Сұрақ: Наурыз қандай мереке?
Жауап: Наурыз – ата-бабамыз ғасырлар бойы тойлаған және тәуелсіздік алар тұста қайта жаңғырған ұлттық мереке. Наурыз – парсы тілінен енген «нау» (жаңа), «руз» (күн) деген сөздерден құрылған. Бұл – Шығыс халықтарының жыл басы.
Орта ғасырдағы түркі ғалымдарының еңбектерінде бұрын Наурыз мейрамы қалай тойланғаны туралы деректер келгені, Наурызды бірнеше күн тойлағаны айтылған.
Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Өзбек ұлтында «Сумалак» – наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті азықтық заттан әзірленеді.
Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен ынтымақтың мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. Кейбір асыра діншілдер тарапынан наурыз мерекесі дінге жат, зороастризм мен шаманизмге тән дүние деп айтатындар да бар. Мұндай түсінікте болу діни танымдық адасушылыққа соқтырады.
Наурыз мейрамы салт-дәстүрмен сабақтасып халықтың рухани өмірінен орын тапқан. Демек, наурыз күн мен түн теңесетін, қыстан аман-есен шығып, жаңа жылды қарсы алатын берекелі мейрам екен.
Икрам АЙТАЕВ











