Өзбекстанда 2017-2020 жылдары 308 мешіт пен 386 дәрет алу бөлмесі жөнделді. Бұл туралы “Ислом нури” газетіне берген сұхбатында Өзбекстан мұсылмандары басқармасы мешіт бөлімінің меңгерушісі Мухаммадназар домла Қаюмов айтты.
Оның айтуынша, елде 48 жаңа мешіт ашылған. “Олардың арасында Термездегі Хакім Термизи, Ташкенттегі Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф, Бұхара облысының Қарауылбазар ауданындағы Абдулла ибн Мүбарак сияқты ұлы ғалымдардың құрметіне аталған кешендер бар. Қазіргі уақытта 218 мешіт жаңа жоба бойынша қайта жаңғыртылуда. Айта кету керек, мешіттерді абаттандыру мен қалпына келтіру біздің еңбекқор халқымыздың жомарттығы мен қолдауымен жүзеге асырылады”, – деді Қаюмов.
Оның пікірінше, соңғы жылдары елде тарихи орындарды абаттандыру, зиярат етушілер үшін қажетті жағдай жасау арқылы мұсылман туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
“Осы мақсатта негізгі жолдар бойындағы мешіттер мен туристік нысандарды абаттандыру мен жаңадан салуға назар аударылып жатыр. Қазіргі уақытта еліміздің негізгі жолдарының бойындағы 26 мешіт жаңа жоба бойынша қайта жаңғыртылуда. Сондай-ақ мешіттердің атауы мен негізгі жолға дейінгі қашықтығы көрсетілген арнайы көрсеткіштер орнатылды. Сәулет, қала құрылысы тұрғысынан жаңа мешіттер қаланың көркін, құрылымын мүлдем бұзбайды.
Мысалы, Ташкент пен Наманган облысында құрылысы жүріп жатқан екі мешіт жоғары технологиялық стильде салынуда. Бұл мешіттер шетелдік және жергілікті зиярат етушілердің назарын аударатын орын болады”, – деп сөзін түйіндеді УМУ мешіттер бөлімінің меңгерушісі.