«Құрметті Әбсаттар қажы! Биік мансабыңыз бен жемісті кәсіби және қоғамдық қызметіңіз Сізге тек өз еліңізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де әлемдік ғылыми ортадан құрметті орын алуыңызды қамтамасыз етті. Сократ атындағы номинациялық комитет Сізді ғылым және білім саласы бойынша «Ғылымдағы есім» (The Name in Science) құрмет сыйлығымен марапаттауға лайықты деп тапты. Бұл құрметті атақпен қоса, «Әлемдік ғылымға қосқан үлесіңіз үшін» берілетін арнайы диплом Сіздің әлемдік ғылыми ортадағы беделіңізді одан сайын асқақтата түсетініне сенімдіміз». Бұл 16 мемлекеттен құралған Академиялық Одақ, Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА), қоғамдық беделді ұйымдар, ғылыми кәсіби және шығармашылық одақтардың қатысуымен Францияның Канн қаласында орналасқан халықаралық Сократ комитетінің шешімі екен.
Қазақ ғалымының қайраткерлігі халықаралық алаңда бағаланғанына іштей қуандым. Есімі елімізге кеңінен мәлім көрнекті ғалым, шығыстанушы-арабист, белгілі қоғам және дін қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігі Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлімен жұмыс барысында жиі жолығып тұрамыз. Осы хабарды естіген соң, ертесіне абзал ағамызды аталмыш марапатымен құттықтадым. «Таза адамдарда барлығы да таза» деген француз жазушысы Ромен Ролланнның сөз қалған. Үнемі үсті-басы мұнтаздай таза жинақы жүретін, тың әрі епті қозғалатын Әбсаттар аға жадыраңқы жүзбен күлімдеп, ризашылығын білдіріп жатты. Бойы мен ойынан зиялылық пен зияткерліктің лебі сезіліп тұратын бұл кісінің жақында жетпіске толатынын ойлап, оның кісілік келбетін көз алдымда тағы бір елестетіп, сананың саралауынан өткізуге тырыстым.
Ия, әңгіме атақ пен даңқтан шығып отыр ғой. Халықаралық даңқты ғалымдардың қатарына енген шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлиевтің қазақ арасындағы атағы 1970-ші жылдардан бастап шыға бастаған. Сол бір кеңестік кезеңдегі атеизмнің дәуірлеп тұрған тұсында көзі қарақты оқырман «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Жалын» журналдарына басылған арабтың Мағриб әдебиеті туралы, әл-Фараби туралы жазылған мақалаларды тұщына оқыған сыңайлы. Одан кейін 1980-жылдары Ә. Дербісәлиевтің «Араб әдебиеті. Классикалық дәуір» (Алматы, 1982), «Шыңырау бұлақтар» (Алматы, 1982), «Мың бір түн елінде» (Алматы, 1986) атты кітаптарының жариялануы, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде араб филологиясы кафедрасы мен шығыстану факультетін ашуға мұрындық болуы оның абыройын асқақтата түскен. Менің бала күндеріме сәйкес келетін бұл уақытта ауылдағы үлкен кісілердің, олардың арасында өз әкемнің де, Әбекеңнің әрекетіне ырзашылық танытып отыратынын көзім көрген. Менің ойымша, бұл сол заманғы коммунистік идеологияның қысымының салдарынан жапа шеккен араб тілі мен әдебиетіне деген, шығыс қоғамдарының тарихы мен мәдениетіне деген, ұлттық руханият пен дінге деген шөліркеуден туған ризашылық сияқты көрінеді.
1990-жылдары «Ежелгі араб елінде» (Алматы, 1992), «Қазақ даласының жұлдыздары» (Алматы, 1995) кітаптарының жарыққа шығуы, қазақ топырағында туып-өскен ортағасырлық ғұламалар туралы мақалалар сериясының жариялануы халықтың көңілінен шықты. Әсіресе, әлемге «Екінші ұстаз» атымен танымал болған даңқты бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби мен «Әзірет сұлтан» есімімен халықтың жүрегінен орын алған Қожа Ахмет Йасауидің рухани мұрасын зерделеуі, қазақ жоғары білімінің қара шаңырағына әл-Фарабидің есімін беруге атсалысуы, ақырында Сирия астанасы Димашық қаласындағы ұлы баба зиратына туған жердің топырағын апаруы ел арасына аңыз болып тарады десек, артық айтпағандаймыз.
