ҚМДБ Атырау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Атырау облысы әкімдігінің мәжіліс залында «Дәстүрлі діни таным және ұлттық құндылықтар» тақырыбында аймақтық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы, имамдар, теолог-дінтанушылар, студенттер мен сала мамандары қатысып, қоғамдағы діни ахуал, дәстүрлі құндылықтарды сақтау және жат ағымдардың алдын алу мәселелерін талқылады.
Шараны ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Данияр Айтбайұлы жүргізді. Алғы сөзінде Кенжетай Байкемелұлы дәстүрлі діни танымды сақтау қоғам тұрақтылығы мен бірлігінің негізі екенін атап өтіп, ислам мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығына тоқталды. Сондай-ақ жастарға дұрыс бағыт беру, діни сауаттылықты арттыру және жат ағымдардың алдын алу қажеттігін жеткізді.
Жиында облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев өңірдегі діни ахуал туралы баяндаса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бекежан Қадырханұлы «Қазақ философиясындағы дін мен ұлттық құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады. Университеттің аға оқытушысы Ернар Абзалов «Қазақ даласындағы ислам» тақырыбын қозғап, дін мен дәстүр сабақтастығын атап өтті.
Сондай-ақ Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жамағатты бірлікке және дәстүрлі құндылықтарды берік ұстануға шақырды.
Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді.









