Қазақта «Ақ жауып, арулап көму» деген сөз бар. Осындағы «арулап» деген сөздің мағынасы қандай деген сұраққа жауап іздедім. Әдетте «Ару» дегенді қазақ қыз балаға айтады емес пе?
Сонда бұл екі ұғымның аражігі неде?
«Ару» сөзі қазақтың сөздік қорында ежелден бар. Көне түркілік түбірінде бұл сөз «арығ» деп дыбысталған. Оның мағынасы «таза», «пәк» дегенді білдіреді. ХІ ғасырдағы Махмұд Қашқаридің «Түркі тілінің сөздігі» еңбегінде «арығ» сөзі осы мәнде қолданылған.
Осы түбірден туындаған қазақтың «арылу», «арылған» сөздерінің мәні де «тазарған» деген ұғыммен шендеседі (мысалы: «күнәдан арылу» – «күнәдан тазару»; «дерттен арылу» – «дерттен тазару, аурудан айығу»; «уайымнан арылу» – «уайымнан құтылу» мағынасын білдіреді).
Ұлттық сәлемдесу салтымыздағы «армысыз» деген сөз де осы «арығ» түбірінен шыққан. Яғни «армысыз» сөзі бұрын «арығмысыз» деп дыбысталған, ол «тазамысыз?», «тәніңіз (деніңіз) таза ма?» «тән саулығыңыз (денсаулығыңыз) дұрыс па?» деген мағынада қолданылады.
«Арығ» сөзінің қазіргі белсенді қолданылатын түрі – «ару». Бұл сөз қыз балаға қатысты айтылады. Өзінің түпкі мағынасында «ару қыз» – «пәк, таза қыз» деген ұғымды береді.
Мұхаммед пайғамбардың: «Аз күліп, көп жылаңдар» деген хадисіне сүйене отырып, Қожа Ахмет Ясауи: «Мұнда жылап, ақыретте болғыл арығ» деп жазады. Яғни «бұл дүниеде ақырет қамын жеп, сауапты істер жаса, күнәларға өкініп, тәубе ет, о дүниеге арылып, тазарып бар» деген ұғымды ақын осылай өрнектеген.
«Ақ жауып, арулап көму» тіркесіндегі «арулап» сөзі де асыл түбірінде «арығлап» деп дыбысталған, ол тура мағынасында «тазалап» деген ұғымды білдіреді. Бірақ бұл жерде тек тән тазалығы, яғни мәйітті шариғат шарттарына сәйкес жуындырып, таза кебіндеу туралы ғана айтылып тұрған жоқ. Бұл тіркесте «абыройлы өлім», «ақ өлім» мағынасы қоса меңзелген. Яғни марқұмның өлерде иманмен кетуі, жаназасын ел болып атқарып, мойнындағы борышынан (адамдар алдындағы қарызынан) арылтып жерлеуі секілді рухани мағына да аңдатылып тұр деуге болады.
Рухани ұғымдарға қашанда ұқыпты халқымыз «ақ жауып, арулап көмдік» деген тұрақты тіркесті те орынды жерінде, лайықты адамына ғана қолданған. Ескерте кететін бір жайт – «арып-ашу», «арықтау», «жүдеу» деген ұғымды білдіретін «ару» етістігінің түбірі біз талдау жасаған «ару» есім сөзінен басқа мағынада қолданылады.