Депутат Ермұрат Бәпи бүгін Мәжіліс отырысында Бас прокурор Берік Асыловқа діни ағымдардың қоғамға тигізіп жатқан зияны туралы депутаттық сауал жолдады.
«Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде. Соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болдық. Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір “имам-сымақ” үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне “сыйға тартқанын” жайбарақат жария етті.
Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!» деді ол.
Сондай-ақ депутат Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағын да сынға алды.
«Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды!
Бірақ, құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын дғпутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын», деді депутат.
«









