Абайды тану – қазақты тану. Абайды тану – дініңді тану.
Көршілес өзбек елінің басшысы өз халқын Абайды тануға шақырғаны белгілі. Абайдың қара сөздерін оқыған сайын, қаншалықты данышпан болғандығына көзің жете береді. Дін туралы, сенім туралы өлең, қара сөздерінен оқи отыра, шариғат, фиқһ жөнінен де көзі қарақты болғанын көреміз.
Отыз сегізінші қара сөзінде:
«…Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жаліб мәнфағат, дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады…», – деп айтады.
Осы арада фиқһ іліміндегі екінің бірі біле бермейтін, фиқһ қағида ілімінен сауаттылығына куә боламыз.
Атап айтсақ, фиқһ қағидасының ең негізгі мақсаттарын «жәліб мәнфағат» (пайдалы нәрсені орындау) мен «дәфғы мұзаррат» (немесе «садду зараиғ», яғни зиянды, залалды нәрседен қашу) ережесіне тоқталады.
Фиқһ қағидалары дегеніміз – шариғатта фиқһи мәселелер көп болғандықтан, мужтахид ғұламалар солардың басын қосатын қағидалар ойлап шығарған болатын. Ал әрбір үкім шығаратын ғалым болса, оларды міндетті түрде білуі керек.
Міне, осындай қағидалардың ең негізгісін айтып отырған Абай Хәкім бабамызға сөзсіз таң қаламыз.
Сондықтан біз Абайды дұрыстап танып алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Қуат ҚАБДОЛДА