Үкімет қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» деп бекітілді. Дегенмен, Ұлы Абайды тек осы бір күнде ғана еске алмай, оның ағартушылыққа, гуманизмге тәрбиелейтін шығармаларын өмірлік рухани азығымызға айналдырсақ нұр үстіне нұр. Әңгіменің әлқиссасына ойыссақ.
2012 жылдың тамыз айында Өзбекстан республикасы, Науаи облысы, Нұрата ауданындағы Әйтеке би бабамыздың кесенесіне барудың сәті түсті. Ол туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдары толыққанды ақпарат берді. Бүгінгі негізгі тоқталатын тақырыбымыз сол Нұрата ауданындағы басқа да тарихи киелі орындар туралы болмақ.
«Сейітқұл әулие» қорымындағы Әйтеке бидің кешенінде зиярат етіп, тиісті жөн-жоралғыларымызды өтеген соң Нұрата тауындағы Ескендір Зұлқарнайдың табан тіреген, бұзып аша алмай кері қайтқан қамалына бардық. Туризмді ерекше дамытып, қолға алған өзбек ағайындар бұл жерге келетін саяхатшыларға барлық жағдайларды жасап қойыпты. Кешеннің басында қонақүй, мешіт, асхана т.б. адамға қажеттінің барлығы бар. Біз барған күні де бір топ Германиядан келген саяхатшылар жүр екен.
Иә, әлемде қаншама құпия сырлары ашылмаған тарихи орындар бар. Солардың бірі осы ғасырлар бойы ауыздан ауызға тарап келе жатқан Нұрата тауындағы тас қорған туралы деректер өте сирек. Жергілікті халық оны сан саққа жүгіртіп, әркім өзінше жорамалдайды. Дегенмен көпшілігінің пікірі «Ескендірдің шабуыл жасап, ала алмай кері қайтқан соңғы қаласы осы екен» деген әңгімеге кеп тіреледі.
Таудың етегінен сылдырай аққан қасиетті мөлдір бұлақтың суынан ішіп шөлімізді бастық. Жергілікті халық бұл бұлақты “чашма” деп атап кеткен. Көпшілік оның емдік қасиеті бар деп арнайы ыдыстарға да құйып алып жатыр. Зертханадан тексергенде де суы Сарағаштың суы секілді емдік қасиеті бар, түрлі минералдарға бай су екені дәлелденген дейді. Осы тұста тағы бір ерекше бір назар аударатын жайт бұлақта қара балықтар емін-еркін жүзіп жүр. Жолсерігіміз Нұрлан Жаңабергенұлының айтуынша, әлемде кездеспейтін балықтың түрі екен. Оны жеуге болмайды дейді. Бұған сәл кейінірек арнайы тоқталамыз.
Бұл аңызды қазақтың ұлы Абайынан артық суреттеген ешкім жоқ шығар.
«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы ер көңілді,
Мақтансүйгіш қызғаншақ адам екен» деп басталатын «Ескендір» поэмасындағы оқиғалар көз алдыңнан тізбектей өтіп, бейне бір сол әлемнің ортасына кіріп кеткендей күй кешесің…
Бұл дастанды жазғанда Абайдың көрсеткісі келген негізгі идеясы – ізгілік пен бейбітшілікті, ғылым мен білімді, яғни гуманизмді дәріптеу. Зұлымдық пен қатігездікті әшкерелеу.
Оқиғаның ұзын ырғасына келсек, Македонияның ұлы әміршісі атанған Филипп патша қайтыс болған соң Ескендірдің таққа отыруы, әскер жинап көрші елдерді жаулап алуы туралы баяндалады. Одан әрі Ескендірдің қалың қолмен келе жатып елсіз шөл далаға тап болуы осы күнгі Тұран ойпатына жататын Жаңадария өзені мен Нұрата тауының арасындағы ұшы қиыры жоқ, ұшқан құстың қанаты күйетін қу мекиен қу дала Қызылқұмды елестетеді. Ескендір патша жорықта келе жатып, керемет бұлаққа тап болады. Осы жерден үзіліс жасап дастанға кезек берсек:
«…Жүре жүре бір елсіз шөлге түсті,
Алып жүрген суының бәрін ішті.
Адам, хайуан бәрі де бірдей шөлдеп,
Басына Құдай салды қиын істі».
Бұдан кейін арып-ашып, шаршап-шалдығып әрең дегенде бір ерекше бұлаққа кездеседі. Бұлақты бойлай жүріп, ол үлкен қорғанды ғажайып қалаға тап болады.
«Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі көзі көрді».
Патша қақпаны аш деп бұйырады. Бірақ қақпаны ешкім ашпайды. Оған қақпаның аржағынан орамалға түйілген адамның бас сүйегін тастайды. Оның мәнісін түсінбеген Ескендір қатты ашуға булығады. Сол кезде әміршінің қасындағы Қызыр (Бұл жерде Абай данышпан қарттың орнына Аристотельді қояды) бас сүйекті таразыға салдырып өлшетеді. Ол сүйекті ешнәрсе баса алмайды. Сол уақытта «мұның сыры неде?» деп таңқалған патшаға данышпан қарт: «Адамның көзі дүниеге ешқашан тоймайды. Тек өлген соң ғана көзі бір уыс топыраққа толады» деп, бір уыс топырақты сүйектің көзіне салады.
