Біраз бауырларымыз осылай деп жүр. Оған дәлел ретінде Абай хәкімнің мына өлеңін мысалға келтіреді:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «хақ жолы осы» деп Әділетті».
Олардың ойынша: осындағы «Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» деген сөз – Исламда жоқ ұғым екен-мыс. Бұндай мағынада Құранда да, хадисте де айтылмапты-мыс. Ислам адам баласын мұсылман мен кәпірге бөліп қарайды екен де, жаулыққа шақырады екен-мыс…
Шынымен солай ма әлде басқаша ма? – сау ақылдың сынына салайық.
- Исламның негізі – Құран мен Сүннет, сосын осы (екі негізді түсіндіретін) ғалымдар еңбегі. Яғни Исламды дұрыс түсіну үшін осы негізбен толыққанды танысу қажет. Ең құрығанда Құранды тәпсірімен оқу қажет. Сосын ой қорытуға, пікір айтуға болады. Әйтпесе, кез-келген кітаптың бір сөйлемін немесе бір тарауын оқып алып, сол кітап туралы (ең сорақысы сол кітапта айтылған Ғылым туралы) кесімді пікір айту – асығыс, атүсті шешім, жарымжан тұжырым болмақ.
Кез-келген жөні түзу кітаптың түйінді ойы, айтар идеясы, берер тағылымы болады; «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» іспеттес. Көбіне ол ой кітаптың атауында айтылады. Осы тұжырымға бір тоқтап, атадінімізге бір зер салайық. Дініміздің атауы – Ислам; мағынасы: «бойұсыну, амандық-есендік, тыныштық, бейбітшілік». Ислам дінінің мақсаты: адам жан-дүниесінде тыныштық орнату, сосын отбасында, туыстар арасында, ел ішінде, ең соңы Жер бетінде амандық-есендік пен тыныштықтың орнауы. Бұл мақсат мойынсұнумен – Ұлы Жаратушыға мойынсұнумен жүзеге асады… Тыныштық, келісім орнатудың ең озық тәсілі, ең жақсы көрінісі – арадағы мейірім. Ал мейірім-сүйіспеншіліктің ажырамас серігі – Әділет.
- Құран бойынша: Адам – Алла Тағаланың жердегі орынбасары; адамзат нәсілі – бір Ата, бір Анадан тараған бауырлар, артықшылық – ар мен ақылда, мейірім мен сабырда, бір сөзбен айтқанда, адамгершілікте. Ұлттар мен руларға бөліп: «бір-бірімен таныссын, жақсылық жолында жарыссын» деп жаратқан…
- Елшілер адамдарға Жаратушы Иесін таныстырып, екі арадағы байланысу жолын үйрету үшін жіберіледі; соңғы пайғамбар Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «әлемдерге Мейірім ретінде жіберілген».
- Пайғамбар жолын жалғаған, насихаттаған сахабалар мен әулиелердің, ғұлама-ғалымдардың ұстанымы, өмірінің өзегі – сабыр мен шүкір, кешірім мен мейірім болған…
Енді нақты дәлелдерге тоқталайық. Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға, ру-тайпаларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуа болғандарың. Шәксіз, Алла – толық Білуші, әр нәрседен Хабар алушы» делінген. Мағынасы: Барлығың – бауырсыңдар, сондықтан бір-біріңді құрметте, жақсы көр; ұлтыңа қызмет ету – міндетің; адамшылық – ең үлкен құндылық.
Ал, «Маида» сүресінің 32-аятында: «…Кім де кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе – барлық адамды өлтіргенмен тең. Ал енді кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) – барлық адамды тірілткенмен тең…» делінген. Мағынасы: әр адам – Жаратушы үшін сондай қымбат, бір адамның құны – бүкіл адамзаттың құнымен пара-пар; ендеше әр адамды қадірле, жақсы көр.
«(Уа, Мұхаммед) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят.) – Мағынасы: Соңғы Пайғамбардың басты ерекшелігі – рақым, мейірім, яғни оның үмбетінің де басты сипаты осы болуы керек!..
Енді, «Мұсылман деген кім?» деген сұраққа келейік. Ең қысқа тұжырымды жауап мына хадисте келтірілген: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» – Мағынасы: мұсылман адамнан зиян шықпауы керек, тек пайда, жақсылық шығуы керек! Бүкіл жаратылысқа!..
«Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны…» (Табарани, Ибн Әбу Дуния) – Мән беріңіз: «адамдарға пайдалы болғаны»…
«Сендердің маған ең сүйіктілерің – ахлақта жақсы, кішіпейіл болғандарың, адамдарды дос тұта білгендерің және адамдар жағынан дос тұтылғандарың. Сендердің маған ең жеккөрініштілерің – өсек тасығандарың, достардың арасына от салғандарың, жақсыларды қаралағандарың» (Табарани, Бәззар жеткізген) – Мән беріңіз: «адамдарды дос тұта білгендерің»…
Енді дініміздегі мейірім-махаббаттың орны жайлы көрейік: «Алла Тағала – Мейірімді әрі мейірімділікті жақсы көреді. Ол қатаңдық немесе басқа (әдептілікке жат болған мінез-құлық) үшін бермегенін мейірімділік үшін береді» (Муслим жеткізген хадис). «Мейірімділіктен қол үзген – бүкіл жақсылықтан қол үзген болады» (Муслим жеткізген). «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге, Алла Тағала да мейірімділік танытпайды» (Бухари риуаят еткен). «Толық иман келтірмейінше, Жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал араларыңда сүйіспеншілік орнықпайынша, толық иман келтірген болмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншіліктің орнығуына себеп болатын нәрсені айтайын ба? Өзара сәлемдесіңдер» (Муслим жеткізген) – Осы арада сәлемдесуге сәл тоқталайық: «Сәлем» – Алланың бір есімі, мағынасы «Амандық, саулық, тыныштық беруші» дегенді білдіреді; мұсылман адам бір-бірімен «Ассаламуғалайкум» деп амандасу арқылы осы амандықты тілейді; намазды бітірген кезде де, амандасқан кезде де бір-біріне осылай айту арқылы «саған амандық-саулық тілеймін және менен еш жамандық күтпе, менен тек бейбітшілік, есендік күт» дейді.
Енді ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаянынан мысалдар келтірейік. Пайғамбарлықтың алғашқы кезеңдерінде Алла елшісі Хакам ибн Кейсам деген кісінің үйіне, иманға шақырып, көп барады екен. Бірақ ол иман келтірмейді. Бір жолы, тіпті тіл тигізіп, балағаттап тастайды. Бірде Расулалла (с.ғ.с) өзімен бірге хазреті Омарды (Ол кісіге Алла разы болсын!) ертіп барып, оны дінге шақырады. Ол Пайғамбарымызға тағы да жаман сөз сөйлейді. Сол кезде Омар қылышын суырып алып: «Уа, Расулалла! Маған рұқсат берші, басын қағып түсірейін!» – дейді ашуланып. Алла елшісі оған: «Әй, Омар! Адамды тозаққа түсіру шеберлік емес, адамды Жәннатқа кіргізу – шеберлік!..» – дейді. Ақыр соңы Хакам ибн Кейсам (р.а.) мұсылмандықты қабылдап, Хижраның 4-жылы бір шайқаста Құран ұстазы болған күйде шәйіт болады.
Меккеде көрген зорлық пен қорлыққа шыдамаған, ақыры Мәдина қаласына барып паналаған мұсылмандар, күндердің күні Меккені ашуға жолға шығады. Жолда, әскердің сол қанатын басқарып келе жатқан, өзі де құрайыштардан қорлықты көп көрген, Сағд ибн Убада деген сахаба: «Бүгін жеңіс күні, бүгін өш алатын күн!» дейді сөз арасында. Оны естіген Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) оның қолынан туды алып, басқа кісіге табыстайды да: «Бүгін кешірім күні, мейірім күні!» дейді. Содан Мекке алынып, өздерінің мұсылмандарға істеген зұлымдықтары естеріне түсіп, есеңгіреп тұрған барша тұтқынды Алла Елшісі: «Сіздер азатсыздар! Қайта беріңіздер!» деп, еріктеріне жібереді! Тіпті, Хамза ағасының мәйітін қорлаған әйелді де, оны өлтірген Уахшиды да, қызын түйеден құлатып бала тастаттырған, сөйтіп мүгедек қылған адамды да кешіреді…
Бірде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) табыт көтеріп бара жатқандарды көргенде, орнынан тұрып ізет білдіреді. Қасындағы сахабалар ол мәйіттің мұсылман еместігін, еврейлердікі екенін айтқанда, Пайғамбарымыз: «Кім болса да, адам емес пе?» деген еді.
Иә, Алла Елшісінің мейірімі мен рақымдылығы тек арабтармен немесе мұсылмандармен ғана шектелмейтін, сенімі бөлек, ұлты мен тегі өзге кісілерге де, тіпті Алла Тағаланың жаратқан барлық жаратылыстарына арналған еді. Ешкімді бөліп-жармай, бәріне мейірім шуағын төгетін. Тіпті, өзіне қастандық жасап, өлтірмек болғандар үшін де: «Я, Алла, бұларды кешір, себебі олар әлі түсінбейді», – деп жалбарынып дұға жасаған. Кәпірлерге қарғыс айтуын сұрағандарға берген жауабы да терең ойға жетелейді: «Мен азап үшін емес, рақым үшін жіберілдім», -деген (Муслим жеткізген).
