Сұрақ: Қалада тұратын ағам ағайындармен қарым-қатынасын үзді. Бұған не айтуға болады?
Жауап: Қалалық пен ауылда тұратын екі адамның мінезі, дүниетанымы екі түрлі десек қателеспейтін шығармыз. Айырмашылық қатты болмаса да бар. Ауылдағы адам жайдарлы, дархан мінезді, кеңпейілді, қонақжайлы болса, қаланың адамы асығыс, қонақты күткеннен гөрі демалғанды құп көреді, үнемі уақыт жетпей жатады, бір нәрсемен машғұл, жоспарлы сол сияқты т.б.
Қалалық адамды айыптауға болмас, ол адам аптаның алты күнінде жұмыс жасап, бір күнін өзіне, отбасына арнағысы келетін шығар. Сөйтіп, он екі айда бір келетін кезекті демалыс айын асыға күтеді. Дегенмен әрине «ағайын-туыс бір өліде, бір тіріде» деп бекер айтылмаған. Ағайын керек, туыстық қатынас қажет.
Дініміз қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатыныстың тұрақты әрі сенімді болуына қатты көңіл бөледі. Оның ішінде туыстық байланыстың орны ерекше. Алла тағала Құранда былай деп бұйырады:
«Ей, адам баласы! Сендерді бір адамнан жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (алшақтаудан) сақтаныңдар» (Ниса, 1).
Әнас ибн Мәлик (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Кім өз ризығының мол және өткен (кемшіліктерінің) ұмыт болғанын қаласа, онда туыстық қатынасты жалғастырсын», – деді» деген хадисті риуаят етеді (Бұхари, Мүслим). Хадисте айтылғандай туыспен жақсы қатынас құрып, ризығын молайтқысы келмейтін адам бар ма, әрине, жоқ.
Бұған қоса, мұсылман әлеміне әйгілі Хасан әл-Басри: «Егер адамдар білімге бас ұрып, бірақ амал қылмаса және туыстық қатынасты қойып, тек сөз жүзінде дос болса, онда Алла оларға лағынет айтады. Оларды саңырау қылады, көздері көрмейтін болады», – деп туыстық қатынастың маңызын көрсетеді.
Сондықтан да қанша жерден қолымыз тимей, жұмысымыз қайнап жатса да бір аз уақыт бөліп, ұялы телефонмен болса да ата-анаға, ағайын-туысқа бір қоңырау шалып, жағдайларын біліп қою қажет-ақ. Соғұрлым біреу шылым шегеді, біреу желіде отырады. Одан да сол уақытты ағайын-туыспен байланысып өзімізге һәм ақыретімізге пайдалы етейік.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Көп-көп рахмет сіздерге, мақала қатты ұнады