Абай мен Ақыт
Бірі Өр Алтайда, бірі Семей өңірінде өмірге келіп, қазақ пәлсәпасы мен руханиятының асқар тұлғасына айналған қос ойшылдың тағдыры мен ғұмыр жолы әр алуан. Айырмашлық та едәуір. Дегенмен, ұқсастықтары да біршама. Айталық, екеуі де Орта жүздің белді руларынан, екеуі де Қазан баспасынан кітаптарын шығарып, қазақ жазба әдебиеті көшінің бұйдасын ұстаушылар, екеуі де қазақ тарихындағы назиралық өлең жанрының негізін қалаушылар, екеуі де рухани кеңістікте өзара түйісіп, пәлсәпа биігінде ой қорытқан ойшылдар.
Жалпы, қазақ елі шекарасының ішінде немесе тысында өмір сүрген қазақ ойшылдарының арасында толыққанды ғылыми айналымға түскен бір адам бар болса, ол – Абай дер едік.
Абай өмірі туралы, Абай шығармашылығы туралы жазылған ғылыми ізденістер Аллаға шүкір жетерлік. Арысы Мұхтар Әуезовтен басталып, берісі М. Мағауин, М. Мырзахметұлы, Т. Жұртбайұлы, Т. Шапай қатарлы ғалымдардың Абайтану мектебін қалыптастырғаны баршаға аян.
Ал, әлі күнге дейін толық зерттелмеген, ғылыми айналымға бүгінге дейін толық түсе қоймаған сала – Ақыттану саласы. Бұған Ақыт мұраларының тәуелсіз қазақ елінде көп нәсихатталмауының себебінен деп санаймыз.
Ақыт нағыз ірі тұлға, кесек тақырып. Ойпыл-тойпылға толы қараңғы да күрделі заманына қасқая қарап, шындық пен әділдікті батыл жақтаған еңбегі сан салалы ұлы ақын. Соған сай Ақыт шығармашылығы туралы айтылар, зерттелер қыры да көп. Бұл арадағы мендік сөз тек Ақыттың «Дəлаилүл-ғақлия» өлеңіндегі діни ой-толғамдар жайлы ғана өрбімек.
Абайдан 23 жыл кейін, 1868 жылы Өр Алтай топырағында өмірге келген Ақыт Үлімжіұлы 1897 жылы Қазан баспасында «Жиһаншаһ» атты дастанын басып шығарады [1, 45б.]. Кәкітайдың Абай шығарламаларының алғашқы томын 1915 жылы шығарғанын ескерсек, Ақытты қазақ жазба әдебиетінің алғашқы негізін қалаушы тұлға деп атауға толық негіз бар.
Жалпы, Ақттың ақындық жасампаздығында үлкен бұрылыс тудырған жағдай оның Абай шығармаларымен танысудан басталады. 1930 жылы Ақыт Қобда қазақтарына амандаса барады. Бұл кезең – Моңғолия елі азат болып, КСРО-дан белгілі коммунисттер келіп, Қобда аймағында қайта құру жұмыстарымен шұғылданып жатқан кезең еді. Сол топпен келген Абай Қасымов Ақытқа Абай өлеңдерін сыйға тартады [5, 19б.].
Осы тарихи жағдай Ақыт рухани дүниесінің кемелдене дамуына үлкен әсер етеді.
Ақыт «Кейінгі дəуірге естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай Қажы ұлының кітабынан өрнек алып, осы ғақлиялық, нақылдық үндеулер кітабын жаздым.
Шіркін, Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген екен. Мен де сондай есіме түсе қалған сөздерді кіргіздім. Сондай-ақ Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Дəлаилүл-Ғақлия» (ғақлиялық үндеулер) деп ат қойдым.
Мақсатым ел-жұртқа тағылым болса…» [2, 181б] – дей келіп:
Ақындар бізден бұрын өтті талай,
Əсіресе, Құнанбай баласы Абай.
Дəл сондай өткір сөзді болмасам да
Мен де аз сөз жазып қойдым құрап-жамай – дейді.
Өзінен 23 жас үлкен болса да, одан 18 жыл бұрын кітап шығарса да, Ақыттың Абай өлеңдерін көре сала, оны өзіне ұлағатты ұстаз санап, Абайды дәріптеуі – Ақыттың ұлылықпен тұлғалас ақын екендігінің тағы бір анық дәлелі болса керек.
Ақыт Үлімжіұлы Абайды дәріптеп, оны өзіне ұлгі тұтып жазған 55 өлеңнен тұратын көлемді еңбегін «Дəлаилүл-Ғақлия» деп атаған.
Əуелгі тақлитым сөздің басы,
Жан тебірентіп еміренген көздің жасы.
Жастық шақ өтіп кетіп, болып қалдым
Алпысты аралаған ел ағасы – деп өлең кіріспесінде Ақыт өзінің жалпы жағдайынан хабар бере кетеді. Мұндағы «тақлит» (тақлид) сөзі –араб тілінің еру, ұқсау деген мағынасын білдіретін сөз. Мағынасы – мұсылмандардың бір мазһабтың муджаһидының немесе мүфтидің сөзіне еру дегенді көрсетеді.