Ибн Аббас атты атақты сахаба былай дейді:
«Алла Елшісімен бірге бір жаққа кетіп бара жатқан болатынбыз. Бір адам соятын малдың аяқтарын байлап, көзінше пышағын білеп жатқанын көрдік. Сол кезде Алла Елшісі ол адамға жақындап барды да: «Оны бірнеше рет өлтіргің келді ме?» – деді.
Бір жорықта жолда кездескен күшіктеген иттің басына күзет қойдырып, бүкіл әскерді итті айналып өтуге әмір берген!..
Ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) адамдарды елден ерек сүйетіні соншалық, тіпті қасиетті Құранда Елшінің ширыққан көңілін басу үшін «Кәһф» сүресінің 6-аяты түсірілген: «Олар Құранға сенбеді деп қатты таусылғаның сонша – күйзелістен өзіңді жеп жібере жаздайсың…».
Исламның мейірім мен діни төзімділік ауқымының кеңдігі сондай, Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) біреудің көңіліне тиетін сөзді айтудың өзіне қатаң тыйым салған. Мысалы, өмір бойы Елшінің қас жауы болып өткен, «надандықтың әкесі» болған Әбу Жәһилдің мұсылмандықты қабылдаған ұлы Икрима өз әкесін қаралап сөйлегені үшін Пайғамбарымыздан ескерту алған.
Енді «зиммилер, яғни мұсылман мемлекетінде тұратын, қорғауға алынған христиан немесе яһуди секілді мұсылмандықты қабылдамаған адамдардың жайын бір шолып өтейік. Шариғат заңы бойынша, олар мұсылмандарға байлықтарының зекетін бермейді, бірақ салық ретінде жизия төлейді. Ал жизия көлемі мұсылмандар төлейтін салықтан төмен болған. Олардың мал-мүлкіне, ар-намысына, өміріне қол сұғылмайды. Ибн Абидин деген ғалым: «Бізге міндетті болған нәрсе – зыммиге де міндетті; егер мұсылманды ғайбаттау тыйым салынса, зыммиді де ғайбаттау тыйым салынады, тіпті, зыммиге зұлымдық жасау одан да ауыр», – деген.
Сенімді хадисте былай делінеді: «Мұсылмандармен бейбіт келісім жасасқан (Исламға) сенбеушіні өлтірген адам, ол иіс 40 жылдық арақашықтықтан сезілетініне қарамастан, Жұмақтың иісін де иіскей алмайды!» (Бұхари риуаяты)
Бір хабарда, бірде Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) алдына зыммиды өлтірген бір мұсылман кісіні алып келеді. Алланың елшісі оны өлім жазасына бұйырады. Осындай оқиға Омар ибн әл-Хаттабтың халифалығы тұсында орын алған екен.
Мұсылман емес жандардың қорғалуының тағы бір көрінісін моңғолдардың Шамды басып алған кезде белгіл ғалым Ибн Тәймияның тұтқынға алынғандарды босату үшін олармен жүргізген келіссөзінен аңғаруға болады. Осы келісімнен кейін моңғол қолбасшылары тек мұсылман тұтқындарды ғана жіберуге рұқсат етеді. Сол кезде Ибн Тәймия қарсылық білдіріп: «Біз христиан, яһуди тұтқындар да босатылмайынша разы емеспіз, өйткені олар біздің қамқорлығымызда, олардың ешқайсысын тұтқында қалдыра алмаймыз», – деп табандылық танытады. Ақыры моңғолдар барлық тұтқындарды босатады.
Атақты Салахатдин Иерусалим қаласын басып алған кезде, соның алдында Ақса мешітіне тығылған мұсылмандардың қанын судай ағызған дұшпандарына «біз мұсылманбыз, олай істемейміз!» деп Исламның кеңдігі мен кешірімін, мейірімін паш етіп, қалаған заттарын бірге алып кетулеріне рұқсат берген.
Енді әз Пайғамбардың (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) тұлғасына еліктеп, Ұлы Жаратушыға ғашық болған әулиелердің мысалына аз-кем тоқталайық. «Алла бұл әлемді махаббатпен жаратты, махаббат – жаратылыстың мәні» деп түсінген бабаларымыздың танымы қандай еді, шіркін?! Мысалы, «Ғабид болма, заһид болма, ғашық бол!» деп өткен әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Кәпірге де берме азар, Көңілі қаттыдан Құдай безер!» – дейді хикметтерінің бірінде.