«Бұл – адам көз сүйегі деді ханға,
Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда» деп, сол сәтте таразының бас сүйек тұрған жағы көтіріледі де, бұл мысалдан ғибрат алған Ескендір патша тәубесіне келіп, райынан қайтып, сол сәттен бастап жаһангерлік жорықтарын тоқтатып кері қайтқан екен.
Жалпы «Ескендір деген кім?» деген сұраққа келетін болсақ, бұл адамның тарихта болғандығы ақиқат. Тіпті оның есімі қасиетті Құран кәрімде «Каһф» сүресінің 94-98 аяттарында баяндалады. Иә, аят мағынасы бойынша пайымдасақ, Зұлқарнайын Алланың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (Таудың астына) қамаған. Ақырзаман таяғанда Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.
Енді осы тақырыптағы хадистерге орын берейік. Әбу Хурайрадан жеткен риуаят бойынша: «Яжуж-Мәжуж Зұлқарнайын қамап кеткен қорғаннан шығу үшін күнде қабырғаларды ояды. Тесуге сәл қалғанда күннің сәулесін көріп басшылары: «Тоқтаңдар! Қалғанын ертең жалғастырасыңдар», дейді. Олар қазба жұмысын тоқтатқан кезде Алла қазылған жерді әдепкі қалпына қайта келтіреді. Осылайша күнде қорғанның қабырғаларын тесуге тырысады. Күндер осылай өте береді де, олардың жер бетіне шығатын уақыты таянғанда басшылары: «Қане, қайтайық, Иншалла ертең қалғанын ойып бітіреміз», деп иншаллаһ сөзін алғаш рет қолданады. Сөйтіп, ертесіне әлгі жерге келгенде еңбектерінің еш кетпегенін көріп, сәл ғана қалған жерді аяғына дейін ойып, елді мекендерге лап қояды.
Ал оның есіміне қоса жалғанып айтылып жүрген Зұлқарнайын деген сөз «қос мүйізді» деген мағынаны білдіреді. Кейбір ғалымдар оны пағамбарға теңесе кейбіреулері пайғамбар емес деген екі жақты көзқарас ұстанатындар бар. Алайда ислам ғалымдары олардың қайсысы нақты немесе аңыз екендігін анықтаудың еш қажеттілігі жоқтығын ескертеді. Ең маңыздысы ол да Алла Тағалының құлы екенін мойындаймыз. Ескендір туралы ел аузында тараған бұдан да басқа аңыздар өте көп.
Поэма Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайындағы аңызға құрылған. Ескендірді Еуропа ақындары да, Шығыстың Фердоуси, Низами, Әлішер Науаи, Жәми сияқты ұлы ақындары да жырларына қосқан. Абай бұл тақырыпты ескі үлгілердің ешқайсынан алмай, өзінше жаңа нұсқада жазып шыққан. Ақын Ескендірдің өмірбаян деректерін нақты келтіреді де, оның дүниежүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық басқыншылығын сынайды. Соған орай поэмаға жас кезінде Ескендірдің тәрбиешісі болған ұлы философ Аристотельді кіргізеді. Әңгіменің желісінде жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық, ашкөздік қу нәпсінің құлқыны екенін көрсете келе әділдікті, адалдықты, даналықты соған қарсы қояды. Алтын қақпа мен адамның көз сүйегін символ ретінде алады да, ол жұмбақты ақылға шештіреді.
«Кәпір көздің дүниеде араны үлкен,
Алған сайын дүниеге тоя ма екен?
Қанша тірі жүрсе де өлген күні
Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен» деп қорытындылай келе адамның санасына жарық сәуле шашады. Адам мен хайуанның парқын ажыратып, ұлы адамзаттық гуманизге тәрбиелейді.
«Қу өмір жолдас болмас әлі ақ өтер,
Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!
Ұятың мен арыңды малға сатып,
Ұятсызда иман жоқ түпке жетер.
* * *
Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,
Бойың өлшеп сөйлесең, немқұрайлы?
Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді,
Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!» деп аяқтайды. Сонымен біз бұдан не түйдік?
Тәкәппарлық – иманға баратын жолда адамның алдын жауып тұратын үлкен бір бөгет. Бұл ауру кез келген жүректі дендесе, ол өзгенің бойындағы әрбір жетістікті көре алмай, сол жетістікті тек қана өз бойынан тапқысы келіп, іші оттай жана бастайды. Адам өзін тәрбиелегісі келсе, ең алдымен мінез-құлқын осы менмендіктен арылтуы керек. Ол адам бойындағы ең қауіпті жыртқыш сезім. Өйткені тойымсыз ашкөздікке бір бой алдырған жандардың ақиқатты танып білуі де, тура жолдан ажырамай мақсатына жетуі де қиын…
Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ, теолог