Әбсаттар аға Дербісәлиев кейінірек өзінің сан-салалы қызметінде – ағартушылық, ғылыми, ұйымдастырушылық, діни, дипломатиялық қызметтерінде – қайда болмасын халқын шын сүйген перзенті ретінде осы бағыттағы жұмысынан айныған емес. Шетелдік іссапарлар барысында мұражайлар мен мұрағаттарда сирек қолжазбалармен көз майын тауыса жұмыс істеудің нәтижесінде ортағасырлық араб-парсы-түркі өркениетіне өзіндік үлес қосқан 200-ден астам түбі қазақ ойшылдарының аттарын әйгілі етті. Бұлар Арыскент, Баласағұн, Женд, Иқан, Йасы, Қарнақ, Кедері, Отырар, Тараз, Түркістан, Сайрам, Сығанақ тәрізді қадым заманғы қалаларда білім мен тәрбие алып, ортағасырлық араб халифаты мен кейінгі мұсылман мемлекеттерінің өркениетінде өзіндік із қалдырған ғұлама ғалымдар, факих-имамдар болатын. Бергісі Түркиядағы кітапханалар мен қолжазба қорларын айтпағанда, сонау Марокко мен Испания тәрізді мағриб елдеріндегі жәдігерліктерді жинаған профессор Ә. Дербісәлі тынымсыз ізденісінің нәтижесінде соңғы бес-алты жылдың ішінде қазақ халқын Хұсам ад-дин ас-Сығнақи, Һибатуллаһ ат-Тарази, Қауам ад-дин әл-Иқани тәрізді тарихи саңлақтармен таныстырып, кітаптарын бастырып шығарды.
Әбсаттар қажы Дербісәлінің шетелдік іссапарларының терең ғылыми ізденістік сипатымен қатар, ұлы бабалардың ұмыт болған қабірін тауып, арнайы құран бағыштап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыстап кеткен азматтығының да үлкен тәрбиелік мәні бар. XVI ғасырда өмір сүрген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл әрі тарихшы, ақын әрі дарынды қолбасшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің рухани мұрасын зерделеуге, тәуелсіз Қазақстанда дулатитану ғылымын өркендетуге шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлінің өзіндік үлес қосты. Ол Үндістанға, Кашмирге арнайы ғылыми сапармен барып, ұлы бабамыздың жатқан қабірін тапты және ол туралы алғаш рет өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық жазды, кейінірек оның «Тарих-и Рашиди» еңбегін жариялауға атсалысты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі осындай ортағасырлық ойшылдардың мұрасын зерделей жүріп, өзі де оларға тән энциклопедизмді бойына сіңірген сыңайлы. Оның ғалымдығы мен тақуалығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы ретіндегі, Бас мүфти ретіндегі діни қызметті абыроймен атқаруға үлкен септігін тигізбесе, еш кедергі болған жоқ. Азаматтық қоғам құруды бағдар тұтқан зайырлы, құқықтық мемлекет ретіндегі Қазақстандағы діннің рөлін Мүфти қазірет жақсы түсіне білді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын ол былай деп айқын түсіндірді: «Біздің қоғамның конфессиялық кеңістігіндегі 70 пайыздық үлес мұсылмандарға тиесілі. Демек, Ислам Қазақстанның әлеуметтік-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде жетекші орын алады. Дегенмен, конфессионалдық әртектілікті үнемі ескеру қажет. Ар-ождан бостандығы мен дін ұстану еркіндігі, өзге дін өкілдеріне деген төзімділік пен құрмет, мемлекет пен дін арақатынасы мәселелері әрқашан өзектілігін жоймақ емес. Өйткені дінаралық толеранттылықты сақтау елдегі қоғамдық-саяси тұрықтылық пен этносаралық ынтымақтың, әлеуметтік-экономикалық гүлденудің аса маңызды шарттарының бірі. Сондықтан біз мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік серіктестік пен рухани келісімге бағытталған оң саясатын қашанда қолдаймыз. Қолдай отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлттық және діни мәдениеттерге деген жағымсыз қатынас пен төзімсіздікке, өшпенділікке, діни негіздегі фанатизм мен экстремизмге қарсы екенін мәлімдеп келді, сол ұстанымында қала берді. Өйткені бұл келеңсіз құбылыстар діннің шынайы рухының өзіне қайшы келеді. Ал діннің атын жамылып жасалған кез келген қаталдықты, лаңкестік оқиғаларды «дінге қарсы жасалған қылмыс» деп санаймын».
