– Бүгінгі күні мұсылман адамның тұлғасы туралы мәселе өзекті. Оның үстіне қоғамда келеңсіз оқиғалар көбейген тұста, сауалды алдымен мейірімділіктен бастасақ. Ислам діні мейірімділік пен жанашырлық туралы не дейді?
– Әлхамдулиллаһ. Уассаләту уәссәләму аля РасулилЛәһ.
Құран кітапты ашсақ кітаптың алғашқы аяты: «Бисмилләһир рахманир рахим» деген аятпен басталады – «Аса рахымды, ерекше мейрімді Алланың атымен» деген мағынада. Ханафи мәзхабында Құрандағы «бисмилләлар» өз алдына бір аят боп есептелінеді. Ал, Шафиғи ғұламалары фатиханың басындағы бисмилланы фатиха сүресінің бірінші аяты деп санаған. Қалай болғанда да, қасиетті Құран кітабы «Аса рахымды, ерекше мейрімді Алланың атымен» деген аятпен басталып тұр. Мұның өзі көп нәрсені ұғындырады.
«Уә, пендем! Бұл кітапты мейірім назарымен оқы. Онда зорлық-зомбылыққа, қараниеттілікке орын жоқ» деп тұрғандай. Құран аяттарының қай-қайсысы болмасын, мейірімділік негізіне құрылған. Оны оқып отырғанда көкейге мейірім нәрі құйылып жатқандай сезінесіз.
Бұнымен қоса, Әнбия сүресінде Жасаған Алла өзінің сүйікті пайғамбарына: «Біз сені әлемге тек рақымдылық жаршысы ретінде жібердік» – деп бұйырады. (Әнбия сүресі, 107 аят). Содан болса керек, Алла елшісінің барлық сөздерінің астарында мейірімділіктің иісі аңқып тұр. Мысалы бір хадисте былай дейді: «Рахман Алла рақымды адамдарды өз рахымына бөлейді. Жер иелеріне (жердегі тіршілік етіп жатқандарға) рақымдылық етсеңдер, аспан иелері (періштелер) сендерге рақым етеді. Туысқандық – Рахман Алладан бір тармақ. Кім туыстық байланысты үзбесе, Алла да онымен байланысты үзбейді. Кім туыстық байланысты үзсе, Алла да онымен байланысты үзеді» (Әл-Хаким:әл-Мүстәдрак).
Өкінішке қарай, мұсылман ретінде біздер Құранды аз оқимыз. Тіпті, апталап Құранның бетін ашпаған кездеріміз болуы мүмкін. Құран оқымағаннан кейін жүрек қарая бастайды. Қарайған жүректе мейірім қалай болсын?!
– «Басыңа шалма орадың, үстіңде сүннет көйлек, қолыңда тасбих. Бірақ, мұсылман болмадың» дейді Яссауи. Жалпы, мұсылман қайтсе мұсылман атына лайықты болады?
– «Сахих Мүслімде» риуаят етілген бір хадисте Алла елшісі: «Шынында, Алла сендердің түр-сипаттарыңа немесе мал-дүниелеріңе қарамайды. Ол сендердің жүректеріңе және жасаған істеріңе қарайды», – дейді. (Сахих Мүслім. Кітабуль Бир.) Қожа Ахмед Яссауи бабамыздың аталмыш сөзі осы хадиспен ұштасып тұр. Сақалымызды қанша ұзартсақ та, балағымызды қанша қысқа қылсақ та немесе сәлдемізді қанша үлкейтсек те жүрегімізге иман нұры қонбайынша аты бар, заты жоқ мұсылман болып қала береді екенбіз.
Мұсылманның қандай болу керектігінің ереже-қағидаттары Құран аяттарында, Пайғамбарымыздың хадис шарифтерінде ашық баяндалған. Үлгі алар тұлғалар да көп. Діни құндылықтардың бәрі біздің табиғатымызға бөтен емес. «Әр адам – Ислам табиғатында жаратылған» дейді Алла елшісі. Ислам не деген болса, сол нәрсе адам бойындағы бар қасиет. Мақсат – соларды ояту. Енді, әр мұсылман соларды күнделікті тіршілігінде пайдаланып, өзінің жүріс-тұрысын сол құндылықтарға сәйкестендіріп жүрсе, аты затына сай болары сөзсіз.
Мұсылман үнемі ішкі күресте болады: нәпсімен күрес, ойымен күрес, әр сәтте азғырып тұратын Ібіліспен күрес. Нәпсіні жеңудің жолы – оған қарсы әрекетте болу, сабырлық таныту. Жаман ойларды жеңудің жолы – кешірімді болу. Алла тағала Құранда: «Сен кешірімділікті ұстан. Дұрыстықты бұйыр. Және надандардан бет бұр», – дейді. (Ағраф сүресі, 199 аят). Ібіліспен күресудің жолы, оның азғыруына көнбей «Әғузу билләһи минәш шайтанир ражим» деп азғын шайтаннан Алладан пана тілеу. «Мүминун» сүресінде былай делінген: «Былай де: «Раббым, шайтандардың азғыруынан саған сыйынамын. Және олардың мені иектеуінен, Раббым, саған сыйынамын». (Мүминун сүресі, 97, 98 аяттар).
– Мұсылмандықтың бір белгісі – көркем мінез. Осы көркем мінезді жастардың бойына қалай сіңіруге болады?
– Оның бірден-бір жолы – уағыз-насихат. Уағыз-насихат мұсылмандар үшін өте маңызды. Құран Кәрімде: «Ескерт. Шынында ескерту – мүминдер үшін пайдалы», – делінген. Тәрбие отбасынан басталады. Әрбір ата-ана балаларын жақсылыққа жұмылдырып, жамандықтан жирендіріп отыруы ләзім.
Көркем мінезбен қоса, ілім де маңызды. Адам күнде бір жаңа нәрсе үйрену арқылы өзін бақытты сезінеді.
Уағыз айту керек деп отырмыз ғой. Уағыз қонымды болу үшін әуелі уағыз айтушының сөзі мен ісі бір-бірімен үйлесетін жан болуы ләзім. Сонда қонымды болады. Әсіресе, жастар еліктегіш келеді. Бұл – бір. Екіншіден, уағыз айтушы кісі бірінші өзі айтып жатқан сөзінің ақиқаттығына шын жүректен сенуі керек. Оның хақтығына көзі жеткен болуы тиіс деп ойлаймын. Ол үшін ізденіс керек, білім керек және білгенін амалға асыруға тырысу керек. Құранда: «Раббыңның жолына даналық пен көркем насихат арқылы шақыр. Сондай-ақ, олармен ең көркем түрде пікір таластыр. Күмәнсіз Раббың кімнің жолынан адасқанын жақсы біледі. Және Ол кімнің тура жолда жүргенін де жақсы біледі», – делінген. (Нахл сүресі, 125 аят).
Ислам тәлімі – толған көркем мінез. Пайғамбарымыз: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» дейді. Көркем мінез мейірімділіктен туады.
– Бұрын қазақтың ислам дініне, молдаларға деген құрметі ерекше болатын. Құранды жатқа білетін кісінің алдын кеспейтін, сөзіне қарсы шықпайтын еді. Қазір қарапайым халық намаз оқимын, дін жолындамын дегенді естісе қауіптеніп қарайтын болды. Жалпы қоғамдағы имам-молдалардың беделін қайта көтеру үшін қоғамды тәрбиелеу керек пе, әлде имамдарды тәрбиелеу керек пе?
– Ең бастысы – имандылық пен біліктілік керек. Білімді кісі – абыройлы кісі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай деп бұйырады: «Алла Тағала сендерден иман еткендердің әрі ілім берілгендердің мәртебесін көтереді». (Мүжәдәлә сүресі, 11 аят). Аталмыш аятқа зер салсақ, абырой үшін екі үлкен құндылық ләзім екен: Иман және біліктілік.
Қазақ «дүмше молда дін бұзар» деген сөзін сол білімсіз молданы көріп айтқан болса, «аңқау елге арамза молда» деп иманы әлсіз, екі жүзді молдасымақтарға қарасты айтса керек.
Бұнымен қоса, өкімет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да маңызы зор. Алла Тағала барша мұсылмандардың абыройын асқақтатып, өзінің тура жолынан тайдырмасын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК
KazIslam.kz