Наурызбай батыр – атақты Абылай ханның немересі, Қасымның ұлы, Кенесарының туған інісі. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысында ерекше ерлігімен көзге түсіп, 1837–1847 жылдары Ұлы даладағы ең шытырманды оқиғалардың бел ортасында жүрді. Елім деп еңіреп, сол жолда жанын пида еткен күрескер. Оның баһадүр-балуандығы, әсіресе, алыпсоқ алыптығы хақындағы аңыз-әңгіме, жырлар өте көп сақталған.
Наурызбай әкесі Қасым сұлтан және өзге бауырларымен бірге бірінші кезекте Ресей отаршыларына қарсы күрескені мәлім. Яғни ол «түп мұратына жетпесе де, алып», қазақ тарихына өз есімін алтын әріптермен жазып қалдырған қаһарман десек те артық емес.
Батырдың туысы да ерекше. Көктем мерекесі, Ұлыстың ұлы айында –наурызда туғандарды халқымыздың киелі адамдар деп ұғып, сол айдың атын бергенін ескерсек, ол ел тарихындағы шапырашты Наурызбай Құттымбетұлынан кейінгі екінші осындай ныспылы батыр.
Міне, осы Науанның (Кенесары інісін кейде осылай атаған) жай уақытта әнші-күйшілік, құсбегілік, батырлық өнерден бөлек, түрлі формада күш сынасқанды, қажыр-қайрат, әл-қуатын көрсеткенді ұнатқаны турасында дерек көп. Тіптен, оның бұл ғадеті бала жаста ертек тыңдап отырып, айтушы: «Жау мына секілді кебежеге кіріп кетіпті» десе, ол әсерленіп, кебежені аса ауыр қылышпен екі бөліп тастаған күнінен-ақ басталған деуге де болады. Оны сол кезде көргендер «өңі жас та, тұлғасы мен түрі батыр сынды» деген көрінеді.
«Бір күні Кенесары ордасында батыр, билер басын қосып, біздің заманымызда асқан батыр кім деген әңгіме болып, «Ағыбайдан асқан ер жоқ», – деп Кенесары өзі бас болып, барлығы да Ағыбайды мақтай беріпті.
Осы әңгімені әлі атқа мініп жорыққа араласпаған он бес жасар
Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр болып тыңдап отырыпты. Сол түні Ағыбай жылқыны қарауылдауға кетіпті. Ай көтеріліп, түн ортасы ауған кезде жарық ай сәулесінің астымен ақбоз атқа мінген біреу ағызып келіп, Ағыбайға тап береді» деп толғайды бұл туралы «Халық кеңесі» газетіне шыққан мақаласында (1992 жылдың 11 маусымындағы саны) ф.ғ.к. Марат Әбсемет.
Алшын елінде жігіт сынайтын қария он алты жастағы оны көргенде: «Наурызбай, менің жасым жүз жиырмаға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа, жиырма-жиырма бестен аспассың, дүниеден арманда қалма!» – депті-міс.
Бүгінге жеткен сипаттаулар бойынша бітім-болмысы елден ерек біткен-дүр. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында (Ш.1331) сақтаулы қолжазбаға қарағанда, Наурызбай адамның сырттаны екен, түрегеліп тұрғанда екі қолы тізесінен төмен түсіп тұрады екен және білегі жәй адамдардың білегіндей екі айыр сүйек емес, тұтас сом сүйек екен дейді.
БҰЛ ЖЕРДЕ БАСҚАЛАРЫНАН, ЕҢ АЛДЫМЕН, КӨЗГЕ ҰРАТЫН НӘРСЕСІ – БАТЫРДЫҢ АСА БӘСЕКЕШІЛ БОЛҒАНЫ ЖӘНЕ СЫНАСЫП, КҮРЕСКЕНДІ ҰНАТҚАНЫ.
Айталық, «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 88-ші «Тарихи аңыздар» бөлімінде мынадай қызық баян бар:
«Бір күні Кенесары ерігіп отырып, кешке жақын балуан күрестірсе, Әжібай батыр күрескендерді жыға береді. Наурызбайдың жасөспірім күні екен. «Менімен күрес» деп Наурызбай тап-тап береді. Әжібай: «Қой, төре баласымен күреспеймін» деп екі рет қайтарады. Наурызбай: «Жоқ, күресем» деп үшінші рет тап бергенде, «Шиаяқ бота сияқтанған төренің баласы, бергелші» деп Әжібай алып ұрады. Наурызбай сұрланып жүре береді. Сонан кейін Әжібай Наурызбайдан сақтанып жүреді.