Кейде қазіреті Әбсаттар қажының осы лауазымдағы қызметі тұсында ислам атын жамылған дәстүрлі емес ағымдар белең алып кетті, оған қарсы жұмыстар жүргізілмеді деген орынсыз пікірлер айтылып жатады. Мұны Бас мүфтидің жоғарыда келтірілген ұстанымы, сондай-ақ оның «Біз ұстанатын діни жол», «Имам әл-Матуридидің ақидасы: мәні мен маңызы», «Дәстүрлі ислам: ерекшеліктері мен құндылықтары», «Ислам әдептері», «Дін, Отанды сүю және ынтымақ пен бірлік» және т.б. терең әрі көлемді мақалаларында білдірген көзқарастары мен әр алуан деңгейдегі конференциялар мен семинарларда, алқалы жиындарда (көпшілігін өзі ұйымдастыруға атсалысқан) сөйлеген сөздері теріске шығарады.
Діннен алыс, исламнан хабары жоқ шаласауатты интеллектуалдар мен сарапшылар экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етпеді деп ҚМДБ-ны кінәлап жатады, тіпті бұл құқықбұзушы құбылыстардың ошағын мешіттен іздеп жатады. Осылайша діни уағыздардағы ерекшеліктерді (діни ағымдар туралы пікір айтудан, қаралаудан, күйе жағудан аулақ болу, дінге жалаң уағызбен емес, көркем мінезбен, терең діни біліммен тарту, лаңкестік туралы көп айтып, қоғамды қоздырғаннан гөрі, көбірек жақсы сөз айту, пайғамбарлар мен сахабалар өмірінен ғибратты әңгімелер айту, жамандықтан жирендіру мен жақсылыққа үйретудің әдейі таңылмаған (дінге тартудағы жаңа діни ағымдар мен секталардың әдіс-тәсілдері сияқты емес) бейтарап әдісі арқылы жүзеге асуы) терең білмеуінің салдарынан исламды саясат ауқымына кіргізуге өздері де үлес қосатынын аңғармайды.
Бір сөзбен айтқанда, Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің жеке көзқарасында да, діни қайраткерлік қызметінде де зайырлы қоғамдағы дінннің рухани бейтараптылығын сақтады, дінді саясиландырудан аулақ болды. Діни бірегейлік пен оны ұстануда өзі өмір бойы зерттеп келе жатқан ортағасырлық ойшылдармен қатар, бертіндегі Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім тәрізді қазақтың діни ойшылдарының ұстанған матуридилік рухты бойына сіңіріп, рухани сабақтастықты жалғастырып, өзіндік тұлғалық бітім-болмысы мен кісілік келбетін сақтай білді.
Бүгінгі күні Әбсаттар қажы Дербісәлі жетпіс жасқа толып отыр. Бірімізге замандас-әріптес, бірімізге абзал аға әрі ұлағатты ұстаз, жалпымызға рухани парасаты мен адамгершілік мәдениеті мол адам болып келетін мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, түбі қайырлы болатын рухани-шығармашылық жетістіктер тілейміз! Қарымды қаламыңыз мұқалмасын, ыждаhатпен еткен еңбегіңіздің зейнетін көріңіз!
Бақытжан Сатершинов
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану
институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, доцент