Сұрақ: Ұлттық құндылықтар жат діни идеологияларға қарсы иммунитет бола ала ма?
Жауап: Әрине! Әр қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ол ғасырлар бойы қалыптасып отыратын мемлекеттің мүддесімен, ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен тығыз байланысты. Қоғамның ерекшеліктерін айқындап отыратын – ұлттық құндылықтар. Ол болмаса, мәдениет, дін мен дәстүр, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды.
Ұлттық құндылықтардың қатарына дүниетаным, ана тілі, ұлттың ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, ұлттық өнер түрлері, атамекен, осы атамекенде жер рухын негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім, ғылым жатады.
Халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениеті Исламмен өте тығыз байланыста. Дін мен дәстүр сабақтасып, еш уақытта ұлттық танымымызға қарама-қайшы болмаған. Қоғамда әртүрлі, ұлттық құндылықтар мен мәдениетімізге жат болып табылатын кереғар діни ағымдар кездеседі. Солардың ішінде қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мәдениетін «Исламға қайшы» деген қате түсініктегілері де бар.
Жат ағымның жетегінде жүрген бауырларымыз өздері ғана жат ағымға еріп қана қоймай өзге жастарды да әртүрлі іс-әрекеттермен өз қатарларына қосуы мүмкін. Ондай жат діни ағымдардан сақ болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында ұлттық құндылықтар қалыптасса, жат идеологияларға төтеп бере алады екен.
Икрам АЙТАЕВ