Тақлидке ислам дінінің құқықтық мәселелерін білмейтін адамдардың жүгінетінін ескерсек, алғаш рет Құран Кәрімді қазақшаға аударған Ақыттың кішіпейлділігін, қарапайымдылығын көреміз. Сондай-ақ, бұл өлеңінің Абай дүниетанымының, Абай философиясының жалғасы екенін байқау қиынға түсе қоймайды. Ал, өлеңнің жазылған мерзімі, Ақыттың алпысты аралаған кезеңі, яғни, 1932-1935 жылдар аралығында болуы бек мүмкін.
Ақыт қажы Абай өлеңдерімен мазмұндас «Дəлаилүл-ғақлия» өлеңін жазудағы себебін Абай өлеңдеріне қиянат жасау емес, қайта Абайды үйрену, Абайды үгіттеу мақсатынан туғандығын айта келіп, Абай ойының тереңдігі мен ойлылығын ескере отырып, қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін, өзінің жазғандарын Абай өлеңдерінің тәпсірі немесе шархы деп қарау керектігін айтады [1, 51б].
Басында айтып өткеніміздей, Ақыт қажы өлеңдерінің мазмұны әр қырлы, саласы әр алуан.
Ақынның «Дəлаилүл-ғақлиядағы» 55 өлеңін негізінен мазмұнынына қарай Алланың көркем есімдері мен сипаттары және адам баласындағы көркем мінез туралы екі топқа бөліп қарастыруға болады. Енді осыларға жеке-жеке тоқталып көрелік:
Алла Тағаланың көркем есімдері мен сипттарын білмеген адам толық әрі кәміл құлшылық жасай алмайды. Ал, құлшылықтың көркем түрлерінің бірі Аллаға дұға ету екенін ескерсек, Алланың көркем есімдері мен сипаттары арқылы дұға жасаудың маңыздылығы айрықша. Бұған Алла сөзі Құрандағы «Көркем есімдер Аллаға тән, Оған солар арқылы дұға жасаңдар»,– деген (Ағраф, 180) – аяты дәлел бола алады. Халыққа имандылық жолын көрсетуші, ақиқатқа шақырушы Ақыт Үлімжіұлы өлеңінде:
Басқан із, көрген қызық артта қалып
Əуелде жаратушы Құдай шебер.
Көз көрген көлденеңнің бəрі пəни
Бір Алладан басқаның бəрі өзгерер – деп баяндайды. Ақыттың бұл өлеңі Құран Кәрімнің «Оның бірде-бір ұқсасы жоқ» деп баяндалатын Шура сүресінің 11 аятымен үндесіп, сабақтасып жатқанын байқауға болады. Бұл өлең шумақтарының Алланың кейіннен жаратылған ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығын көрсететін «Әл-Мухалафату лил-хауадис» сипатын көре аламыз.
Сөзі рас, өзі жалғыз патша Құдай,
Бар сөзі болады рас дайым ұдай.
Көп кітап бір Алладан келіп еді,
Төрт үлкен кітап сөзі келген ыңғай.
Тəурат пен Інжіл, Зəбұр, осы Құран,
Бұлармен мұсылмандық деген ұран.
Алланы танытуға бəрі бірдей
Еш қилап таба алмайсыз, сірə мұнан [2. 262б] – деу арқылы Ақыт Алла Тағаланың «біздің санамыздатын тыс» халде «сөйлейтінін» жеткізеді. Алла Тағаланың бұл түрдегі субути сипатын ислам ғалымдары әдетте Алла Тағаланың «Кәләм сипаты» деп атайды.
Адамды маxаббатпен жартқан xақ,
Достығын бір Алланың сен де іздеп тап – дей келіп, Ақыт қажы халықты Алла Тағаланың жоқты бар, барды жоқ ете алатын «Құдірет» сипаты бар екенін ескертіп, Оның шексіз мейрімінен күдер үзбеуге шақырады.
Жүректегі сырыңды біледі Алла,
Мұны ойласаң жамандық көңілге алма.
Шын xаққа распенен таласам деп
Мойныңа үлкен күнə жүктеп қалма – деп Алла Тағаланың тіршілік атаулының бәрін, бүкіл ғаламшарды түгелдей көре алатын «Басар» сипатын да тілге тиек етеді.
Сондай-ақ, Ақыт қажы өлеңде Алланың кемел сипаттарымен қатар көркем есімдерін де келтіре отырып, Жаратқан Хаққа құлшылық, дұға жасайды, халықты хақты тануға, одан күдер үзбеуге шақырады. Айталық:
Алланың таразысы – ұлық алды,
Бірдей көріп теңгермек тірі жанды – Алла Тағаланың «әл-Мунтақим» (Күнәһарды әділ жазалаушы) есімі;
Өмір басы иген жақ,
Екі басын иілтіп ,
Ұстаған Алла жалғыз xақ – Алла Тағаланың «әл-Адл» (Әрбір ісінде өте әділетті) есімі;
Əуелде жаратушы Құдай шебер – Алла Тағаланың «әл-Бадиғ» (Аса шеберлікпен, даналықпен, жоқтан бар етіп жаратушы) есімі;
Тəуекел ед, бет түзе,
Құдайың қуат, саспа енді – Алла Тағаланың «әл-Хафиз» (Сақтаушы, бәлекеттерден қорғаушы) есімі [3, 78-80б].