Бір күні Кенесары Ақмола қаласын шаппақ болып, солдаттарды бекіністі казармаға қуып тығады. Солдат ең алдымен таянып келген Басығара батырды атып жығады. Кенесарының қолы Басығараның сүйегін алып кейін қарай қашады.
Бір мезгілде Кенесары ханның аты оққа ұшып жығылады. Сол кезде батырлар өлгеніне қарамай атты қойып келіп, Кенесарыны өлген аттың үстінен көтеріп алып кетіп, ер-тоқымын да қалдырмай алып шығып, басқа атқа мінгізіп солдаттардан құтылдырды.
Кенесары құдайы қылып, жұрт алқа қотан жиналып отырғанда, Кенесары: «Е, жұрт, таршылықта жағаласқан жауды аңду керек еді, біздің батырлар бірін-бірі аңдиды, осымен жүріп ел бола аламыз ба?» дегенде, Наурызбай тұрып келіп: «Аға, қолыңызды беріңіз» деп Әжібайдың қолын ұстайды. Мұның себебі, кеше Кенесарыны батырлар жаудан айырып алуға батырлар жанталасып шауып келе жатқанда, Әжібайдың құйрығынан найза сарт ете түседі, артына жалт қараса, Наурызбай бүлдіргелі найзасымен Әжібайды атқан екен, найза төмендеп келіп ердің артқы қасын бөліп түсіп, құйрықтан қадалған сол екен. Әжібай мұны сыр беріп ешкімге айтпапты, басқа жұрт білмейді, жығылған аттың үстінде отырып Кенесарының көзі ғана шалыпты. Әжібай сол уақытта: «Құйрығым сыздап отырғызбай отыр еді, тек білдірмей отыр едім. Сол қол ұстағаннан кейін ғана Наурызбай бар жерде алаңсыз бел шешіп ұйықтайтын болдым» деген екен».
Бұл Наурызбайдың әлі жасөспірім кезіндегі мінезі мен күресі. Ал мынау оның ержеткендегі айперен Бұқарбаймен күрескені туралы:
Наурызбай Бұқарбаймен күресіп, кезектесіп сілтесуге кезегін Бұқарбайға береді. Бұқарбай қыл шылбырды беліне қос қабаттан салып тартқанда, Наурызбайдың табанын қозғалта алмаған екен дейді. Кезек Наурызбайға келіп, ол Бұқарбайды қос шылбырмен тартқанда, шылбыр үзіліп кеткен екен.
Сонда Бұқарбай: «Жетті енді, сенің күшіңнің басым екендігі айқын болды», – депті (ОҒК-нің сирек қолжазбалар қоры, No 1331 бума).
Әбден толысып, кемеліне келген сондағы Наурызбайдың келбетін Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай» жырында:
«Кімге апарып теңейміз,
Наурызбай сынды жасынды?!» деп теңеу де таппай кеткені, рас. Сол шақтары, ел аузындағы лепеске қарағанда, «Наурызбай төренің мінезі ауыл арасында әншейін жүргенде, періштедей екен. Ал жауға шапқанда, албастыдай түсі суық көрінеді екен» (Бабалар сөзі, 88 том).
Бұл орайда батырдың жолбарысты өлтіруі хикаяты өз алдына бөлек, сипаты жағынан ерекше әсерлі:
Бір күні бір шал баласымен қамыс қиып жүргенде, шалдың қасындағы баласын жолбарыс жарып тастайды. Шал қашып құтылып, Наурызбайға келіп айтады: «Жолбарыстан кегімді алып бер, егер әлің жетпей тырнағында қалып қойсаң, жаныңа бақыл бол» дейді.
Наурызбай: «Құп, болады» деп, қасына сегіз жігіт ертіп, тауға жолбарыстың жатқан жерін меңзе» дейді. Шалдың меңзеуімен жақындау келген кезде сегіз жігітті найзаларын жолбарысқа туралатып қаз-қатар жүргізеді. «Егер жолбарыс қарсы шапса, найзаға шаншып көтеріп аласыңдар» дейді де, өзі екінші жағымен озыңқырап кетеді. Бір уақытта жолбарыс келе жатқан сегіз көкжалды көріп, оларға қарсы шауып атылады.
