Әкесі Құнанбайдың оған азан шақырып қойған есімі Ибраһим еді. Алайда, әжесі еркелетіп Абай дейтін. Кейіннен осы атпен елге танылды. Бала күнінен медреседе молдадан дәріс алып, діни хат таныды. Жалпы, қазақ зиялыларының баршасы дерлік діни сауатты болған. Олардың медреседе тәлім алғандығы шығармаларынан байқалып-ақ тұрады.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – қазақтың маңдайына біткен бір туар тұлға. Әйтсе де, қазақ халқы Абай сынды кемеңгер тұлғаға ешуақытта кенде болмаған. Қазақ елінің әр атырабында Абайдай даналар көп еді. Тек олардың еңбегі мен шығармалары елге насихатталмай қалды. Ондай ғұлама-ғалымдардың еңбегін зерттеу күні бүгінге дейін кезек күттірмес мәселе болуы қажет. Алайда, біздің айтпағымыз басқа жайт.
Абай шығармасында діни тақырыпқа ерекше орын берілген. Ғақлиясынан алынатын діни ғибрат көп-ақ. Әсіресе, сенім мен әдепке қатысты аят пен хадистерді қазақи мәнерде түсіндіреді.
Оның ғақлиятында ғибадат тақырыбы да қозғалған. Отыз сегізінші қара сөзінің соңында намаз жайлы әңгіме бар. Дәлірек айтқанда намаздың ішкі сырын сөз етеді.
Асыл мақсат – Алла тағаланы тану
Абай былай дейді: «…Белгілі, Құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсені хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһат ләзім.».
Абай бұл сөзді Құранға сүйеніп айтқанына шүбә жоқ. Бұл жөнінде Алла Тағала: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» (Зәрият сүресі, 56-аят),-деп әмір еткен. Расында, адамзаттың жаратылу мақсаты – Раббысын тану, Оған құлшылық ету.
Ниет, амал және иман
«Сіздер әрбір ғамал қылсаңыз езгулік деп қаласыз, езгулікке бола қасд етіп ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шарифі: «Инна ағмал бин нийат» деген…
Бұл – хадис кітаптарында ең бірінші тұратын риуаят. Ниетке байланысты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеті. Омар бин Хаттаб (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Расында амалдар ниетке жараса болады. Әрбір адамға өзі ниет еткені болады…»,-делінген. Ия, адам баласы қандай амал істесе де, Алла құзырында оның қалбындағы ниеті ескеріледі. Шариғатымызда барлық амалдардың бірінші шарты – ниет. Жақсы да ізгі амалға тек жүректен шыққан шынайы ниет түрткі бола алады.
«Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, руза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалып сыр, ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы ол иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы иманның көлеңкесі һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес біреу, бір-ақ езгу тағат бірлән нұрланады, тағат жоқ болса күңгірттенеді, бәлки сөну қаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қалса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген».
Міне, осы арада Абай иман мен амалдың ара-жігін өте тамаша ажыратып беріп отыр. Абай бұл сөзін иманға қатысты аят пен хадистерді түсіндіретін ғұламалар еңбегіне сүйеніп айтып отыр. Мәселен, имам Ағзам «Уасыя» кітабында: Сондай-ақ, иман амал емес, амал иман емес. Өйткені, көп жағдайда мұсылман баласының мойнынан амал түсетін кездер болады…
Амал – иманын көрсеткіші, бірақ оның бір бөлшегі емес,-дейді. Бұл – әһли сунна уал жамағат ғұламаларының иман мен амалға қатысты ұстанымы. Яғни, Құран мен сүннеттің нұсқауы.
Намаз – дұға
«…Ол ғибадат күзетші еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояту тұрмағын, қалыс қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, ишараттан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені – намаз. Енді намаздың аты – салауат, салауат дұға мағынасында деген…»
Шын мәнінде, намаз (салауат) сөзінің түп төркіні – дұға, тілек жасау дегенге саяды. «Әл-Ихтияр» кітабында намаз бөлімі намаз (салауат) сөзінің мағынасын айтумен басталады. Онда: «Салауат сөзінің тілдік мағынасы – дұға. Құранда: «… Оларға дұға қыл. Өйткені, сенің дұғаң олар үшін бір тоқтау…» (Тәубе, 103-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендерге періштелер дұға (салауат) етеді»,-деген.
Ия, намаз – дұға атаулының ең ұлығы. Барлық дұға мен құлшылықты бойына жиған ғибадат – намаз.
Абай ғибадат иманды күзетуші, бірақ иманның өзі емес екендігін өте шебер жеткізіп отыр. Әсілі, бұл шариғатымызда өте нәзік мәселелердің бірі.
Такбир тахриманың сыры
«Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз – кіршә Алла тағаланы жоғарыда деп, мәкан испат етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни, дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты».
Осы арада Абай екі мәселені қозғап отыр. Бірі – Алла тағаланы мекенге мұқтаж еместігін үйрету. Бұл сенімге қатысты. Екіншісі – намазға кіріскенде бас бармақтың құлақ жұмсағына тигізу. Фиқһ мәселесі.
Бірінші мәселеге, сенімге қатысты, «Бахрул каламда»: хазіреті Әлиге (р.а.) біреу: «Біздің Раббымыз Аршыны жаратпас бұрын қайда болды?,-деп сұрақ қояды. Әли (р.а.): мекен жайлы сұраққа жол болсын! Алла Тағала мекен және заман атауы болмас бұрын болған емес пе. Ол Алла қазір де, сол әуелгі күйде,-деп жауап қайырған екен».
Абай Хакімнің өзі де:
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер…
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес…,-деген емес пе?
