінің де, Шөге палуанның да бұл құлдық күйге түсуінің негізігі саяси-әлеуметтік себеп-салдары Ресей империясы орнатқан отаршылдық жүйеде жатқанымен, оның бір шеті оған қарсы күресте дәрменсіздік танытка өз жұртында екенін:
Қонырат пен Дулаттың тілі жоқ кой,
Сәбиін тірі алғызған сарыалқымға, – деген жан айқайымен жеткізе отырып,
Сарт сипатпас құндағын сары орысқа,
Тірелсе де ұлы үшін жаны алқымға, – деп ашынған ақын Қоңырат пен Дулаттын жақсыларына құдайына салса, құндағына шаң жуытпас, бауыр еті бала дегенде рухы аскaқ көрші сарттан садаға кетейік дегенді меңзейді.
Дегенмен ақын:
Керейде Әбу-Садық сөйлегенде,
Ояз бен болыс тілі қырқылды ғой,
Бет болмай ел жүзіне карар сұмда.
Рахмет Дөңқасқаның баласына,
Табанқұмнан іздетіп мені алдырған,
Болмаса кесілер ем тағы он жылға, – деп орыс ұлықтарынын алдында Ресей империясының адамзат алдындағы бас қылмысы адам ұрлығын бетіне басып, масқаралап, үкімін шығарған Әбу-Садықтай, өзін айдаһардың аранынан құтқарған Дөңқасқадай ерлердің барын мақтан етіп, келер күндерден тәуелсіздіктің лебін сезгендей де болады» дейді тағы да А. Жұмашев.
Бірақ бұл қарсылықтар текке кеткен бе? Нәтижесі не болды?
Мұның соңы ұрланған сәбилердің ата-аналарына кері қайтарылуымен аяқталды. Сөйтіп, осы жолда шалынған құрбандықтардың өтемі болды. Яғни, «Сол замандарда Текқожа, Мұсабек, тағы-тағы Қоңырат руынан бірталай батырлар шығып, әлденеше жерде орыстармен соғыс жасайды, – деп Сәдуақас ақынның жазғанындай, Текқожа, Мұсабек, Әбу-Садық, Дөңқасқа, Ергөбек сынды т.б. өжет рухты ерлердің тегеурінімен сахарадағы сойқанды саясатының қылмысы ашыла бастағанын сезген Ақпатша амалсыздан кылмысы әшкереленіп калған кейбір ояздарын қазақ елінен аластатып, ұрланған сәбилерді емдеуге алдыртып едік деген жалған желеумен астыртын қайтарып бергізеді» (Ергөбек).
Бір бұл емес, Шөгенің өзге ерлердің елдік санасын оятып, тағы қаншама үлкен істерге бастау болған ерлігі, қайтпас қайсарлығы, сонымен қатар, мейірімділігі ел аузында айтылып келеді. Жұрт аман болса, отырарлық қариялар қадап айтқандай, әлі мың да мың айтыла да бермекші. Жерлестері алып күш пен әдіс иесі, əділдіктің жанашыры Шөге палуанды осы күнге дейін құрмет тұтып қана қоймай, аңыз ғып айтып, үлгі-өнегесін, бітім-болмысын асқан мақтанышпен әңгімелеуден жалықпайды.
Бір ғана мысал, Арыс қаласының құрметті азаматы, марқұм Әуезхан Салықбаевтың сөзінше, оның күрескен кезде қарсыласын «Шөк-ə!» деп лақтыратын өзге мықтылардан бір ерекшелігі болыпты. Әруақ демейді, басқа демейді, тап осылай рух алып, лепестейді екен. Бүгінгі жеңісінен жеңілісі басым заманауи палуандарға өз стилін қалыптау үшін ойланарлықтай жайт қой.
Айта кетерлік бір тұс, палуан «Шөк-ə!» деп лақтыратын Шөге» деген тақырыппен 2021 жылы Алматыда жарық көрген «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық кітапта есім-сойы ұмытыла бастаған 500-ге жуық киелі палуандар қатарында қамтылды.
Айтпақшы, бұл жерде де «Алып анадан туады» принцпінің жарқын мысалы бар десек артық емес. Сол айта беретін «Ақмырза әулеті» дерекнамасына қарағанда, Шөге палуанның жойпат алып болуы нағашы-тағаларына тартқандығынан деседі-дүр. Палуанның анасы туралы бұл жазбада мынадай ғажап баян баршылық:
«Дулат елінің қызы деп жоғарыда айттық. Өте ірі денелі екен. Аяғы ауыр кезінде мосымен су əкелуге Арыс өзеніне барып, екі мосыны əккішке іле көтеріп, үйіне бұрылғанда тоғайдың арасынан екі көкжал қасқыр қарсы шығады. Ауыздарын арандай ашып, екеуі екі жағынан шабуылдайды. Иығындағы мосы толы суды жерге қоямын дегенше, қасқырлар азулы тістерін екі балтырына салады. Келіншек оларды тақымының астына алып, отыра кетеді де: «Мынау даланың жабайы күшіктерінің маған өшігуін-ай!» деп жақтарынан екі рет тартып, қауын жарғандай айырып, мойындарын боршалайды. Омыртқасын үзіп, бірінен соң бірін анадай жерге лақтырып тастайды. Денесінен қан сорғалап, оны етегімен сүртіп тұрғанда үстінен түскен ауыл қариясы мына көрініске таң қалады.
Келіншек сасқанынан жалаңаш денесін жасырып, иіле сəлем беріп:
– Ата, мынау сізге байлағаным! Өте жақсы ішік шығады. Даланың тағысы ғой, терісінің құлпырып, түлеуін-ай! – дегенде қария:
– Айналайын-ай, аяғың ауыр екен. Алла қайырын берсін, тілеуіңе жет! – дейді.
Осы мезетте қасына күйеуі жетіп келіп:
– Əй, көксоққан, мен дауыс естілер «Құлар-Тұмсықта» мал жайып жүрмін ғой. Айқайламайсың ба? – деп қамшысымен əйелін екі рет тартып қалады.
Сонда қария:
– Тарт қолыңды, көргенсіз! Қап! Екі көкжал жетектеп келе жатыр еді, енді біреуі «Жырынды» болатын болды, – депті.
Келіншек егіз ұл туады. Біріншісі – есімі Алты-Арысқа шарлаған Шөге палуан. Екіншісі – қарақшы болыпты».
Қалай десе де, Шөге бұрынғы-соңғы ел мүддесі үшін күйіп кеткен азаматтар тізбесінде ойып тұрып қазақ тарихынан орын алуға әбден хақылы. «Ер елі үшін туады» демекші, ол да «елімдеп» еңіреп өткен бір ер. Ол тек бір рудың палуаны ғана емес, Оңтүстік өңірдің, қала берді бүкіл Алаштың ар-намысын жоқтаған абзал да ардақты алып тұлғасы. Сондықтан да ендігі тарихшылар толқыны оны назардан тыс қалдырмай, ел идеологиясының қажетіне жаратады деп үміттенеміз.
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