Жолбарыстың зәріне шыдамай жігіттер аттарының басын кері бұрып найзасын қисайтып жібереді. Бірақ, атылған жолбарыс жігіттерге жете алмай, омақаса құлайды. Аздан кейін жігіттер кері айналғанда жолбарыстың екі бөлініп жатқанын көреді. Өйткені сол екі арада Наурызбай Ақауыз атпен ағызып келіп, жолбарысты белден бөліп кеткен екен дейді (Балуан тас).
Батырдың қайратына қатысты тағы бір күнгей елінің арасында сақталып, осы күнге жетіп отырған құлшығаштардың «Ақмырза әулеті» кітабындағы деректеме бүй дейді:
Төлебай батыр бірнеше би, сұлтандармен «Түкті баба шашты Әз-ізімге» зиярат жасауға барады. Осы жиыннан хабардар болған Наурызбай батыр Кенесарыдан қояр да қоймай рұқсат сұрап, жанына Тараз шаһары медресесінің «бас хазіреті» – Үрмет алымды ертіп және бірнеше айбарлы жігіттерін ілестіріп, таң намазында «Түкті баба шашты Әз-ізімге» жетеді.
Құран оқылып, құрбан шалынып, әркім білген ақиқаттарын айтып, зиярат жасалып біткен соң, қымыз ішуге отырғанда Наурызбай батыр сөзін бастайды:
– Ее, жиен батыр – хазіреттер, әжілер, молдалар ілімін айтады. Біз тілеуіне қосыламыз, сонда бізден не үрмет. Біз бас қосылған жерде не айтуымыз керек? Не көрсетуіміз керек? Бізден ұмытылмайтын бір жол қалу – ата-бабамыздан ізгі мұрат деп түсінемін.
Сол кезде Төлебай батыр қырық жеті жаста, ал Наурызбай жиырма бір жаста екен. Төлебай қою мұртын бір сипап, жас батырдың мына қолқасын айтпай түсініп:
– Ойлауыңа – толғауың сай екен, енді байламыңды айт! – депті Наурызбайға отты жанарын қадап:
– Күш сынасамыз, анау тұрған Қаранарды кім, қанша жерге дейін көтеріп барады?! Байлауым осы, – дейді.
– Көңілдегің осы болса, келістім, – дейді Төлебай батыр да. Осы кезде бас хазірет Үрмет алым:
– Батырлар, баталы жерде байламға келісіңдер. Түйінін мен шешпеймін, бірақ түйе киелі жануар. Әулиенің басында жанын азапқа салмай-ақ қойыңдар. Енді тоқтамайсыңдар, оған көзім жетіп тұр. Одан да анау тұрған түйенің салмағынан асып түспесе кем түсе қоймас «Қызыл тасты» көтеріп, өнерлеріңді көрсетіңдіер. Осыған тоқталайық, – дейді.
Төлебай батыр:
– «Анасын сыйлағанға Алланың нұры жауар» деген дана халқымыз. Нағашымсың, үлкен де болсам жолымды бердім, – дейді.
Наурызбай орнынан атып тұрып:
– Жиен жолын бергенде, желкем нені болса да көтереді, – деп талтаң-талтаң басып, «Қызыл тасқа» барып, «Уа, әруақ, тектілердің пірі қолда!» деп жерден жұлқи көтеріп, желкесіне өңгеріп, тура бес жүз қадам жүріп «Аһ» деп тастай салады.
