Адам пенде болған соң, өкпелемей тұра алмасы анық. Бұл жағдай әсіресе, ағайын-туыстың арасында жие болады. Той-думанын жасап, жоқ-жетімін атқарып жатқан шаңыраққа шет-шеттен, алыс-жақыннан ағайын-туыс келеді. Бірі күліп жатса, екіншісі өкпелеп отырады. Алайда, кекті айтпағанда өкпелеудің де шегі мен орны бар екен. Шариғат мұны да айтып көрсетеді.
Исламда туыспен қатынасты үзу былай тұрсын, шариғат жай екі мұсылманның бір-бірімен қатынасын үзбеуге шақырады. Әбу Аюб (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбар (с.ғ.с.):
«Мұсылман өз бауырымен кездескенде бірі-бірінен теріс бұрылып арақатынасын үзуі үш күннен аспауы артуына рұқсат етілмейді. Ал бұл екеуінің жақсысы – (екіншісіне) бұрын сәлем бергені» (Бұхари, Мүслим).
Ал енді Әбу Дәуіттің «Сунан» атты кітабында Әбу Харраш әс-Суләми (р.а.) келтірген хадисте пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген:
«Кім туысымен алты күн қатыспаса, оның қанын төккенмен тең».
Имам Ахмад бұл хадиске мынадай түсініктеме берген екен:
«Егер мұсылман бір кісімен арақатынасын дін үшін үзген болса, онда бұл жағдайды үш күннен артық созуға рұқсат». Ғалым өзінің бұл пікіріне дәлел ретінде Тәбук жорығыдағы мына жағдайды алға тартады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде Тәбук соғысына қатыстпай Мәдинада бірнеше адамдар қалып қойған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) олардың арасынан сабақ болуы үшін және олардың екі жүзділікке ұрынуынан қауіптеніп, барлық мұсылмандарға үш адаммен сөйлеспеуге бұйырады.
Бұл оқиға Кағб ибн Мәлик, Һиләл ибн Умәйиа және Мурара ибн Рабиғ туралы еді. Олар ешбір себепсіз Тәбук жорығына қатыспады. Бірақ, бұлар жорыққа үзірсіз қатыспай қалып қойған басқалар сияқты жалған сөйлемей, өздерінің үзірсіз қалып қойғандарын мойындады. Алланың әлшісі (с.ғ.с.) жорыққа шықпай Мәдинада қалып қойғандардың түсініктемелерін тыңдап, мұсылмандарға осы үш сахабамен сөйлеспеуді бұйырды.
Арада елу күн өткенде «Тәуба» сүресінің 118-аяты түсірілді. Мұнда Алла тағала пайғамбарға (с.ғ.с.) бұлардың тәубесін қабыл еткенін хабарлаған еді.
Сонымен ислам ағайындық кекшілдікке тиым салып, егер бауырластық өкпе болса, онда өкпенің тарқауына белгілі уақыт береді.
Бір күні Әбу Һурайра (р.а.) Алланың елшісі (с.ғ.с.) туралы әңгіме айтып отырып:
– Біздің арамызда жүріп, ағайын-туысымен қатынасын үзген адам орнынан тұрсын. Оның жағдайы қиын – дейді.
Әбу Һурайраның әңгімесін тыңдап отырған бір топ адамның арасынан ең шетте отырған бір жігіт орнынан тұрып, апасының үйіне беттейді. Себебі ол апасымен ренжісіп, онымен бірнеше жылдар бойы қатынаспайтын еді. Үйіне татуласу үшін інісінің келгенін көрген апасы таң қалып:
– Інім саған не болды. Қалай келіп қалдың? – деп сұрайды.
Жігіт:
– Мен, пайғамбардың (с.ғ.с.) жолдасы Әбу Һурайраның әңгімелерін есту үшін отырған едім, бір кезде ол: «Туысымен қатынасын үзген адам біздің қасымызда отырмасын! Оның жағдайы қиын», – деп айтты. Сосын мен орнымнан тұрып, сенімен татуласу үшін келдім – деп келген жағдайын түсіндіреді.
Апасы оған:
– Сен Әбу Һурайраға барып, неге бұлай айтқанының себебін білгейсің – деп оны қайта артқа жібереді.
Әлгі жігіт қайтып Әбу Һурайға барады. Онымен апасының арасында болған бұрыңғы ренжіскен жағдайын, сосын қайта татуласқанын айтады. Кейін Әбу Һурайрадан:
– Сіз не үшін ағайынымен қатынасын үзген адам арамызда отырмасын дедіңіз? – деп сұрайды.
Сонда Әбу Һурайра:
– Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Егер қауымның ішінде туысымен мейірімдік қатынасын үзген бір адам бар болса, онда сол қауымға Алланың мейірімі жаумайды», – деп айтқанын естіген едім дейді (Асбаһани, Табарани).
Сонда қоғамда туыспен қарым-қатынасын үзген бір адам болғанның өзінде Алла тағала сол қауымға мейірімін төкпейтін болса, онда қатыгездік пен мейірімсіздік кең тараған мына заманда Алланың мейіріміне бөлену тіпті оңай болмаса керек. Алла тағаланың мейірімі жауғанда аспаннан қар немесе жауынның жауғаны сияқты көрінбесі анық, бірақ, қоғам ішінде адамдардың мейірімі мен бір-біріне жанашырлық қасиетінің сиректеуі осының белгісі шығар. Адамның бойындағы мейірім мен махаббаттың азаюы, Алланың сол қауымға Өз мейірімін бермеуі болар.
Рамазан айы – Құран түскен мейірім айы. Олай болса бұл айда Алланың мейіріміне бөленуіміз үшін ағайын-туысқа қатысты болған өкпемізді өшіріп, туыстық қатынасты қайта жаңғырту үшін оларға жүзімізді бұрайық.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Дінтанушы