Ресейдегі “Пятница” телеарнасының жүргізушісі Дмитрий Комаров Пәкістандағы елден ерекше отбасында болып, отағасынан сұхбат алып қайтты. Бұл жанұяда 53 бала тәрбиеленіп жатыр және бәрінің әкесі бір.
Үш әйелі бар Мұхаммед телеарнаға осынша үлкен отбасыны бағып-қағу, бала тәрбиесі жайлы сырымен бөлісті.
“Сіздің бұл дүниеде ең қатты жақсы көретініңіз – балалар шығар?” – деген жүргізушінің сұрағына ол: “Әрине, солай. Мен 100 ұл-қызым болса деп армандаймын. Оған әл-ауқатым жетеді, өйткені мұсылман үшін ұстанатын бағдар – Құран мен сүннетке сай өмір сүріп жатырмын”, – деп жауап берді.
Мұхаммед балаларын қалай тәрбиелейтіні жайлы айтып берді. Қазіргі күні үйінде 2 компьютер бар. Тек үлкен балаларына ғана компьютерді пайдалануға рұқсат етеді. Одан бөлек, 53 балаға ортақ 3 телефон бар, мектепке, колледжге, университетке барғанда балалар сол телефондарды кезектесіп ұстайды.
Отағасы осындай үлкен отбасыны қалай асырап отырғандығын, атап айтқанда, өзі күні-түні талмай еңбек ететінін және отбасына азық-түлікті жүк көлігімен таситынын жеткізді.
“Осынша қажыр-қайратты қайдан аласыз?” – деген сұраққа ол намаз оған күш-қуат беретінін айтады. “Өз қолымнан келгеннің бәрін жасаймын, қалғаны Алланың қалауында. Құдайға сенгендіктен, балаларымның болашағын уайымдап, қорықпаймын”, – дейді ол.
“Ең бастысы, оларды Ислам рухымен тәрбиелеп жатырмын”, – деп сөзін тәмамдады.