Төлебай батыр да «Қызыл тасты» күректей екі алақанымен бұйым көрместен оң иыққа салып, үш жүз жетпіс қадам жүргенде сол аяғы мүлт кетіп, тас жерге сылқ етіп түсіп кетеді. Отырғандар:
– Батыр, енді райыңнан қайт, – деп қос білегіне жармасыпты. Осы кезде масаттанған, нар кеуделі Наурызбай батыр:
– Жиен, жеті әулие аузыңа түкірсе де нағашыларына жету қайда? – депті. Сонда Наурызбай батырмен үзеңгілес, ел ағасы жасына шамалап қалған Нарбота би:
– Текке күлесің, төре! Сол жамбасын «Сауылым – жайлауда» – еліңе жау берген, – дейді. «Сауылым – жайлаудағы» қанды оқиғаны Кенесары көп айта бермейтін, себебі, ол кезде Наурызбай төрт жасар екен. Осы Төлебай батыр жас Наурызбайға қауіп төнгенде ақырып келіп, дұшпанның найзасын қағып (жібергенде, жау сүңгісін мұның қара санынан) салады. Төлебай ақырып тұрып, найзасын жаудың қос өкпесіне қадап, аспанға көтеріп, лақтырып жіберген екен.
Айыбын түсінген Наурызбай батыр Төлебайдан кешірім сұрап, Кенесарыға ертіп барып, айыбын төлеп, үш күн күтіпті. Бұл қазақтың айбынды Төлебай батыры еді. Оның дәуірінде Қоқан хандығы қазақ жеріне аттап баспайтын (Жобаның жетекшісі Б. Сүлейменов. Шымкент).
ЖЫЛДАР ӨТЕ КЕЛЕ… Сүйінбай ақын Баба Түкті Шашты Әзізге барғанда ниеттес жиналған көпшілік қауқалап:
– Уа, Сүйінбай болсаң, сүрінбей сөйлеп, мынау әулиенің өсиетін, Қызылтастың қасиетін айт, – деп шулағанда үнсіз қалуға шыдамайды да, шапанын бір сілкіп:
– Ал, Сүйінбай, бастасын, Қоңырат ер Төлебай, нар кеуделі Наурызбай осы әулиеде жолыққан.
..Ассалаумағалейкум, Баба Түкті Шашты Әзізім! Қызылтасты көтеріп қазақтың қос батыр бірін-бірі сынапты. Әруаққа сөз бар ма, Алла бір айдап қосқасын. Нар кеуделі Наурызбай Қызыл тасты көтеріп бес жүз адым жүріпті. Ер Төлебай алғанда үш жүз жетпіс адым барғанда, сол аяғы сүрініпті. Қалған сөзді халық айтсын, Сүйінбай сүрінбей тұрғанда осыменен тоқтасын. Уа, жиналған момындар, осыған ырза болыңдар. Әулиенің түбінде қозғамайын басқасын, – деп тоқтайды (Түркістан кітапханасы).
Сөзіміздің ақиқаттығына жалау болатын мына оқиғаны да айта кеткен жөн.
Иманберді болыс болып тұрған кезінде «Ел арала» деген шошымалы түс көріп, дерттенген соң, жанына Еркөбек ақынды, маңғытай Таскелді шабандозды, емші Бақсылы қожаны алдырып, үш түйеге бір айлық азық-түлік артып, Түркістаннан бастап бірнеше әулиелерді аралап, ақыр соңында Баба Түкті Шашты Әзізге барғанда жиырма екі жастағы Еркөбек ақын шабыттанып:
– Қарсы алдымда Түкті Баба Шашты ма,
Кімдер келмеген бұл жерге?!
Қоңырат ер Төлебай қырық жеті жасында,
Нар кеуделі Наурызбай жиырма бірдің басында,
Күш сынасқан киелі орын.
Қос батыр кезек көтерген,
Сол Қызылтас осы ма? – деп тасқа тәу етіпті.
Сол Қызылтасқа барғанда Қоңыраттың азаматтары: «Төлебай көтерген Қызылтас қайда?», – деп іздесе, төренің жігіттері: «Нар кеуделі Наурызбай көтерген Қызылтас қайда?», – деп барған екен (Сонда).
Қош, мұндағы Ағыбай, Әжібай, Бұқарбайлардың есім-сойы мен тұлғасы жалпақ елге кеңінен таныс. Жеткілікті деңгейде зерттелген, зерделенген тұлғалар қатарынан. Ал мұндағы Кенесары-Наурызбайларға жиен Төлебай батыр кім?
Ол туралы да аз-кем дерек бере кетелік: Төлебай батыр Құлшығаштың Лепесінен. Туған жері – Үш үйрек. Балалық шағы Мұрынқарақта (Қазіргі Отырар ауданы аумағы) өтеді. Анасы Зия төренің қызы. Әкесі момын, палуан болған.