«Дəлаилүл-Ғақлия» өлеңінде келесі бір айтылған өзекті мәселе көркем мінез мәселесі.
Жалпы, көркем мінез сөзіне ұзын-сонар анықтама беруге болады. Ал, ислам шариғатындағы мінездің көркем болуындағы сипатын Құран аяттары бойынша түсірдірсек, Көркем мінез – жақсылық істеу (Бақара, 195), сабырлы болу (Әли Имран, 146), турашылдық (Мәида, 42) қатарлы адам баласының рухани дәрежесін көсретеді.
Адам бойындағы көркем мінездің қалыптасуы да Алла Тағаланың қалауымен болады. Оған жету үшін, адам баласы ең әуел иман ету керек, сосын кемеңгер Абай айтқандай «иманды адамға білім парыз» болады, білім алу керек, үшіншіден, өз бойындағы нәпсімен күресе білу керек,ең соңында, көркем мінезді адамдармен жолдас болу керек. [4, 25-28 бб].
Ақыт қажы шығармаларында адам баласы бойындағы көркемдікке жат мінезге жиркене қарайды, халықты одан алыс болуға шақырады. Ол адам бойындағы көркем мінездің ең биігі – Алла Тағаланы жалғыз деп біліп, амалдарыдың барлығын тек Оның ризалығын алу үшін істеу деп айта келіп:
Алланың досын дос көр, дұспанын жек,
Бұл таxқиқпен иманың болар аман.
Көкіректе иман, көңілінде Құдай болса,
Айырылмас қайда болса тынысынан – деп түйіндейді.
Сонымен бірге, Ақыт адам бойындағы мақтаншақтық, даңғой такаппарлық,, пайдакүнемдік имансыз адамның белгісі деп қарайды:
Бұған қарсы əуесқой пайда мақтан,
Бұларға үйір болмай қатты сақтан.
Əуесқойлық күнəға батырады
Жақсылықты жояды рия-мақтан.
Пайдакөстік ынсапты кетіреді,
Мақтаншақ артық сөйлеп есіреді.
Көргенге көзін салған əуесқойлық
Ақ жолмен ар-ұятты өлтіреді.
Сонымен бірге, Ақыт «Дəлаилүл-ғақлия» өлеңінде болысын, немесе басқа да өлең-дасандарында болсын халықты білім алуға, баланы оқуға беруге үндейді. «Ғылым, сәуле, нұр, жарық, оқымай болмас ұүр жарық» деп білімді адамның қай-қашанда өзгеден биік тұратынын айта келіп:
Аллаға жағар жері сенім діні.
Кеудені ақылменен тексі аралап
Сонан xабар беретін бергі тілі.
Ғылым нұры жүрекке əбден қонса
Талаптанып ізденер күні-түні – деп білімге құштарлық пен талаптануды адам бойындағы көркем мінездің біріне жатқызады. Сонымен бірге Ақыт пенденің ғылым, білім алуға талпынуының себебін былай түйіндейді:
Талап қыл ғылым білуге,
Xалық, жұрт боп жүруге.
Жұрт үшін іздеп ғылымды
Қорлықсыз өмір сүруге.
Қорыта айтқанда, Ақыт Абай мұрасын Алтай мен Қобда бетіне алғаш таныстырушы тұлға. Ұлы ақынның ұлы шәкірті Ақыт Үлімжіұлы Абай шығармаларының тек тасымалдаушысы ғана емес, сонымен бірге, жаңғырта жырлаушысына да айналған кесек тұлға. Ақыт қаламынан туған 55 өлеңнен құралған «Дəлаилүл-ғақлия» осының нақты айғағы.
Абай шығармаларының шархы іспеттес болған «Дəлаилүл-ғақлия» өлеңіндегі діни-философиялық ойлар мен діни ұстанымдар әлі көп ізденісті қажет етері сөзсіз.
Махмет Мұратхан
Нұр-Мұбарак Египет ислам
мәдениеті университеті
Пайдаланылған әдебиеттер
- Ғ. Ақытұлы. «Ақыт Үлімжіұлы» атты «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» ұласпалы жинаққа енген еңбек: Алматы: «Мұсылман баспа үйі», 2008ж., -144 бет.
- А. Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы: екі томдық. – Кония, 2011. Т-1. – 652 бет.
- Қ. Сейтұлы, Е. Нұрманбетұлы. Аллаға иман. – Алматы, 2017ж., – 120 бет.
- Д. Сейфуллин. Көркем мінез: – Алматы, Мұнара баспасы, 2018. – 408 бет.
- А. Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы: екі томдық. – Күйтің, 1999. Т-2. – 685 бет.