Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінің 2024 жылы бітіруші түлектері диплом алды.
Түлектерге диплом табыстау рәсіміне ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы арнайы қатысты.
Алдымен наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы түлектерге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, шәкірттердің басып жатқан жаңа қадамдарына сәттілік тіледі және дін жолында аянбай еңбек етуге шақырып, ақ батасын берді.
«Әулиелерден қалған сөз бар: «Төрт түрлі нәрсенің анасы бар: әдептіліктің анасы – аз сөйлеу, құлшылықтың анасы – күнә жасамау, амандықтың анасы – сабыр етпек, дәрінің анасы – аз жемек». Құрметті түлектер сіздер де осы бір аталы сөзді өмірлеріңізге ұстаным етіп алғайсыздар» – деп атап өтті.
«Әбу Ханифа» медресе-колледжін биылғы 2023-2024 оқу жылында 33 шәкірт диплом алды. Оның ішінде 2 бітіруші түлекке үздік қызыл диплом табысталды. Білімін жалғастыруды көздеген 15 шәкірт Нұр-Мүбарак университетіне оқуға тапсырушы талапкерлер қатарында. Ал қалған бітіруші түлектер діни қызметке жолдама алды.