Сұрақ: Аборт жасаған акушер-гинеколог күнә арқалай ма?
Жауап: Шариғат үкімдерінің бес мақсатының бірі (дін, ақыл, дүние-мүлік, ар-ұждан) – адам өмірін қорғау болып саналады.
Ананың құрсағындағы шарананың да өз құқығы бар. Еркектің ұрығы мен әйелдің жұмыртқасының қосылуымен пайда болатын құрсақтағы шарананың себепсізден себепсіз ғұмырын ешкімнің қиюға қақысы жоқ. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде кім бір адамды жазықсыз өлтіретін болса, ол жер бетіндегі барлық адамды өлтіргенмен тең» (Мәйда, 32) деп бұйырады. Яғни, негізсіз түсік тастау амалын жасау үлкен күнә болып табылады.
Ислам ғұламалары түсік жасатауды екіге бөліп қарастырады:
- Жан берілгенге дейінгі түсік жасату;
- Жан берілгеннен кейінгі түсік жасату.
Жан берілгенге дейінгі түсік жасатуға қатысты да ғұламалар арасында түрлі көзқарас бар. Кейбір ғұламалар шарананың бойына әлі рух берілмегендіктен, бұл кезеңде аса қажеттілік туындаса, айып төлеу (5 түйе немесе 212 грамм алтын) арқылы түсік жасатуға болады дейді. Мысалы, Ибн Абидин: «Қажылық кезінде құстың жұмыртқасын (жұмыртқа құстың негізі) жарғаны үшін де құн төленеді. Олай болса, түсіктің де жазасы болуы керек» дейді.
Ал, жан берілгеннен кейін (120 күн) құрсақтағы шаранаға түсік жасатуға шариғат ада-күде тиым салады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің ана құрсағында жаратылуларың 40 күннен тұрады. Ұрық алдымен (қырық күнде) тамшы, (қырық күнде) ұйыған қан, сонан соң (келесі қырық күнде) кесек ет болады. Осыдан кейін ана құрсағындағы балаға періште жіберіледі де, ол балаға рух береді…» (Бұқари, 3/1212) деп құрсақтағы шарананың 4 айдан соң адам санатына жататынын айтады. Олай болса, шариғат бойынша 4 айдан кейін себепсізден себепсіз түсік жасату – адам өмірін қиғанмен тең саналады.
Шариғат бойынша ананың өмірін сақтау мақсатында ғана түсік жасатуға рұқсат етіледі. Яғни, акушер-гинеколог негізсіз түсік жасау шарасын жасаса, ол үлкен күнә болып саналады.
Мұхан ИСАХАН