Бір әулие бабамыздың ағаш түбіне демалуға аялдап, сосын сапарға шығып, жолда келе жатып дорбасындағы құмырсқаны көріп: «Обал болды-ау, жүрген жеріне апарайын» деп, қайта бұрылып илеуіне әкеліп тастаған амалы қандай?! «Құрт-құмырсқаны басып кетпейік» деп бұрынғылардың аяқтарына кішкентай қоңырау байлап жүретіні қандай?! Бұның бәрі – «Аxзап» сүресінің 21-аятында айтылған: «Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін, қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар!» – деген үкімге жасалған амалдың -ғұмырдың мысалдары.
Расында, «Сүйіктінің кемелдігіне сай сүюші де жетіледі» деген сырлы сөз қалдырған асыл бабаларымыз Аллаһ Тағаланы, екі дүниенің сардары Мұхаммед Мұстафаны (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) сүю – кәміл имана шарты екенін ғұмырларымен дәлелдеген! «Сенімсіз махаббат жоқ, имансыз кәмәләт жоқ, ғашықтыққа жетер ұстаз жоқ» (Руми); «Махаббат – сәулесі зор Құдай нұры, сол нұрды көрген адам қалмас құры» (Мәшһүр Жүсіп), «Менiң жарым – қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры» (Шәкәрім). Егер де біз әлемге Исламның мән-мағынасын осы бабаларымыз секілді түсіндіре алсақ, онда пенде біткеннің бәрі осы сүйіспеншілік сарайына асығар еді-ау!
Тағы бір ескеретін жәйт: сүйіспеншілік пен мейірімділік орнымен көрсетілмесе, жеке адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті зардаптарға апаруы мүмкін. Осы тұрғыда Алла Елшісінен мұндай кемшілікті көре алмаймыз. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) кеңпейіл бола тұра, ешқашан жамандықтарға шамадан тыс кешіріммен қарамаған. Өйткені Ол қылмыскерге, қаныпезер қатыгездерге көрсетілетін кеңшіліктің мыңдаған кінәсіз жандардың құқығын аяқ асты ететіндігін жақсы білді. Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) Мейірім әділетке сүйенуі керектігін, Әділдік мейірлі болуы керектігін өмірімен өлшеп берген ғажап Тұлға! Өйткені кез-келген үкім әділдікпен шешілу керектігін қасиетті Құранның мына аяты ұғындырады: «Ей, мүміндер! Алла үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Әрі Алладан қорқыңдар. Күдіксіз, Аллаһ – не істегендеріңнен толық Хабар алушы» («Мәида» сүресі, 8-аят).
Қорыта келгенде, хақ дін Исламның күретамыр қағидалары осы – Мейірім мен Әділет! Құран Кәрімнің «Аса Қамқор әрі Ерекше Мейірімді Алланың атымен (бастаймын)» деп басталуы, осы аяттың Құранда бүкіл сүреде, яғни 114 рет қайталануы – Ұлы Жаратушыны танытып қана қоймайды, Ислам дінінің де Негізі мен Мақсатын айқындайды! Ал, Айша анамыз (Ол кісіге Алла разы болсын!) айтпақшы, «мінезі Құран болған» сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аланың игілігі мен сәлемі болсын!) осы қағидаттарды үйреткен, көрсеткен Жолбасшы еді! Шын мәнінде күллі әлемге жіберілген рақым, мейірім еді! Иманның баламасы – махаббат екенін дәлелдеген Елші еді!
Міне, асыл дініміздің осы басты ұстанымын өлеңіне арқау еткен Абай хәкім – Ислам өркениетінің төл перзенті, ұлт Ұстазы! «Алланың Өзі де – ас, Сөзі де – рас» деп басталатын бұл өлең былай жалғасады:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!
Адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп,
Және «хақ жолы осы» деп Әділетті!
Осы үш сүю болады имани гүл,
«Иманның асылы үш» деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл!..
Иә, Аллаға, періштелерге, Кітаптарға, Елшілерге, тағдырға және Ақырет күніне деген иманымыздың жемісі, гүлі – осы үш сүю! Құдіретті де Мейірімді Иеміз баршамызға иманымыздың гүлін «иіскеуді» нәсіп етсін!
Алғадай Әбілғазыұлы
КЕРЕМЕТ АҒА ӨТЕ ЖАҚСЫ ТҮСІНДІРДІҢІЗ