Сұрақ: Дінді саясиландыру қауіпті ме?
Жауап: Ислам – халықтың рухани өмірінен орын тапқан бейбіт дін. Оның тірегі – бес парызы мен иман шарттары. Сондай-ақ, білім, әдеп, халал мен харам, т.б. сынды дүниелерді де қамтиды.
Қазіргі таңда сала мамандары діндерді зерделей келе, дінді саясиландыру қауіпті құбылыс деп бағалаған. Тәжірибеде дінді саяси мақсатта қолданғысы келген радикалды діни топтар «ислам мемлекеті», «халифат», «залым патша» сынды уәждерімен қоғамның тұрақтылығына нұқсан келтіріп, мемлекеттің тәуелсіздігін жоюға дейін барған. Сонымен, дінді саясатқа араластырғанда қоғам бүлінеді, дін таза рухани мәнінен айырылады, радикалды көзқарастағы діни ағымдар күшейеді, билікті «тағұтпен» сынап, төңкеруге әрекет етеді, халықты кәпір, пасық, мұнафиқ деп дін негізінде бөлшектейді. Мұндай көзқараста болу фундаментализмге соқтырады.
Дәстүрлі Исламның қағидаларында асыра діншілдікке бой алдыруға және саясиландыруға жол берілмейді. Демек, ең дұрыс жол – діннің рухани рөлін сақтап, дінді саясиландыру арқылы теріс мақсатта пайдалануына жол бермеу.
Икрам АЙТАЕВ