Оңтай Төлебай батыр шолақ жеңді сауыт киген, иығы еңкіш келген, өте сіңірлі, сүйегі ірі адам болған. Жызақ жеріндегі Пістелі әулиеде жерленген (Ақмырза әулеті).
…НАУРЫЗБАЙДЫҢ ӨЗІ ҒАНА ЕМЕС, ЗАМАНДАСТАРЫ ДА МІНЕКЕЙІҢІЗ, ШЕТІНЕН ҚАНДАЙ АЛЫП БОЛҒАН!
Жалпы, «замандастары» дегеннен шығады, Ағыбай батыр Науанға «Найзағайдай жылдам» деп баға берген. Денесінің ірілігіне қарамастан өте шапшаң қимылдайтын болыпты. Балуанға түскенде де жасындай жарқылдаған. Мұнысы әсіресе, найзагерлігінде көрініс береді екен.
Наурызбай жігіттерін найзагерлікке үйреткенде тостаған төңкеріп, түбіне жұмыртқа отырғызып, шауып өтіп бара жатып найзамен түйрейді екен. Ал Наурызбай өзі өткенде жұмыртқаны орнынан түсірмей үш түйреп кетеді екен (Бабалар сөзі).
«Наурызбай бір мезгілде найзамен шаншып, қылышпен шауып, қанжармен жарып, мылтықпен атып, бес қарудың бесеуін де жұмсап кете алады» деп есептеген қаруластары. Наурызбай көп қолмен (ішінде Кененің өзі де бар) кешке жақын қалың орманда келе жатса, соңдарынан бір зор қабан қалмай, ақыры оны солай бесеуге жалындырыпты.
Бірақ бұлардың бірде-біреуіне «қалыптан тыс» деп қарауға болмайды. Өйткені оның барлық қайнарларда Кенесары жанында арнайы тапсырмаларды орындаушы әскери топты басқарғаны айтылады. Яғни кәсіби жауынгер. Алып та, шалып та жығатын, қарудың бар түріне жетік, жұдырықтасуға да шебер, бесаспап жойқын болмай абырой қайда? Сондай болуға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, нағыз көшпенділік S.W.A.T. Көптеген кітаптарда, атап айтқанда, айтулы «Бабалар сөзі» жүзтомдықтағы «Мәтіндерде кездесетін тарихи және діни есімдер» анықтамалығында да бұ деректің шындығы тұр. Демек, Науанның үнемі өз-өзін дайындықта ұстау үшін күштілермен сайыс іздеп жүруі қалыпты жағдай. Қалай дегенде де заманында жалпағынан жүріп қойған, дәуренін барынша сүріп өткен атпал тұлғамыз.
Осы Наурызбай қырғызда өлерінде: «Жиырма беске жеткенім жоқ, бірақ жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім. Тіршілікпен бұл жалғанға менің арманым жоқ» депті» дейді.
Рас, Нысанбай жырау жырлағандай, «Балуанды тойға жолықты. Алыстан тоят көздеген». Алайда бұл да ел рухын, мемлекеттілік пен елдік сананы өлтірмей ұстап тұру үшін керек құрбандық болатын. Күш қарсы күш тудырды. Ақыры сол күш басын да жұтты. Енді мұның әділет таразысы қияметте ғана мағлұм болмақ.
P.S. Кенесары, Наурызбай, қолбасшы Ағыбай батыр қырғыздармен болған соғыстың бір кезеңінде Алатаудан ағып Ыстықкөлге құятын Құмбел өзенінде кездесіпті. Өзеннің ағысының қаттылығы тастарды домалатып ағызады екен, ешқандай өткел бермепті. Сонда Ағыбай батыр: «Ой, арғындар (қазақтар)! Сендер әуп десеңдер Алатауды да құлатасыңдар, аттарыңнан түсіп, қару-жарақтарыңды бір жерге үйіп, өзенді ағысынан тас тастап, бөгендер», – депті («Ақжолтай Ағыбай батыр» кітабы). Сонда да Наурызбайдың басқа батырларға көз қылып көтеріп лақтырған ірі тастарына басқалар таңдай қағып, бас шайқаумен болған деседі. Ақырында әскер сол Құмбелден шығын берместен, есен-сау өтіп кеткен.
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан Қалназаров