Кез келген дін, ұстаным мен көзқарас, таңдаған бағыт-бағдарың, жүрер жолың екені даусыз. Әркім өз сенімін тура жол деп қарайды. Алайда кейбір наным-сенім жолдары өзгелерге, тіпті тұтастай қоғамға, адамзатқа қауіпті болуы да мүмкін. Бірақ, сол топқа ерген адам «мен тұманды жолға бара жатырмын», «алдым жар, артым соқпақ» деп ойлай алмайды. Мұндай адасушылыққа алып баратын сенімдерді бүгінде дәстүрлі дінімізден бөлек, жат ағым деп қабылдаймыз.
Енді сол жат ағым өкілдерін жинақтап, соларға ұдайы үгіт-насихат жүргізіп, қанша шығындалып жүргендерге не пайда деп ойлаймыз ғой. Сөйтсек, мұның артында діннің өркендеуін тілеу емес, дін арқылы адамды қараңғылыққа қамап, сол қараңғы тұмандағылар арқылы от көсемек болғандардың пиғылы жатыр екен. Яғни, дін жолында адасқан әсері арқылы өз дегенін болдырғысы келетін бұл қандайда бір мысықтілеу пысықайлардың ісі. Ал, сол ағымға ергендер олар үшін құнсыз әскер болса, ел үшін шіріген жұмыртқадан да жаман, іштен шыққан жау.
Жат ағымдар – дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтарға қайшы келетін, сырттан келген идеологияларға негізделген топтар. Олар көбінесе өздерін «тура жолдағымыз» деп көрсетіп, адамдарды өз қатарына тартуға тырысады. Олар Зомби секілді қолжаулық саясатқа ергендер десек те болады. Болмаса өз еліне, дәстүрлі дініне, салт пен санасына еш дәлелсіз қарсы шыға ма? Ақыл мен парасатқа құлағын бітеп, бір жақты ғана насихат тыңдар ма?
Жат ағым өкілдерін жинаудың өзі үлкен жұмыс. Ол үшін көп уақыт, бірнеше кітап, тоқтаусыз ізденіс керек. Яғни, олардың мақсаттары қысқа мерзімді және ұзақ мерсізді болып бөлінеді.
Қысқа мерзімдісі: Адамдарды өз ықпалына толық бағындыру. Олар адамның ойлау қабілетін шектеп, тек өз жетекшілерінің айтқанын дұрыс деп қабылдатуға тырысады.
Қоғамнан оқшаулау. Мұндай топтар өз мүшелерін отбасыдан, достарынан, жалпы қоғамнан алыстатуға ұмтылады. Бұл – адамды толық бақылауда ұстаудың бір тәсілі.
Қаржылық пайда табу. Көп жағдайда олар мүшелерінен түрлі сылтаумен ақша жинайды немесе тегін еңбек күшін пайдаланады. Идеологиялық ықпал жүргізу. Кейбір ағымдар қоғамда тұрақсыздық туғызуды немесе белгілі бір саяси-діни мақсаттарды жүзеге асыруды көздейді.
Ал, ұзақ мерзімге, осындай топтарды жасақтап алған соң, өз әскерлері бар мемлекеттерді бопсалау жатады. Ол үшін әлгі белгісіз топтар мемлекеттен өз қалағанын сұрайды, егер мемлекет оларға талап еткенін бермесе, әлгі өз ағымына ергендерді оятып жібереді. Ал, олар дінім үшін деген жалған ұранмен өзгенің құлына айналып құрбан болғанын білмей қалады. Міне, жат ағым жасаушылардың мақсаты осы ғана. Сондықтан ғұннан қалған ғұрпыңды, сақтан қалған салтыңды дәріптеп, ұлттық болмысыңды бағып, дәстүрлі ислам ізімен жүре бер.
Сәкен АЛДАШБАЕВ,
Қызылорда