Ал, Жағфар Садық (р.а.): Таухид үш әріпке (негізге) сүйенеді. Ол: Алланы ешнәрсе(ден) еместігін, ешнәрсенің ішінде еместігін, ешнәрсенің үстінде еместігін ұғынуың. Өйткені, Алла тағала «бір нәрседен» деуші Алла Тағаланы жаратылған деп таныған боп, кәпір болады. Алла тағаланы «бір нәрсенің ішінде» деуші Алла тағала шектеулі (алты тарапқа тәуелді) деп танып, кәпір болады. Ал, кімде-кім Алла тағаланы «бір нәрсенің үстінде» деп сипаттаса, Алланы бір нәрсеге мұқтаж және көтеріліп тұр деген боп, кәпір болады,-деген.
Екіншісі, фиқһи мәселе. Фиқһул-ханафи уә әдиллатуһ кітабында: Уаил бин Хужрдың Пайғамбардың (с.ғ.с.) намазға кіргенде тәкбір айтып қолдарын құлақ тұсына көтергендігін суреттегені жайлы имам Муслимде риуаят бар. Осындай риуаяттар ханафи фиқһ кітаптарының барлығында бар.
Құл қожа алдында тұрған кейіптей – қол байлау
«Онан соң қиамда тұрып қол бағламақ – құл қожа алдында тұрмақ, бұқара патша алдында тұрғанынан артық Алланың қадірлілігіне өзінің ғажиздығына ықрарының беріктігін көрсеткен ишараты».
Бұл фиқһ кітабында: қол байлау – оң қолды сол қолдың үстіне кіндік астына қойылады,-деп негіз ретінде: «Үш амал пайғамбарлар сүннеті: ауызашарды жылдамдату, сәресіні кешіктіру және оң қолды сол қол үстіне кіндік астына байлау»,-деген хадистен алынған.
Сонымен қатар, Хазіреті Әлидің (р.а.) : «(Намазда) оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндік астына байлау намаз сүннетінің бірі»,-деп айтқан сөзі бар.
Сонымен қатар, бұл арада «ихсан» мәселесі қозғалып тұр. Ихсан – Жаратқанды көріп тұрғандай құлшылық ету. Алайда, біз көре алмасақ та, Ол бізді көріп тұрғанына кәміл сеніп ғибадат ету. Ихсан – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен адам бейнесінде келген Жәбірейіл (ғ.с.) арасында өрбіген әңгіме барысында айтылады. Бұл керемет сұхбатқа көптеген сахабалар куә болады. Соның ішінде, Омар бин Хаттаб (р.а.) да болған еді. Риуаятта: Жәбірейлі (ғ.с.) пайғамбардан (с.ғ.с.) «Ихсан жайлы айтып берші?,-дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағаланы көріп тұрғандай құлшылық етуің. Бірақ, сен оны көрмесең де шын мәнінде Алла сені көріп тұрады»,-деп түсіндірген. Бұл арада, құлшылық қалыс Алла үшін болуы қажеттілігі айтылуда.
Құбылаға бет түзеу
«Қыблаға қарамақ – кіршә, Құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты».
Бақара сүресінде: «Және қайдан жолға шықсаң да жүзіңді Месжід Харам жаққа қарат. Әй, мүміндер! Қайда болсаңдар да (намазда) жүздеріңді солай қаратыңдар!…» (Бақара, 150-аят).
Яғни, құбылаға бет түзеуіміз тікелей Жаратқанның жарлығы. Сонымен бірге, ниетте Алла тағала мекенге тәуелсіз деген бек сенім болуы қажет.
Фатиха оқу
«Онан соң қирағат, яғни сурәһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Рукуғ бас ұрмақ – алдында Құда хазірге ұқсас, ол да – ишарат.
Сәжделер әуелі жерден жаралғанына ықрары, екіншісі және жерге қайтпағына ықрары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықрарының ишараты».
Құран Кәрімде: «Одан (топырақтан) сендерді жараттық. Оған қайтарамыз да екінші рет содан шығарамыз»,-деп айтылған (Таха сүресі, 55-аят).
Аталардан қалған асыл дін
«Қадағату л-ахир – дұғаның ақырында Аллаға тахайат одан тәшәһһуд одан салауат, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтпақ үшін ең ақырғы сәлем бірлән тауысасыз, яғни, Алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рақымет тілеп бітіресіз.
Жә, бұл сөзден ғибрәтлендік?!»
Әрине, бұл ғақлияда намаз парыздарынан бөлек өзге әрекет-қимылдары толығымен баяндалмаған. Аталмыш қара сөзде намаздың рухани тұсы көбірек талқыланған. Намаз құлшылығын орындау барысындағы мұсылман жүрегінің жағдайы басым айтылған. Осы арада қазақтың Әбу Ханифа мектебі бойынша тәлім алғанын, сенім бағытында хақ әлһи сунна бойынша жүргенін аңғару қиын емес. Бұл қара сөзде Абай және басқа да қазақ ғұламаларының намаз оқу үлгісі ханафи мектебі негізге алған сүннеттерге сүйене оқығандығын білу қиын емес. Бірақ, ғұламалар аят мен хадисті халыққа ұғыныңқы және оңай тілмен түсіндіру жолын ұстанды. Басқаша айтқанда, дінді толығымен дәлелге сүйене отырып, шариғатты ақиқаттан бір сүйем де ауытқымай жеткізді. Хакім Абай және басқа ғұламаларымыз намазды осылайша оқыды.
Ендеше, ей қазақ жастары! Атаңнан қалған діни мұраның құны мен қадірін біл. Үлгі һәм мақтан тұт.
Руслан ҚАМБАР,
исламтанушы