Заманында Хорасанның белгілі ғалымы Абдулла ибн Мубарак шәкірттер тәрбиелеп жүрген еді. Ол күнделікті сабақтарын жүргізіп халықтың ризашылығына бөленген ұстаздардың бірі болатын. Алайда, шәкірттерінің арасында бір қылжақпас, әркімді кемсітіп жүретін жағымсыз әрекетімен, мінезімен танымал Ахмет есімді бала болыпты. Ол өзінің кейде қисынсыз қылықтарымен ұстазы Абдулла ибн Мубарактың да көңіліне тиетін.
Содан бір күні Ахмет отбасы жағдайына байланысты Мерв қаласына ата-анасымен көшіп кетеді. Мұны естіген шәкірттер қуанып, ұстаздарына хабарды жеткізеді. Әйтсе де, хабарды естіген Абдулла ибн Мубарактың көңіл күйі бірден түсіп кетеді. Бұған таңырқаған шәкірттері мұның себебін сұрайды. Сонда Абдулла ибн Мубарак:
-Ахмет бойындағы жұқсыз мінезін өзгертпей біздің арамыздан кетіп қалғанына қынжылып отырмын. Біз оның мінезі жақсы жағына өзгеруіне ықпал етуіміз керек еді, бірақ, әттең қолдағы мүмкіндікті жіберіп алдық. Біз өз міндеттерімізді толық орындамадық,-деп күрсінген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы