Қазақ халқының бұрынғы замандардағы әскери өнері қазіргі таңда толыққанды зерттеле қойған жоқ. Кеңес заманында осы тақырып бойынша зерттеулер болмады десек те болады. Жалпы айтқанда қазақ тарихын зерттеп, зерделеу үшін кеңес уақытындағы тарихшыларда қазіргідей қолайлы жағдай болмады. Себебі анық: кеңестік идеология мен жүргізілген саясаты бұратана халықтардың тарихына қарсы жұмыс істеді.
Кейбір тарихи жайлар бұрмаланып, өзгеріске ұшырады тіпті мүлде жойылып, өшіріліп тарих сахнасынан мәңгілікке алынып тасталды. Оның ішінде қазақ халқы да бар еді. «Қазақтарда әскери өнер болмады, қару жарақтары бір келкі, атпен шауып жүре берді, варварлық деңгейде ұйымдастырылды», т.с.с. пікірлер мен көзқарастарды кеңестік идеология қалыптастырып берді.
Қазақ халқының тарих ғылымы тәуелсіздік жылдары жаңа деңгейге өтті. Енді тарихымызды түгендеп, жабық болған, цензураға ұшыраған, бұрын-сонды зерттелмеген тақырыптар, жалпы айтқанда тарихымызды қайтадан жазу бірте-бірте қарқын алды. Осы тақырып бойынша Айболат Көшкімбаевтың 2001 жылы жарық көрген «Военное дело казахов в XVII-XVIII веках» атты еңбегі тарихымызға жаңа дем берді. Бұл еңбек тарихымызды жаңа қырынан көрсетті, кеңес уақытында қалыптасқан жансақ пікірлерге жауабын берді. Осылайша Қазақстанның тарих ғылым саласында ерекше орын алған бұл еңбекті кішігірім талдап өтеміз.
А.Көшкімбаев оны 3 негізгі тарауға бөліп қарастырады. Біріншісі: көшпенділердің әскери ісі генезисінің мәселелері. Екіншісі: қазақтардың кешенді қару жарақтарының пайда болуы және таралуы. Үшіншісі: әскери ұйымдастырылуы, көшпелі қазақтардың әскери тактикасы және XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ-жоңғар қақтығыстары.
Бірінші тарауда Көшкімбаев көшпенділердің әскери істері мен өнерінің негізі аң аулада жатқанын айтады. Аң аулау тек өмір салты мен шаруашылық көзі ғана емес, әскери дайындықты шындайтын бір ауқымды ұйымдастырылған іс-шара ретінде қолданылған.
Аң аулаудың маңызы өте зор. Өйткені бейбіт уақытта әскер мен халықты кез келген жағдайға дайын әрі бейімді етеді. Әскерге енді алынайын деп тұрған жас жігіттер үшін де өте маңызды. Себебі аң аулау жүйелі түрде әскери нышандарға ұқсап ұйымдастырылады. Көшкімбаев ежелгі ғұндардың, түркі мемлекеттерінің, Шыңғыс хан империясының және қазақ хандығында қолданылған ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық (түмен) жүйе дәл осы аң аулау өнерінде де қолданылғанын көрсетеді.
Еңбекте аң аулау Моңғол империясының мемлекеттік жүйесіне енгізілгені келтіріледі. Тіпті Құбылай хан аңшылықты ұйымдастыратын арнайы ит қараушыларын тағайындағаны туралы, олардың маңызды рөл атқарғаны, ауқымды аңшылық ұлттық кәсіп деңгейіне көтерілгені туралы айтылады. Көшпенділерде аң аулау үш түрге бөлінеді: шағын, орташа және ауқымды. Шағын түрі он адам, орташа жүз адам ал ауқымды мың адамнан жоғары болып табылады. Әр қатысушының атқарар қызметі және берілетін атақтары болады. Аңшылықты әскери өнерге ұқсастыратын бір маңызды жері: жасақтардың орналасуы мен айла-тәсілдері. Қалың қолды он қанат, сол қанат және орталыққа бөліп орнықтырады. Жасақ басшысы көбіне ортасында тұрып жағдайды бақылап, басқарып тұрады. Аңшылық жасайтын жердің аумағы аңшылықтың түріне байланысты. Егер әскери жорық алыс қашықтыққа ұйымдастырылса жолай аң аулап барады. Өйткені сарбаздар жолай дайындалып алады және алдағы уақытқа азық-түлік қорын толықтырып алады.
Қазақтың сөздігінде, мақал мен өлең жырларында «бес қару» деген сөзді жиі байқаймыз. Олар садақ пен жебе, қылыш, найза, айбалта және күрзі. Ол текке айтылмаған сөз. Көшкімбаев бұл еңбекте қару-жарақты бірнеше түрге бөліп қарастырады. Алыс қашықтыққа арналған, жақын ұрыс қару түрлері және отты қару, қорғаныс сауыт және әскери жабдық. Бұларды жекелеп қарастырып, әрқайсысының атқарар рөлі мен маңызын қарастырамыз.
Алдымен алыс қашықтыққа қолданатын қару түрлерінен бастасақ. Аталған қару түрлеріне аты айтып тұрғандай садақ пен жебе жатады. Бұлар қазақ жерінде сақ, сармат тайпаларына дейін пайда болды. Еуразия кеңістігінде
(б.з.д 15-11 ғ) қола дәуірінде пайда болғанын көреміз. Бұған тайпалар арасындағы жағдайдың ушығып, қару өндірісі артқаны себеп.
Садақ көшпелі халықтардың, атап айтқанда, сақ, сармат, ғұн, түркі мемлекеттері мен қазақ халқының негізгі қаруларының біріне айналды. 15-17 ғасырлардағы парсы, түрік жазбаларында Орта Азия мен Қазақстан аумағында садақ пен жебе және садақшы жасақтардың болғаны көрсетіледі. Халық шығармаларында батырлардың садақ пайдаланғаны туралы айтылады.
С. Гербштайнның қазаққа ең жақын халықтың бірі ноғайлар екендігі туралы былай дейді: «Олардың қаруы – садақ пен жебе, қылыш оларда сирек» деп көргенін жазған екен. Белгілі пішіні туралы ештене айта алмаймыз, бірақ ағылшындық суретші Д.Ж. Кэстли суретінен біршама үлкендеу болғанын көреміз (120-130 см.)
Қазақтың садағы түркі-моңғол құрылымына тән күрделі түрге жатады. Батырлар жырларында «қарағай садақ» және «бұлғарды садақ» түрлері кездеседі. Жалпы садақтардың ұзындықтары 70-120 см аралығында құрайды. Осыған сай жебенің де ұзындығы 70 см ден жоғары болуы тиіс. Санкт-Петербор мұражайында 60-77 см болатын жебелер сақтаулы. Қазақ даласына жекелеген шеберлерден бөлек көршілерінен Бұхара «Орта Азия тұрғындарынан», башқұрттардан, моңғолдар мен т.б халықтардан алдырып отырған.
Жебе жасалуы мен қолдануына қарай әркелкі болып келеді. Ұшын сүйек пен темірден жасаса, негізгі бөлігін түрлі ағаштардан алады. Ауада қалыпты ұшуы үшін аяқ жағына құстардың қауырсынын бекітеді. Тасымалдауға әрі қозғалуға ыңғайлы болу үшін теріден тігілген қорамсапқа салынады.
Жақын ұрыс қару түрлері және отты қару әр алуандығымен ерекше боп келеді. Садақ пен жебеден кейінгі ең көп таралған қару – найза мен сүңгі. Бізге найзаның «томағалы ақ найза, емен сапты найза, алты құлаш ақ найза» секілді 13 түрі, ал сүнгінің 5 түрі белгілі. Тізім осымен бітпегені, бұдан да көп екені белгілі.
Найзаның екі түрі бар: ұзын сапты және қысқа сапты. Ш. Уәлиханов айтуынша, 19 ғасырдың бірінші жартысында найзаның орташа ұзындығы 150-195 см құраған. Ұшы металлдан, әр келкі пішінде жасалып, ағашқа кигізіледі де, артқы жағы үшкірленіп жонылады, не болмаса доғал кейіпке келтіріледі. Кенесары сарбаздары сүңгінің ұшын жауға тіке қаратып, өздері шама келгенше жылқының мойынына иіліп жатуға тырысқан. Осылай қалың қол сап түзеп, шабуылға шыққан.
Жалпы қазақ сарбаздарының қару жиынтығында кең таралғаны – ұрып-соғу қару түрлері. Оның ішіне шоқпар, күрзі, қамшы, қылыш, семсер, балта кіреді. Осылардың барлығы сырт көзге әртүрлі қару болып көрінгенімен, бір қару бөліміне жатады. Шоқпар мен күрзі бірдей болып көрінгенімен, екі түрлі қару. Күрзінің сабы ағаш пен темірден жасала береді де, басы тек темірден жасалады. Ал шоқпар толығымен ағаштан құралады.
Шоқпар мен күрзінің қазақта бірнеше атауы бар. Олар «отыз батпан күрзі, алмас күрзі, ағаш шоқпар, тас шоқпар, қол шоқпар, тас жарған» сынды атаулары бар. Пішіндері жасалуы мен қолдануына байланысты өзгеріп отырады. Бұлар жасалуы қарапайым және кең тарағандықтан қолданыста көптеп пайдаланылды.
Қамшы болса өз кезегінде жалпы көшпенділер өмірінен өз орнын ойып тұрып алды. Қамшы үш бөліктен тұрады. Олар сап, өрім және алақан. Сап 35-40 см, ал диаметрі 1-2 см болады. Алақан бөлігі сапты өрім мен біріктіріп тұратын бөлігі. Қамшы қолы епті адамның қолында өте қауіпті қаруға айналады.
Балта болса жақын ұрыста жаудың қалқандары мен қалың сауыттарына қарсы таптырмайтын қару. Қазақта балта атаулары көп. Мәселен «ақ балта, ай балта, ала балта, қара балта, тарақ балта» және т.б. Бұл балталарды қолданысы мен маңызына байланысты пайдаланды және кейбір батырлардың сүйікті қару түріне айналды.
Қылыш пен семсер ежелден көшпенді тайпалардың негізгі қаруларының бірі болды. Қазақ даласында бұл қару түрі сақ және сармат кезеңдерінен бар екендігі белгелі. Қазақта ақ семсер, көк семсер, алдаспан деген атаулары белгілі. Қазақтардың семсерлері көбіне тіке келген, екі жүзді болып табылады. Қоян-қолтық ұрыста көп қолданылатын. Жиі бұл қару түрлерін сырт жақтан әкелетін. Көбіне Парсы және Орта Азиялық қару шеберлерінің туындылары жоғары сұраныста еді. Осыған тағы бір қару түрі пышақтар мен қанжарлар, олардың бірнеше түрлері бар. Мысалы «бұйда, пышақ, кездік, сапы, қанжар» бұлардың атаулары бөлек болғаны мен қолданылулары ұқсас боп келеді. Бұлар теріден жасалған қынабына салынып, белдікке бекітіліп тұрады.
Жақын ұрыс қару түрлерін қорытындылай отырып, Көшкімбаев мынадай пікір білдіреді: Оларды қолданысы мен маңызына қарай топқа бөліп көрсетеді: 1) Орта қашықтық қару: найза мен сүңгіні жатқызады. 2) Соққы жасайтын қару: шоқпар мен күрзі кіреді. 3) Соққы мен шабатындар: балта түрлері жатады. 4) шабушы-шаншушы қару. Бұл жаққа қылыш пен семсерді жатқызса, қамшы мен сойылды жеке бөлек қару түріне, нақтылап айтсақ жартылай қолданатындардың қатарына жатқызады.
Автор бұл бөлім ішіне отты қаруларды да қосады. Ол әрине мылтық. Әлем тарихында мылтық 15-16 ғасырларда пайда болды. Отты қарудың пайда болуымен көшпенділердің әлемнің тарих сахнасында рөлі әлсірей бастады. Көшкімбаев «Хафиз и Таныш» еңбегіне сүйене отырып, 16 ғасырда қазақ жерінде мылтықтың болғанын көрсетеді. Қазақтарда мылтықтың бірнеше атауы бар, олар «алты қырлы ақ мылтық, ақ берен мылтық, қара мылтық, күмісті мылтық, білтелі мылтық, орама мылтық» және т.б атаулары бар. Көп жағдайда мылтықтарды шет жақтан алдыртып отырды. Кейін уақыт өте келе мылтық жасайтын жекелеген шеберлер аздап шыға бастады.
Қазақ халқының қорғаныс сауыттары өз алдына бір өнер. Жалпы айтқанда қазақ халқының қорғаныс сауыттары басқа да көшпенді халықтардың сауыттарынан қатты айырмашылығы жоқ. Қазақта біршама сауыт түрлері бар, олар «кіреуке, көбе сауыт, зере сауыт, бадана» және т.б. сауыт түрлері. Олардың жасалуы мен қолданысына қарай әртүрлі материалдардан жасайды. Көбіне тері мен темірді пайдаланады. Қорғанысқа өзіндік бір маңызы бар қару түрі – қалқан. Қалқан да сауыт секілді түрлі материалдардан жасалады. Осының бәрі сарбаздың майдан шебінде өмірі мен денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Кітаптың үшінші бөлімінде автор қазақтар ұрыста пайдаланған айла тәсілдері мен әскери жүйені көрсетіп өтеді. Қазақтар жыл сайын жиын өткізеді, үш жүздің өкілдері келіп «мәслихат» ұйымдастырылып, ақылдасады. Ол жерде саяси жағдайлар мен мәселелер талқыланып, шешім қабылданады. Не болмаса елге соғыс қаупі төнсе «кеңес» ұйымдастырылады. Әскери жиын сұлтан, би немесе батыр киіз үйінің жанына руының әскери туын ілумен басталады. Шешім қабылданып болғаннан кейін «аттан» деген ұран тасталады. Көріп тұрғанымыздай бұның бәрі ел мен жерді, мемлекеттілікті сақтау үшін ұйымдастырылады.
«Көшпелі қазақтардың әскери тактикаларының ерекшеліктері» атты тарауда автор өте қызықты ақпараттар береді. Бұл тарауда көшпенділердің және көшпелі қазақ қоғамының әскери ұрыс айла тәсілдері жақсы келтірілген. Мәселен, қазақтардың жорыққа шығуы, географиялық орналасқан аймақтық ерекшеліктері, қалың қолды түрлі дауыс шығаратын аспаптармен: «дауылпаз, әскери барабан» мен басқару, әскерді тынықтыру, үй мен басқада тұрмыстық қажет заттарды тасымалдау және қолдану, тарихи ұрыстар мен соғыс қимылдарын талдап мысал ету деген сынды маңызды әрі қызықты мәліметтер жазылған. Осылайша еңбекте әскери жорық процесі жақсы жеткізілген.
Кітаптың соңғы тарауында қазақ-жоңғар соғысы мен нәтижесі келтірілген. Тарауда ойрат хандығының бірігуі және күшеюі, Цин империясымен қарым қатынасы, Қазақ хандығымен болған саяси, әскери және тарихи мәселелері айқын көрсетілген. Есте бір қалатыны қазақ-жоңғар арасындағы кескілескен қанды шайқастар, қазақ жеріне ұйымдастырылған жойқын жорықтар. Мәселен, 1723 жылы болған «Ақтабан шұбырынды», 1726 жылы Әбілқайыр хан мен Сәмеке сұлтан ұйымдастырған Еділ қалмақтарына қарсы жорық, 1718 жылы Қайып хан мен Ресей ортасындағы жағдай, Ресейдің қазақтар мен жоңғарларға жүргізген саясаты, Цим империясы жоңғар мемлекетін жоюы, 1756 жылы Абылай бастаған қазақтар мен Цин соғысын және т.б. маңызды ақпараттар жетерлік.
Жалпы айтқанда, бұл еңбекті оқып отырып ерекше сезімге бөленесің. Өйткені қазақтың әскери өнерінің тарихы туралы тың ақпараттар жетерлік. Кеңестік және шет елдік ғалымдардың пікіріне қарсы тұратын, жаңсақ пікірлер мен көзқарастарды жоққа шығаратын бірден-бір еңбек. Қазақстанның тарих ғылымында ерекше орын алған бұл еңбекті қазіргі зерттеуші ғалымдар сілтеме жасап, ақпаратына сүйенеді.
Омар ӘБДІҚАЛЫҚОВ,
Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының теологы,
Ақтөбе қаласы










