Сізге Алла разы болсын. Елдің қамын жеу, елі үшін күйіну әрбір мұсылманның міндеті болмақ. Ал, енді сіздің сұрағыңызға тоқталайық;
Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани құндылықтарды сақтаған, оларды ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра етіп қалдырған халықтың ғана өркениетті ел ретінде жарқын болашағы бар. Бүгінгі аға буынның міндеті – әр түрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі Ислами құндылықты қаз-қалпында келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру болып табылады.
Бүгін қоғамымызда мұсылман қауымы арасында салафшілдік, уаһабшылық құраншылық сияқты т.б. неше түрлі ағымдарға бөліну белең алып отыр. Таза исламды ұстануды ту еткен аталмыш ағымдар көне заманнан қазақ даласын мекендеген мұсылмандардың ұстанып келген сара жолы – Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Хакім Абай, Шәкәрім Құдайберділер ұстанып, бізге мирас етіп кеткен дәстүрлі Исламды, атап айтқанда, Ханафи мазхабын мойындамай, таза Исламның көрінісіне кір келтіріп, белгілі фобиялар тудыруда. Оның соңы экстремистік, ақыры аяғында террористік әрекеттерге ұласып та жатыр.
Мысалы, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген исламы, яғни Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы дұрыс емес, салт-дәстүрді ұстануға болмайды, ата-бабаға құран бағыштау және шелпек тарату дұрыс емес, тек Құран мен сүннетті ғана ұстану керек деп, Құран мен сүннет түгілі, таяқты «әлиф» деп танымайтын қарапайым жастарға болмысы бұлыңғыр, мазмұны маргиналды жол меңзейді.
Ең қауіптісі, деструктивті діни ағымдар осы әдісті қолдану арқылы жастарды экстремизимге алып барады. Олар жастар арасында өзі ұстанған жолдағылардан басқа мұсылмандармен, туған-туыстарымен, тіпті, әке-шешесімен араласпауға, қарым-қатынастарын үзуге дейін алып бару тәсілін де қолданады. Нәтижесінде әке-шешесінен, туған-туысынан, достарынан қол үзіп қалған жастар оңай басқарылып, экстремистік мақсатта қолданылатын дайын тірі өнімге, құралға айналады. Демек, ата-бабамыз ұстанып келген сара жолдың тағылымы мен көрнісін өзгерту, оның дұрыстығына күмән тудыру экстремизмге шақырудың алғы шарты ретінде қолданылып отыр.
Ата-бабамыздың ықылым заманнан бері ұстанып келген сара жолы – 2011 жылы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесінде атап көрсетілгендейисламның Ханафи бағыты. Әлем мұсылмандары шариғат заңын ұстануда Ханафи, Шафи’и, Ханбали, Малики болып бөлінсе, сенім мәселесін Матуриди және Әшғари мектептерінің қағидалары арқылы таниды. Бұл екі мектептің қағидалары мен ұстанымы – классикалық дәстүрлі ислам. Яғни, екеуі де Құран Кәрім мен Мұхаммед Пайғамбардың сүннет жолына негізделген.
Ал, Әбу Ханифа мәзхабы – біздің өмір салтымызбен біте қайнасып, үндесіп жатыр. Бұл діни мектептің біздің болмысымызда тамыры тереңге кетіп, ұлттық мәдениетімізбен сабақтасып кеткен. Бір сөзбен айтқанда Әбу Ханифа мәзхабы – қазақ мұсылмандығының алтын діңгегі. Қазіргі таңда дінге бет бұру артып келе жатқан, кептелісі көп өмір жолында қазақ жастары үшін Әбу Ханифа мәзхабы – «жол бағытын реттеуші бағдаршам іспетті» десем артық айтпаған болармын.
Алланың аяты мен Пайғамбар хадисіне терең бойлаған көреген көшбасшымыз – Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында:«Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзхабын ұстанатын сүнниттерміз.Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.»-деп, тегіннен-тегін айтпаса керек.