Әл-Кердери өзінің «Манақиб Әбу Ханифа» атты шығармасында Имам Ағзам Әбу Ханифаның халифа Мансұр мен жұбайының арасындағы келіспеушілікке былай деп төрелік жасағандығын баяндайды:
Мансұр халиф өзінің некелі жұбайын шеттетіп, үстінен әйел алғысы келеді. Халифтың бұл қылығына бәйбішесі наразылық танытады. Жұбайының аптығын басу үшін халифа:
– Бұл мәселеге төрелік айтуға кімге риза болар едің? – дейді. Ханшайым:
– Әбу Ханифаға, – дейді. Мансұр халифа дереу құзырына Әбу Ханифаны шақыртырып, оған:
– Мұсылман ер адамға қанша әйел алуға рұқсат бар? – деп сұрақ қояды. Ол:
– Төртеу, – жауап береді. Халифа:
– Ал, күңнен қанша алуға болады? – дейді. Әбу Ханифа:
– Қалағанынша алуына рұқсат, – дейді. Халифа:
– Бұл үкімге біреу-міреу қарсы келе ала ма? – дегенде, Әбу Ханифа:
– Жоқ, – деп жауап қатады.
Мансур халиф әйеліне қарап оған жеңілдің дегендей:
– Естідің бе? – дейді. Сонда Әбу Ханифа:
– Бұлай етуге (төрт әйел алуға) Алла Тағала әділ мұсылмандарға ғана рұқсат етті. Әділетсіз немесе әлсіз адамға бір әйелге ғана үйлену керек. «Ниса» сүресінің 3-аятында: «Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы», – делінген. Біз Жаббар Хақ қалаған әдеппен жүріп, дін насихатына мойынсұнуымыз керек, – дейді.
Әбу Ханифаның өсиетін естіген Әбу Жағфар әл-Мансұр үнсіз қалады. Ал, Әбу Ханифа орнынан тұрып, үйіне қайтады. Ол үйіне жеткен кезде ханшайым оған бағалы тарту-таралғы, киім-кешек, мысыр есегі пен қызметші күңді сыйлыққа жібереді. Сонда Әбу Ханифа ханшайымның қызметшісіне:
– Сыйлық берушіге менен сәлем айтарсың. Мен дінім үшін қызмет етіп, Алланың разылығы үшін төрелігімді айттым. Бұл қылығымен біреуге жағымпазданайын деген жоқпын, – дейді.
Мұхан ИСАХАН
Мына жазбаны қазіргі ер -азаматтар оқсыса жақсы болар еді) Осындай даналық пен ақылдылық бойларынан табылса бір ғанибет.