Түркістанда орналасқан Ахмет Ясауи университетінде түркі әлемінің 17 елінен және 30-ға жуық ұлт пен ұлыстан 10 мыңға жуық студент оқып жатыр. Солардың бірі – түркиялық Кадрие Ышыклы, деп хабарлайды Zakon.kz.
69 жастағы әйел шекара асып, қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген.
Кадрие Ышыклы – Түркия азаматы, Стамбул қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Қазір Ахмет Ясауи университетінің Дайындық орталығының тыңдаушысы. Ол – университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.
Түркиялық студент Түркістанға келіп білім алуына түркі елдерінің тілі және мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға деген қызығушылығы себеп болғанын айтады. Кадрие ханымның Қазақстанға келгеніне бір жарым ай болса да, қазақ тілін жеткілікті деңгейде түсінетін хәлге жеткен.
“Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Осында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысып, содан кейін өзге де бауырлас елдерге барғым келеді”, – дейді ол.
Кадрие Ышыклы бұған дейін Түркияда “Туризм” мамандығы бойынша жоғары оқу орынын тәмамдап, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттаған. Ендігі мақсаты – Орта Азия елдерімен танысу. Сондықтан Ахмет Ясауи университетінде де “Туризм” мамандығы бойынша білімін жалғастырмақ.
Айта кетейік, Кадрие Ышыклы білім алып жүрген Дайындық орталығында университеттің ішкі грантына (квота) ие болған түркі әлемінен келген білім алушылар оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Биылғы оқу жылында орталық ұстаздары 200-ден астам тыңдаушыға сабақ беріп жүр. Дайындық орталығын сәтті аяқтаған білімгерлер әрі қарай өзі таңдаған мамандығы бойынша университетте білімін жалғастырады.
Дайындық орталығының ұжымы жасы үлкен студент келетінін алғаш естіген кезде таңырқап, абдырап қалғандарын жасырмайды. Алайда, Кадрие Ышыклы Қазақстанға келген бойда барлығымен оңай тіл табысып, ортаға тез қалыптасқан.
Орталық оқытушылары оның білімге ашық, қазақ тіліне қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.